Елімізде 7 мың шақырым жол ақылы болады

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
3194

Алдағы екі жылда құны 1,7 триллион теңгенің  23 жобасы жүзеге асырылады.

Елімізде 7 мың шақырым жол ақылы болады

Мәжілісте өткен үкімет сағаты аясында парламент биліктегі көліктің барлық түрлері бойынша салаларды басқаратын және сол көліктердің жүріс-тұрысын бақылайтын барлық орган басшыларын жинап, үлкен алқа құрды.

Қазақстандық кәсіпкерлерді әсіресе, жүктері тиелген көліктердің дөңгелегін ілгері айналдыра алмай, кеден бекеттерінде қаңтарылып тұрып қалуы қиналтады екен. Бұл туралы депутат Тарас Хитуов айтты.

"Өткен жылдың шілдесінен бастап тауар тиелген үлкен фуралар қазақ-қытай шекарасында, Қорғастағы "Алтынкөл" кедендік бекетінен өте алмай қалды. Оның үстіне жүктерді қазақстандық тарапта тексеру және рәсімдеу мерзімі қытайлық тараппен салыстырғанда әлдеқайда нашар. Тағы да басқа проблемалары бар. Мысалы қандай да бір күдік туындаса, барлық жүк уақытша сақтау қоймасына қойылады. Жүк сол жерде он күнге дейін жатады. Егер күдік расталмай, жалған болып шықса, кәсіпкердің тауардың кешігуі кесірінен келген шығынын және экспедиторларға төлейтін қосымша төлемін ешкім өтемейді", – деген депутат ел үкіметіне бизнесмендердің кедендік шекараны кедергісіз кесіп өтуіне жағдай жасауды ұсынды.

Бұған жауап берген қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Арғын Қыпшақов жүк ағынын арттырудың басты шартын орындау үшін жүк көліктерінің Қазақстан аумағы бойынша еркін өтуіне жағдай жасалып жатқанын алға тартты.

"Қазіргі кезде үкіметтік комиссия құрылған. Осы айтылған мәселелерді де сол комиссия қарауда. Оның мүшелері бұған дейін барлық кеден бекеттерін аралап шықты. Соның барысында тіркелген барлық кемшіліктерді жою бағытында шаралар қабылданады. Жүк тасымалдаушылардың алдынан тұратын әкімшілік кедергілерді жою үшін бүгінде жүктерді электрондық декларациялау енгізілуде, оның аясында кез келген кәсіпкер тауарын декларациялап, оларды қай жерде кедендік рәсімдеуден өткізетінін өзі белгілейді. Тиісінше қазір шекарада тұру міндетті емес. Біздің ойымызша, бизнесмендер қазіргі уақытта өздеріне жасалған жағдайды пайдаланбайды", – деді кеден саласына жауапты мемкірістер комитеті басшысының орынбасары.   

Ол тексерулерге қатысты және қоймаларда орын алатын теріс жағдайлар бойынша жұмыс тәртібінде шара қабылдайтындарын жеткізді.

"Егер нақты фактілер болса, біз қараймыз, сіздерге де жеке баяндауға әзірміз", – деді ол.

Кәсіпкердің қызметінде тұрған тағы бір көлік түрі – теңіз кемелері болып табылады. Санкциялық шайқаста әбден қаталданып алған Ресей әр түрлі сылтаулармен өзінің тасымалдаушыларынан басқаларды артқа ысырып тастағаны біздің билікте де ашық айтылуда. Бұл ретте Ресейді айналып өтуге мүмкіндік беретін кәрі Каспийдің құны артып келеді. Дегенмен бұл тарапта да мәселе жетерлік екен.

2020 жылдан бастап шетелдіктер немесе азаматтығы жоқ тұлғалар Қазақстанда "кеме капитаны", "капитанның аға көмекшісі" және "аға механик" лауазымдарын атқаруына тыйым салынады. Бұл тыйым түзетулер енгізілген "Сауда мақсатында теңізде жүзу туралы" заңының 25-бабында бекітілді. Демек үш жыл ішінде еліміздегі барлық кемелердің командалық басшылық құрамы Қазақстан азаматтарынан тұратындай түбегейлі өзгеріс болуы қажет. Алайда депутаттар әлі күнге кемелердің негізгі құрамын шетелдік теңізшілер құрайтынына алаңдаушылық білдірді.

Уақыт болса аз қалды. Кемелердің жоғары лауазымды тұлғаларын әзірлеу қалай жүруде?

"Жалпы, кемелердің құны өте қымбат тұрады, ондаған миллион долларға барады", – деді инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек. – Сондықтан оларды негізінен шетелдік компаниялар, мысалы, "Қашаған" консорциумы эксплуатациялайды. Кемені пайдалана алулары үшін оларға халықаралық сақтандыру керек. Ал егер кеме капитаны тиісті халықаралық дипломға немесе жүзу тәжірибесіне ие болмаса, халықаралық компаниялар ол кемені сақтандырмайды. Демек бізге басқа елдердің туы астындағы кемелерді тартуға тура келмек.

Министр біздің теңізші-түлектердің бастан кешкен басты проблемасын атады.

"Олар біздің жоғарғы оқу орындарынан теңізде жүзу тәжірибесін ала алмай шығатын. Яғни дипломы бар, бірақ кемемен жүзу тәжірибесі болмағандықтан, олар Ресейдің Макаров училищесіне немесе Астраханьға қосымша оқудан өтуге аттануға мәжбүр еді. Сөйтіп уақытын да, қаржысын да жоғалтады. Қазір теңізде жүзу тәжірибесі өзімізде енгізілді. Мысалы Ақтаудағы жоғарғы оқу орны ондай мүмкіндік береді", – деді ол.  

Министр қазіргі кезде отандық порттардың өткізу қабілетін арттыру үшін көп жұмыс жасалып жатқанына сендірді.

"Аптадай уақыт бұрын мемлекет басшысы Ақтау теңіз портында болып қайтты. Солтүстік терминал кеңеюде, астықты, контейнерлік жаңа үш айлақ пайда болды. Өткен жылы желтоқсанда Құрық бірінші темір жол портын іске қостық. Биыл оған дейін автомобильдік жол да тартылады. Біз осы айлақтарымыз арқылы өтетін жүктердің көп бөлігін өзіміз тасуды қалаймыз. Қазіргі кезде қазақстандық теңіз тасымалдаушыларының үлесі 10-нан 35% - ға дейін өсті. Бізде 11 кеме, оның ішінде 8 танкер, 3 құрғақ жүк жаситын кеме бар. 2020 жылға дейін 2 паром тұрғызылады. Кемелердің жалпы саны 20-ға дейін жеткізіледі. Біз қазақстандық порттардан халықаралық нарыққа жол тартатын барлық жүк көлемінің 65%-ын 2020 жылға қарай біздің кемелер тасиды деп жоспарлап отырмыз", – деді Жеңіс Қасымбек.

Ол Құрық портындағы теміржол паромдық кешені операциялық қызметін бастағанын бизнесмендердің есіне сала кетті.

"Паромдық терминал биылғы наурыз айынан операциялық қызметін бастады. Бүгінгі күнге 120 цистернаға жуық немесе 10 мың тонна мұнай өнімдері тиеп-түсірілді. Жылдың соңына дейін осы терминал арқылы 500 мың тоннадан астам жүкті тиеп-түсіру жоспарланып отыр", – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

Сондай-ақ әлгінде айтылғандай биылғы жылы автокөлікке арналған паромдық кешені құрылысының екінші кезеңі басталды. "Осы мақсаттарға 2017 жылғы бюджеттен 50 миллиард теңге қарастырылған. Осы жобаны жүзеге асыру болашақ жүк ағынын толықтай тиеп-түсіруге және Ақтау портының паромдық терминалын жеңілдетуге мүмкіндік береді. Жалпы 2020 жылға дейін теңіз порттарының қуаттылығын 26 млн тоннаға дейін арттыру жоспарланып отыр", – деді мекеме басшысы.

Төртінші құрғақ жүк кемесін осы жылдың ортасына қарай әкелу жоспарлануда.

Отандық танкерлер Түркіменбашы – Баку, Махачкала – Баку бағыттарында жүк тасымалдауды бастады. Оларға тасымалданған жүк көлемі 2016 жылы тиісінше 1 млн тонна және 160 мың тонна болды.

Әрине шетелге экспортпен шықпайтын, нәпақасын өз нарығымыздан іздейтін кәсіпкерлердің көбі жол көлігіне тәуелді, соның тілеуін тілейді. Бұл бағытта ел үкіметінің бір жаман және бір жақсы жаңалығы бар екен. Министр "happy end" болуы үшін нашарынан бастады: елімізде ағымдағы жылдан бастап, ақылы жолдар көбеймек.

Жеңіс Қасымбек жол құрылысы жобаларының аяқталуына қарай жолдарға кезең-кезеңмен ақылы жүйені енгізу көзделіп отырғанын жеткізді.  

"Бұл жолдарды күтіп ұстауды қамтамасыз етіп, бюджетке жүктемені төмендетеді. "Нұрлы жол" бағдарламасы аясында 2020 жылға қарай ақы жинау 6 мың шақырымға, ал кейіннен 7 мың шақырымға дейін енгізіледі. Биылғы жылдың желтоқсанында "Астана-Теміртау", "Алматы-Қапшағай", "Алматы-Қорғас" учаскелерінде ақы жинау жүйесін іске қосамыз. Осы жолдардың жалпы қашықтығы 500 шақырымға жуық", – деді инвестициялар және даму министрі.

Бұл ретте жүк көліктеріне әр шақырым үшін біраз теңге шығаруға тура келетінін ескерген жөн. 

Дәл қазір елімізде тек жалғыз ғана ақылы жол – Бурабайға бастайтын "Астана-Щучинск" автобаны бар. 

