Еркебұлан Сейдахмет Ресейдің "рекордын" жаңартты

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3870

Қазақтың талантты жас футболшысы Ресей чемпионатындағы алғашқы ойынын өткізіп, "Уфа" клубының жеңіске жетуіне үлес қосып, тарихи жетістікке қол жеткізді.

Еркебұлан Сейдахмет Ресейдің "рекордын" жаңартты

Футболдан Ресей премьер-лигасында ХХІІ турдың ойындары өтіп, "Уфа" клубы өз алаңында Махачкаланың "Анжи" клубын қабылдаған. Тартысты өткен ойында Башқұртстан клубы 3:2 есебімен жеңіске жетті. Осы ойында қазақтың жас таланты Еркебұлан Сейдахмет алғаш рет алаңға шығып, ресми түрде көрші елдегі алғашқы ойынын өткізді.

Негізі, "Уфаның" бас бапкері Сергей Семак әу баста Еркебұланды негізгі құрамда алаңға шығармай қойған. Ресей премьер-лигасындағы аутсайдердің бірін жеңе алмай жатқан соң, бір өзгеріс енгізуге тырысты. Себебі есеп – 0:0. Содан, екінші таймда томағасын сыпырып, ойынға "Еркошты" қосты.

Иә, Еркошты. Бұлай дейтін себебіміз, "Уфа" футбол клубы Еркебұлан Сейдахметті Ресей чемпионатына ресми түрде тіркегенде, жейдесіне дәл осылай жазатын болып тоқталған. Яғни жейдесіне, тегінің орнына "Еркош" деген лақап атын жазады. Басқа тілдерде айтылуы және жазылуы оңай, атын шығаруға жеңілдеу деп, осындай шешім қабылдаған... Осы реттей айта кетейік, олар қазақтың жас талантына футбол әлемінде бағасы зор, аса беделді 10-ыншы нөмірді берген...

Енді, "Уфа" – "Анжи" матчына қайта оралайық. Бірінші таймда гол соғылмай, таблода тек нөлдер жарқырап тұрды дедік қой. Обалы нешік, Еркош шығып еді, бәрі де өзгеріп сала берді. Ойын да қызды. Екі қақпаға да алма-кезек гол соғыла бастады. Екінші таймның басында Башқұртстан клубы есеп ашқан. Алайда Дағыстан клубының футболшылары да қарап қалмады. Көп созбай, таразы басын теңестірді.

Міне, осыдан кейін Еркебұланның да жұлдызы жарқырап, өз командасының жеңіске жетуіне ықпал етті. "Уфа" екі минуттың ішінде екі доп салды. Екеуінде де шабуылды өрбітуге де, голдың соғылуына да "Қазақтың Мессиі" ат салысып, үлес қосты. Ойын барысын дұрыс бағамдап, допты дер кезінде әріптестеріне бере қойды. Бұл да – шеберлік.  

Бұдан кейін қонақтар қарқындарын үдетіп, құйындай орап соқты. "Уфа" тек олардың қауіпті шабуылдарын тойтарумен болды. Башқұртстан клубының қарсы шабуылдарының бірінде Еркебұлан "Анжидің" өзінен 13 жас үлкен (бір мүшел ғой) қорғаушысымен, яғни Мирал Самарджичпен тәжікелесіп қалып, ескерту алды.

Еркебұланды түсінуге болады. Уақыт ұтқысы келеді. Алда жүрсе де, "Анжи" футболшыларының жылдам шабуыл ұйымдастыруларына мүмкіндік бермеу керек. Көп ұзамай, яғни матч аяқталуға айналғанда "Уфаның" бас бапкері Еркоштың орнына тәжірибелі қорғаушысын шығарды. Жеңісті есепті уысынан шығарып алмауды ойлап, қолданған тактикасы екені баршаға түсінікті еді.

Матчтан кейін "Уфаның" бас бапкері Сергей Семак Еркебұланды неге алмастырғанын айтты. "Анжи" еңгерзедей үш ойыншысын шығарып қыспаққа ала түскендіктен, қорғаушыларына көмекші керек болған. Әрі Еркоштың жеңіске жетулеріне сүбелі үлес қосқандығын, тек қорғаушыларға көмектесу жағына әлі тәжірибесі аздау екендігін бүкпесіз айтыпты.

Әйтсе де, Еркебұлан Сейдахмет екінші таймдағы 42 минуттың ішінде-ақ көпшілікті дүр сілкіндірді һәм сүйсіндірді. Ресей футболындағы дебюті, яғни алғашқы қадамы жүдә жаман болған жоқ. Команданың жайын ойлап, ескерту (сары қағаз) алып қалды демесек, адам қызығарлықтай жетістік – екі пас, жеңіс және рекорд...

Иә, рекорд! Бұған дейін Ресей премьер-лигасында жасыл алаңға 2000 жылы туған өрімдей жас ешкім шықпаған екен! Дәл осы матчқа дейін Ресей премьер-лигасында жасыл алаңға шыққан ең жас футболшы "Краснодар" клубының шабуылшысы Магомед-Шапи Сулейманов болыпты. Ал ол 1999 жылы 16 желтоқсанда туған. Енді қазақтың жас таланты осы бір тарихи жетістіктің қаймағын бұзып отыр.

"Уфа" – "Анжи" – 3:2 (0:0)
Голдар:
 Никитин (Стоцкий, айып соққысы), 57 – 1:0. Лескано (Антон, Данченко), 64 – 1:1. Пауревич (Живоглядов, Сейдахмет), 65 – 2:1. Йокич (Живоглядов, Сейдахмет), 67 – 3:1. Полуяхтов (Данченко, Лескано), 82 – 3:2.

Тұздық

Айтпақшы, 18 жастағы Еркебұлан Сейдахмет Қазақстан ұлттық құрамасы сапына шақыртылыпты. Бұл ақпаратты осыдан бес күнге жуық уақыт бұрын "Уфа" футбол клубы таратты. Оларға Қазақстан футбол федерациясы ресми түрде шақырту жіберген сияқты.

Өздеріңіз білесіздер, Қазақстан ұлттық құрамасы наурыздың аяғында екі жолдастық кездесу өткізеді. Нақтырақ айтқанда, 23 наурызда Венгрия, ал 26-сында Болгария құрамаларымен додаға түседі. Бұл матчтар еліміздің ұлттық құрамасының жаңа бас бапері Станимир Стойловтың алғашқы ойындары болады.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу