Елден кеткен қазақстандықтар бұрынғы отанын неге жамандайды?

5563

Орыс тілді басылым журналистері не туралы жазды. Inbusiness.kz-тің баспасөзге жасаған апталық шолуы. 

Елден кеткен қазақстандықтар бұрынғы отанын неге жамандайды?

Liter.kz: "Жамбыл облысының тұрғындары құм астында қаламыз ба деп алаңдайды" деп жазады аталмыш басылым. Жамбыл облысындағы ауылдар экологиялық апат алдында тұр, себебі олар құм астында қалатын түрі бар. Басылымның хабарлауынша, жергілікті тұрғындар ауласын қайта-қайта құмнан тазалап тұруға мәжбүр. Құм басу салдарынан жайылым жерлердің көлемі де азайып барады. Ауласын жиі тазалайтындардың бірі Ғалымжан Өтеулиев, оның айтуынша, жыл сайын құмның аумағы жайылып келеді, алдағы уақытта оның үйіне кіруі мүмкін.

Үшарал ауылының экологиялық мәселесі көптен бері көтеріліп келе жатқан мәселе. Осыдан алты жыл бұрын бұл өңірде тазарту жұмыстары жүргізілген. Арнайы сексеуіл және жиде отырғызып, құмды біраз тоқтатқан, алайда бұл шаруа мамандардың айтуынша, ұзаққа бармаған. Мамандар шөлейттену мәселесі барын жасырмады. Олардың пайымдауынша, бұл құбылыс орман алқабының азаюымен және жиі болатын өртпен байланысты болып отыр.

"Құм басу бағыты осы ауыл арқылы өтеді. Ешбір құрылыс жоқ, жазық жер. Сол себептен бұл жерге көшет отырғызу керек, көбірек сексеуіл, жүзгін отырғызу керек. Сонда құм тоқтайды", – дейді Ақкөл орман шарауашылығының инспекторы Сымбат Бейсенов.

Caravan.kz: "Салқын құшақ: неге елден кеткен қазақстандықтар бұрынғы отанын жамандайды" деп жазады газет. Бұл мәселенің анық-қанығын білу үшін басылым тілшілері шетелде жүрген танымал қазақстандықтардың пікірін ортаға салған. Олардың арасында ақын Бақыт Кенжеев, Чехия елінде министр болған Жәмила Стехликова бар.

Басылымның хабарлауынша, әлеуметтік желілердің бірінде бір келіншек: "шекара ашылған сәтте көптеген адам алды-артына қарамай елден кетеді", деп жазған. Сол сәтте оның жазбасы сынға ұшырап, автор өз жазбасын алып тастаған. Қазақ тілін насихаттаушы Қанат Тасыбеков шетелге кетуді армандайтындар, ол елдерге қонақ ретінде ғана барып, шынайы өмірді білмейтіндер дегенді айтады.

"Өзге елде біз әрдайым бөтен боламыз! Әрдайым! Ассимиляцияға тек екінші ұрпақ, яғни эмигранттардың балалары ғана ұшырай алады. Біз қолда барымызды бағалай алмай отырмыз деп ойлаймын. Біздің елдегі өмір сүру деңгейі жоғары деп қорықпай айта аламын", – дейді Қанат Тасыбеков.

30 жыл бұрын елден кеткен чехиялық саясаткер Жәмила Стехликова Еуропа елдерінде бәрі әдемі әрі таза болып көрінгенімен, жағдайы төмен азаматтар да жетерлік дегенді айтып отыр.

"Олар театрға, айлап шаштаразға бармайды. Ертеден кешке дейін жұмыс істеп, әрбір тиынын үнемдейді. Себебі тамаққа, өмір сүруге жетпей қала ма деп алаңдайды", – дейді Жәмила Стехликова.

Сamonitor.kz: "Қордай трагедиясы үшін дүнгендерді жауапты еткісі келетіндер кім?" деп сұрайды басылым. Аталмыш мақалада дүнген қауымдастығы өкілдерінін пікірі келтірілген, алайда басылым өзге де тараптарды тыңдауға дайын екенін жазған.

Аталмыш басылымның хабарлауынша, Жамбыл облысындағы  Қордай ауданында болған оқиғада кейін орын алған мәселе төңірегінде көптеген саясаттанушы, сарапшы, заңгер мен құқыққорғаушы осы газет арқылы өз пікірін білдірген болатын. Олар Қазақстандағы ұлтаралық қарым-қатынас қандай болу керек деген әңгіме төңірігінде сөз қозғаған. Бұл жолы газет тілшілері ақпан айында болған оқиғадан зардап шеккен азаматтардың, яғни дүнген ұлтының өкілдеріне сөз берген.   

Пікірлерін ортаға салған азаматтар өз аты-жөнін айтқысы келмеген. Себебі билік тарапынан, құқыққорғау органдары өкілдері жағынан қысым көреміз деп қорқады.

"Қордай оқиғасынан бері 8 ай өтті. Бұл оқиға тек дүнген диаспорасының ғана емес, өзге де диаспоралардың өмірін екіге – "оқиғаға дейінгі" және "оқиғадан кейінгі" өмір деп екіге бөлді.  Елде бұрын да келіспеушіліктер болатын, алайда ұлтшылдар алғаш рет адам өлтіруге, кінәсі жоқ, өзге ұлт өкілдерін өлтіруге барды.Оларды өлтіру барысында үйлерді, көліктерді өртеп, тонады. Алайда үкіметтік комиссияның шығарған шешімі мен құқыққорғау органдардың тергеу жұмыстары адамдарды одан да қатты шошындырып, наразылық тудырды", – дейді Қордай тұрғындары.

Time.kz: "Алтынемел" ұлттық саябағы аямағындағы ауылда тұратын азаматтарға бұл өңірден әктас шығара бастағаны қиындық тудырып отыр. Себебі осының салдарынан жергілікті халықтың малы қырыла бастаған. Екіншіден көлік жүретін жолдар бүлініп, демалатын ауа ластанған.

Аталмыш мақалада не себептен жергілікті халықтың малы қырылып жатқаны жайында егжей-тегжейлі жазылған. Осының салдарынан жергілікті халықтың 80 бас малы қырылған. Одан өзге жергілікті жерді шаң баса бастаған, сол себептен ауыл тұрғындары экологтарды шақырған, алайда олардың келетін түрі жоқ.

"Ірі инвестициялық жобалар ауыл тұрғындарының әлеуметтік мәселелерін шешуден бұрын олардың өмірін тозаққа айналдыруда. Ал зауыт жетекшілері бұл өндіріс аудан жағдайына қалай әсер еткенін сұрамаған. Қоғамдық тыңдау да өткізбеген, ал заң бойынша өткізуі керек еді", - деп жазады басылым.

Гүлмира Қамзиева


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу