Бүгінгі таңда облыстағы 13 мыңға жуық отбасы салып біткен үйлерін тіркете алмай, сот жағалап, сандалып жүр. Алматы қаласына іргелес орналасқан Іле, Қарасай, Талғар аудандарының тұрғындары үшін баспана мәселесі бас қайғыға айналып отыр.
"Рұқсатсыз жүргізілген құрылыс сот саласын әбігерге салып қойды. Облыстық сотта 2015 жылы - 2651, 2016 жылы - 1622 талап-арыз қаралса, биылғы жылдың соңғы 5 айында 354 шағым түсіп, оның 228-і қанағаттандырылды", – деді Алматы облыстық сотының судьясы Арыстанбек Стыбаев.
"Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры" дегендей, бұл келеңсіздік 2015 жылы өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, өткен жылдың 1 қаңтарынан күшіне енген "Сәулет, қала құрылысы туралы" заңның жетілмеген баптарынан туындап отыр. Аталмыш заңдағы 74- баптың 1- тармағында: "Меншік иесі (тапсырыс беруші, инвестор, құрылыс салушы) құрылысы аяқталған, техникалық жағынан күрделi емес объектiлердi өз бетінше қабылдауды жүзеге асырады", – деп жазылса, мұндай жеңілдік осы баптың 3-ші тармағында: "осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасын қоспағанда, сейсмикалық қауiптiлiгi жоғары не өзге де геологиялық (гидрогеологиялық) немесе геотехникалық жағдайлары ерекше аудандарда, сондай-ақ ерекше реттелетiн аймақтарда орналастырылатын (орналастырылған) объектiлерге қолданылмайды", – деп көрсетілген.
"Алматы облысы сейсмикалық қауiптiлiгi жоғары аймаққа жататындықтан үйді тіркеу жұмысын арнайы комиссия қабылдайды. Заң талабы бойынша, жетісулықтар үй салу үшін алдымен болашақ нысанның картасын сыздыруы, санитарлық, авторлық, экологиялық, сейсмикалық сараптаудан өткізуі керек. Кейін қорытындысын мемлекеттік және жекеменшік мекеме мамандарынан құралған комиссиядан алуы тиіс", – дейді судья.
Жоғарыда көрсетілген құжаттар дайын болғаннан кейін үй салып жатқан адам сейсмикалық өңірде үй сала алатын құрылыс компаниясының рұқсатын алу үшін сарсаңға салынады. Жайлы үй салып, жан рахатын көрмекке ұмтылған жанның құжат рәсімдеуден көрген азабы осылай жалғаса береді.
Осыған шыдамаған адамдар құжатқа қолды бір сілтейді де, үйді заңсыз тұрғыза бастайды. Бар бәле осыдан басталады.
"Әр деңгейдегі әкімшілік жердің немесе үйдің кезегінде тіркеуде тұрған азаматтарға 2 жыл уақытша тіркеу жолымен жер телімін береді. Жерге ие болғандар 2 жыл ішінде әу бастағы мақсаты бойынша құрылыс жұмысын жүргізіп, тәртіп бойынша тіркеп, ұзақ мерзімдік меншіктену құқығына қол жеткізуі керек", – дейді Арыстанбек Сағатбекұлы.
Алайда "жігіттің бағы емес, жұмыстың бабы билеген" заманда жер иелері екі жылда құрылыс жұмыстарын аяқтап үлгермейді.
Осының салдарынан жер иесі жер кодексіндегі талапты орындамағаны үшін меншік құқығынан айырылады. Ал уақытша тіркеу уақыты 2 жылдан ары ұзартылмайды. Міне, осыдан азаматтардың сотқа шағымдануы басталады.
2016 жылға дейін жеке тұлға салған үйін қалаған уақытында тіркететін. Қазір мұндайға заңмен тыйым салынған.
"Заңның осы тұсын қайта қарап, жеңілдетуге болады. Осыған орай Алматы облыстық соты мен прокуратурасы Парламентке арнайы сауал дайындап жатыр", – деді судья Арыстанбек Стыбаев.
Қажет Андас