"Онда тариф құны өзгерген жоқ, яғни жеңіл автокөлік үшін шақырымына 1 теңге, ал жүк көліктеріне 6-дан 10 теңгеге дейін. Осы ретте бюджеттік қаржыландырусыз жолдың сапалы деңгейін сақтауға мүмкіндік бар. 2022 жылға дейін 7 мың шақырым жолды ақылы еткеннен кейін, барлық жолдарды республикалық бюджеттің қатысуынсыз күтіп ұстай аламыз деп тұспалдаудамыз", – деген министр алда жолдың да құны өсетінін білдірді. "Біздің жоспарымызда бір-екі жыл ішінде оның бағасын көтеру деген жоқ. Бірақ болашақта оның бағасы көтерілуі керек деп санаймыз. Неге десеңіз, құрылыс материалдарының құны өсуде. Жолды ұстап тұру үшін ең көп керегі – жанар-жағармай, оның да бағасы өсуде. Сондықтан біз 2-3 жылдан кейін біз осы мәселеге қайтадан келеміз", – деді министр.  

Қазақстанда тек биылдың өзінде 602 шақырым автокөлік жолы салынбақ. Ендеше тең-тең тауар тиелген жүк көліктерінің жол азабы азаятын болар. 

Инвестициялар және даму министрінің айтуынша, 2016 жылы "Көлік жүйесінің инфрақұрылымын дамытудың және ықпалдастырудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы" "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасымен біріктірілді.

"Енгізілген өзгерістер бойынша 2017-2019 жылдары бағдарлама аясында ұзақтығы 4,4 мың шақырым, құны 1,7 триллион теңгенің  23 жобасын іске асыру көзделген. Биылғы жылы автожолдар реконструкциясына 356,2 млрд теңге, оның ішінде Ұлттық қордан 143,5 млрд теңге бөлінді" деді Жеңіс Қасымбек.

Астана – Қарағанды, Орталық – Шығыс, Бейнеу – Ақтау, Орталық – Батыс, Қапшағай – Талдықорған, Петропавл – РФ шекарасы және Орал – Каменка сияқты ұзақтығы 602 шақырым болатын 7 ауыспалы жобада жұмыс жалғасып, биылғы жылдың соңында аяқтау жоспарланған.

Министр атап өткендей, республикалық бюджет және халықаралық қаржы институттарының қаражаттары есебінен жалпы ұзақтығы 3,2 мың шақырым болатын 16 жаңа жобаның реконструкциясы басталмақ. Олар: Ақтөбе – Мақат, Атырау – Астрахань, Күрті – Бурылбайтал, Бурылбайтал – Балқаш, Мерке – Бурылбайтал, Талдықорған – Өскемен, Ұзынағаш – Отар, Жетібай – Жаңаөзен, Қалбатау – Майқапшағай, Үшарал – Достық, Бейнеу – Ақжігіт, Қостанай – Денисовка, Щучинск – Зеренді, Астананың Оңтүстік-Батыс айналма жолы, Осинов асуы, Таскескен – Бақты.

Жалпы автожолдар реконструкциясы жұмыстарына 100 мыңнан астам адам тартылады.

Кәсіпкерлер шетелге сапарламай тұра алмайды. Бұл бизнесмен ретінде өсудің, өркен жаюдың шарты. Осы орайда үкімет сағатында жас депутат Геннадий Шиповских іскер жандар мен қарапайым халықтың намысына тиетін бір жайтқа министрдің назарын аудартты.

"Әуежайларда жолаушыларды тексеру күшейтілді. Көптеген азаматтарға бұл ұнамайды, себебі, олардан үстіндегі киімдерін, аяқ киімдеріне дейін шешуге мәжбүр етеді. Әрине мұның бәрі қауіпсіздік үшін қажет екенін түсінеміз. Бірақ қазір ХХІ ғасыр ғой, соған жеткізбей-ақ тексеруге болатын технологиялар, тексергіш құралдар жоқ па? Жолаушылардың жайлы өтуіне де жағдай жасау керек қой. Алдымызда ЭКСПО-2017 көрмесі келе жатыр. Қонақтар алдында ұятқа қалмаймыз ба?" – деді ол.

Министр расында, аяқ киімін, белбеуін, сыртқы киімін шешкізу жолаушыларға ұнамайтынын мойындады:

"Бірақ қазіргі заман талабы солай. Өткен аптада Петерборда метрода жарылыс болды. Вокзал, әуежай және басқа да көлік нысандары қырағы болғаны жөн. Әуежайда ондай тексеру қажет. Елбасының тапсырмасына сәйкес, біз ең үлкен 9 әуежайға сондай құралдарды сатып алып, биыл орнатамыз. Астананың жаңа терминалында ондай құралдар болатынына сендіреміз. Олардың барлығы ИКАО стандарттарына сәйкес болуы керек. Сол үшін бюджеттен биыл 9 әуежай үшін 1,8 миллиард теңге бөлінді. Бұл жұмыс ары қарай жалғасады", – деп түйді Жеңіс Қасымбек.

Қауіпсіздік қажет-ақ. Бірақ халыққа да, кәсіпкерге де лайықты құрмет көрсетілгені жөн. Оларға жан-жақтан сезік пен күдік білдіре бермей, алақанда аялаған абзал.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу