Елімізде зейнетақы өсті

Кемел Марат Кемел Марат
6182

Сонымен қатар бала туғанға байланысты жәрдемақы көлемі де өсетін болды.

Елімізде зейнетақы өсті

2017 жылдың 1 шілдесінен еліміздегі төменгі зейнетақы деңгейі 40 950 теңгені құрамақ. Бұған дейін ҚР парламенті сенаты мен мәжілісінде азаматтарды әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша аталған заң қабылданғаны белгілі.

Заңда:

 - 2017 жылғы 1 шілдеден бастап зейнетақылардың мөлшерін 2016 жылғы деңгейден 20%-ға дейін арттыру;

2017-2018 жылдар аралығы, республикалық бюджеттен төленетін зейнетақылар мөлшері біртіндеп көтерілетін болады. Ынтымақты зейнетақы жыл басынан 9%-ға көтерілгенін ескере отырып, тағы 11%-ға артатын болады. Базалық зейнетақы жыл басынан 7%-ға көтерілгенін ескере отырып, тағы 13%-ға артады. Бұл өсім барлық зейнеткерлерді немесе 2 миллионнан астам адамды қамтиды.

- 2017 жылғы 1 шілдеден бастап бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақының мөлшерін 20%-ға өсіру;

- жұмыс берушінің 5% міндетті зейнетақы жарна төлеуін енгізу қарастырылған мерзімді 2018 жылдан 2020 жылға ауыстыру көзделген.

Жалпы, зейнетақылар мен аталған жәрдемақы түрін ұлғайтуға, республикалық бюджеттен 81,6 млрд теңге қарастырылған.

Жалпы, мемлекет басшысы, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алдына қойған сындарлы міндеттердің бірі, 2017-2018 жылдары азаматтарды әлеуметтік қамту деңгейін біртіндеп көтеру болып отыр.

Екінші кезеңде, жаңа әдістеме бойынша есептелетін ең төменгі күнкөріс деңгейінің өзгеруіне байланысты, 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап мүгедектік, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақы және базалық зейнетақы мөлшері 16%-ға дейін артпақ.

Өсімнің үшінші кезеңі тек базалық зейнетақыға қатысты болады және 2018 жылғы 1 шілдеден бастап жүзеге асады деп болжануда. Бұл базалық зейнетақыны тағайындау әдістемесінің өзгеруімен байланысты. Жаңа тәсілге сәйкес, ол, 1998 жылға дейін еңбек өтілі мен 1998 жылдан кейін жинақтаушы зейнетақы жүйесіне зейнетақы аударымдарының келіп түсу кезеңдері кіретін зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне қарай тағайындалатын болады. Бұл мақсаттарға республикалық бюджеттен келесі жылдың екінші жартысына 147 млрд теңге бөлінген.          

"Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитеті аумақтық департаменттері, Азаматтарға арналған мемлекеттік корпорация дирекциясы филиалдары (зейнетақы мен жәрдемақы төлеу орталықтары) басшыларының назарын, базалық зейнетақы барлық зейнеткерлерге байланысты қайта саналатынына аударғым келеді. Мұнда, біріншіден, зейнеткерлік құжаттардағы 1998 жылға дейінгі еңбек өтілі қаралады. Бұл дегеніміз, зейнеткерлерге жұмыс өтілі жайлы қосымша құжат тапсырудың қажеті жоқ. Екіншіден, олардың жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысқаны анықталса, міндетті зейнетақы жарналарының аударылғаны жайлы ақпарат ҚР ЕХӘҚМ еңбек ресурстарын дамыту орталығының бірыңғай есептік ақпараттық базасынан берілетін болады. Осы орайда, қандай да бір қосымша құжаттарды тапсыру қажет етілмейді", – деп атап өткен еді осыған дейін ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова.  

ҚР ЕХӘҚМ басшысы, сонымен бірге, бүгінгі таңда өзін жұмыспен қамтыған 1 миллионнан астам адам жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатыспайтынын келтірді. Бұл адамдар зейнеткерлік жасқа жеткенде зейнетақының бір ғана түрін – ең төмен күнкөріс деңгейінің 54 % мөлшерінде базалық зейнетақыны алатын болады. 

Министрліктің тағы бір жауапты жұмыс бағыты ретінде, Тамара Дүйсенова, азаматтарға көрсетілетін әлеуметтік жәрдемді жаңғыртуды атады. Бұл қадам, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, екі маңызды тұжырымдамалық өзгеріс арқылы іске асырылмақ.

"Бірінші кезекте арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар жекелеген азаматтар тобының ыңғайына қарай икемделеді. Мысалға, мүгедектерге арналған арнаулы мемлекеттік жәрдемақылар, мүгедектік бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақымен біріктірілетін болады. Бұл 2 жәрдемақыны алу үшін, мүмкіндігі шектеулі жандарға екі түрлі құжаттар пакетін дайындауға тура келеді. Жаңа көзқарасқа сай, көлемі қазір төленетін қос түріне сәйкес болатын, мемлекеттік жәрдемақының бір кепілденген түрі тағайындалатын болады", – деп айқындады ведомство жетекшісі.

Дәл сондай өзгерістер көпбалалы аналарға ("Алтын алқа", "Күміс алқа" белгілерімен марапатталған немесе бұған дейін "Батыр ана" атағын алған, одан басқа I және II дәрежедегі "Ана даңқы" орденімен марапатталған) төленетін арнайы мемлекеттік жәрдемақыға да енгізілмек. Қазіргі кезде, аналардың бұл санаты үшін жәрдемақының 3 түрі қарастырылған, яғни, құжаттар пакеті үшеу болуы керек.

"Бұл тұста құжат тапсырудағы қиындықтардан тыс, жәрдемақыны беру тәртібінің саналуан заңдармен реттелетіні ыңғайсыздық тудырады. Сондықтан, көпбалалы аналарға арналған арнаулы мемлекеттік жәрдемақы "көпбалалы аналарға арналған жәрдемақы" болып өзгереді және оны алу үшін бір ғана құжаттар пакетін ұсынса жеткілікті болады", - деп атап көрсетті министр.

Халықты әлеуметтік қамтамасыз етудегі екінші елеулі өзгеріс жайында айтар болсақ, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, жұмысқа жарамды отбасы мүшелерінің міндетті түрде жұмыспен қамту шараларына белсенді қатысу талабымен, әрбір мүшесіне санағанда табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің (бүгінде – 40%) 50 пайыздан төмен отбасыға, атаулы әлеуметтік көмекті (әрі қарай - АӘК) көрсетудің жаңа тәртібін енгізу қарастырылған. Олар қазіргі іс жүзіндегі қағидалардың орнына ұсынылмақ:

- көпбалалы отбасыларға арнаулы мемлекеттік жәрдемақы;

- аз қамтылған отбасыларға арналған 18 жасқа дейінгі мемлекеттік балалар жәрдемақысы;

- аз қамтылған үй шаруашылығына берілетін атаулы әлеуметтік көмек.

АӘК жаңа үлгіде шартсыз және шартты ақшалай көмек болып 2 түрге бөлінеді.

Шартсыз ақшалай көмек, құрамында еңбекке жарамсыз мүшелері бар отбасыларға (мәселен қарт зейнеткерлер мен мүгедектер отбасы) немесе еңбекке жарамды мүшелері еңбекпен қамту шараларына белгілі бір себептермен қатыса алмайтын отбасыларға (мысалы мектеп жасындағы балалары бар жалғызбасты ана) беріледі. Мұндай отбасылардан жәрдемақы алуы үшін жұмыспен қамту шараларына міндетті түрде қатысу талап етілмейді.

Шартты ақшалай көмек құрамында еңбекке жарамды кем дегенде бір мүшесі бар отбасыға әлеуметтік келісімшарт жасасқан жағдайда, сонымен қатар, отбасының барлық еңбекке жарамды мүшелері жұмыспен қамту шараларына міндетті түрде қатысқан жағдайда беріледі. 

Тамара Дүйсенова, ең төменгі күнкөріс деңгейі әлеуметтік қамсыздандыру жүйесінің базалық стандарты болып табылатынын еске салды. Бұл ретте, мемлекет басшысының тапсырмасы аясында, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, қазақстандықтардың тұтыну шығындарының нақты деңгейін көрсететіндей, ең төменгі күнкөріс деңгейін есептеу әдістемесі қайта қарастырылмақ. Мұндай өзгеріс шамамен 3 млн адамға базалық зейнетақы, мүгедектер, асыраушысынан айырылған отбасылар үшін жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек және мүгедек балаларды күтушілердің жәрдемақы мөлшерін өсіруді қамтамасыз етпек. Бұл мақсатқа бюджеттен қосымша 63 миллиард теңге бөлінбек.

Сөзін қорытындылаған министр азаматтарға әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жаңғырту өз жалғасын табатынын мәлімдеді. 

"Бірінші кезеңде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету нарығын демонополизациялау қамтамасыз етілді. Бұл қызмет көрсететін ұйымды азаматтардың өздеріне таңдауға (мемлекеттік секторда не үкіметтік емес ұйымдар бойынша); балалар психоневрологиялық интернат-үйлеріне кезекті жоюға; қызметтерді тұтынушыларға жақындатуға мүмкіндік берді.

Биылдан бастап өзгерістің екінші кезеңін бастаймыз. Бұл кезең азаматтардың тұратын жерлерінде қызмет көрсетудің қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталады. Осыған орай, жоғарыда айтқанымдай, жаңа нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасының аясында өңірлерге екі жобаны іске асыруды ұсынып отырмыз (әлеуметтік жұмыс жөніндегі кеңесшілерді даярлау және арнайы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж жандарға қызмет көрсетуге арналған шағын сыйымдылықтағы үйлер ашу). Бұл жобаларды жүзеге асыру арқылы, бір жағынан ауылдық жерлерде тұратын азаматтардың арнаулы әлеуметтік қызметтерге сұранысын өтеуге мүмкіндік туады, екінші жағынан зейнеталды жастағы әйелдерді және мүмкіндігі шектеулі жандардың өздерін өнімді жұмыспен қамтуға тартуға жол ашылады", – деп түйіндеді Тамара Дүйсенова.

Кемел Марат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу