Сондықтан кәсіпкер соңынан жаман сөз ермеуіне мән беріп, жақсы атының сақталуына және оның әрі қарай айбындана түсуіне жан салады. Ал дамыған елдерде атақты аттар тіпті прокатқа беруге машықтанған. Мұны – "франчайзинг" дейді.
Бұл тақырып енді депутаттарды қызықтырып отыр. 1 ақпанда өткен Мәжілістің жалпы отырысында Ерлан Барлыбаев бастаған бір топ депутат үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевқа депутаттық сауал жолдады.
Онда парламентарийлер "Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік" атты мемлекет басшысының халыққа жолдауында үкімет алдында 2025 жылға қарай шикізаттық емес экспортты 2 есе ұлғайту міндетін қойғанын премьердің есіне салады. Бұл үшін Нұрсұлтан Назарбаев бизнеске "қызмет көрсетудің, тауар өндіру және өткізудің жаһандық тізбегіне кірігуді" ұсынды. "Мұны, ең алдымен, трансұлттық компанияларды тарту арқылы жасаған жөн", – дейді елбасы.
Депутаттардың айтуынша, трансұлттық корпорациялар тек ірі бизнеске бағдарланатынын ескеруіміз қажет. Бірақ жұмыс істеп тұрған халықаралық жүйеге енудің шағын және орта бизнеске арналған баламалы тәсілдері де бар. Бірінші кезекте, бұл франчайзинг құралдарына қатысты. Ол бойынша әлемдік озық компаниялар өз технологиялары мен процестерін кіші кәсіпкерге ұсынады және оны өзінің өнім өндіру және өткізу жаһандық желісіне қосады.
Франшиза иеленуші технологияның сақталуына және өнім сапасына бақылау жүргізеді. Осының арқасында мемлекетті қадағалау функциясынан босатады әрі сыбайлас жемқорлық өнетін өрісті азайтады.
Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (ЭЫДҰ) кіретін дамыған елдер тәжірибесі шағын және орта бизнестің орнықтылығын және өткізу нарықтарын қамтамасыз етуде франчайзингтің тиімділігі жоғары екендігін куәландырады. Халықаралық деректерге жүгінсек, жеке бизнестің жаңа құрылған фирма-кәсіпорындарының шамамен 70-80%-ы алғашқы 3 жылында-ақ күйрейді екен. Ал франшизаны пайдаланатын, яғни атақты лейбл маңдайшасының астында жұмыс істейтін кәсіпкерлер арасында банкротқа ұшырау деректері дәл осы мерзім ішінде 20-30%-дан аспайтын көрінеді. Қалғанының 60%-дан астамы жергілікті нарықты табысты игеретін болып шықты.
Осыған байланысты мәжіліс депутаттары Еуропаның бірқатар елінде "тек үкіметтік органдар бекіткен әр саладағы үздік халықаралық компаниялар тізіміндегі франшизаларды пайдаланатын жеке кәсіпкерлерге ғана мемлекеттік қолдау көрсететініне премьердің назарын аударады. Әрине, бұл ұстаным мен тәсіл бизнес әлі тәй-тәй қадамнан көп алыстамаған Қазақстанға жарамайды, бізде барлық жеке кәсіпкер қолдауға зәру.
Оның үстіне депутаттар жаһандық шынайы лидерлердің франшизалары жергілікті бизнеске аса қымбатқа түсетінін мойындайды. Бұл миллиондаған доллар қаржының франшиза түрінде шетелге шығып кетуіне әкеп соғады.
"Бірақ соған қарамастан, сарапшылар ХХІ ғасырда әлемдегі шағын және орта бизнестің 50%-дан астамы франчайзинг жүйесінде жұмыс істейді деп болжайды. Қазіргі уақытта Қазақстанда франчайзинг бойынша Coca-Cola, Баскин Роббинс, KFC, Adidas, Marriot халықаралық қонақүйлер желісі секілді танымал компаниялар жұмыс істейді. Былтырдан бастап, "Даму" қоры жалпы сомасы 1 млрд теңгелік франчайзингтік жобаларды қаржыландыру бағдарламасын іске қосты. Алайда бұл бағдарламаны небәрі 8 кәсіпкер ғана пайдаланыпты. Тағы бір проблема – өндірістік франчайзингтің кемшіліктеріне тіреледі: ол өнім өндірісіне арналған лицензияны тапсырумен байланысты. Қолда бар ақпарат бойынша Қазақстанда барлық франчайзингтік кәсіпорынның бар-жоғы 2%-ы ғана өндірістік франчайзинг саласында жұмыс істейді", – дейді премьер атына жолданған депутаттық сауалда.
Осыны ескере келе, мәжіліс депутаттары үкіметтен "халықаралық франчайзинг нарығын зерттеп, лидер компаниялардың тізбесін түзуді және олардың франшизаларын Қазақстанда енгізу үшін бизнеске ұсынуды" сұрайды. Сондай-ақ халықаралық франчайзингті дамытуды "2015–2019 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының" басым бағыттарына қосуды өтінеді.
Бұл жерде сарапшылар депутаттардың бір жайды қаперден шығарғанын айтады. Білікті бизнесмен (ал жаһандық жетекші франшизалармен тек білікті бизнесмен ғана айналыса алады) қандай әлемдік брендпен жұмыс істеу тиімді екенін өзі анықтайды және шешеді. Бұл үшін үкіметтің еш нұсқауы қажет емес.
Сонымен бірге егер үкімет лидер компаниялардың тізімін құруға кіріссе, лай судың өзінен балық аулауға машықтанып алған арам ниетті шенеуніктер бұл істі де ірі компаниялардан заңсыз сыйақы мен пара алу құралына айналдырып алмасына кім кепіл?
Оның үстіне Қазақстан нарығы қазірдің өзінде қаптаған шетелдік лейблдің астында қалып тұр. Шамамен 300-дей шетелдік бренд елімізге франшиза түрінде сатылған. Демек, онсыз да аты озып тұрған шетелдік лидер компанияларды үкімет атынан ұсынып, биік деңгейде тегін "пиарын" жасағанша, сол үкіметтегі мамандардың күш-қызметін өзіміздің ұлттық брендтерді дамытуға шоғырландырған жөн.
Егер Қазақстан азаматтарынан атақты отандық брендтерді (іскер жандардың тар ортасында ғана танымал ірі компанияларды емес, жаһан жұртшылығына жақсы таныс Қазақстан фирмаларын) ата десеңіз, оларды таппай қиналары сөзсіз.
Бұл істе бізге үлгі болар тәжірибелерді алыстан іздеудің қажеті жоқ. "Социалистік лагерге" кіріп, дамуда біраз кенжелеп қалған мемлекеттердің әрқайсысының, ал бұрынғы кеңестік республикалардың көбінің бүгінде өз мақтанышы бар. Мысалы, Skype – Эстонияда, AVG және Avast антивирустары – Чехияда ойлап табылған. Осыдан екі апта бұрын, Каирдегі беларусь-египет іскерлік форумының ашылу рәсімінде Беларусь президенті Александр Лукашенко смартфонға арналған әйгілі Viber мессенджері – Беларусь инновациясы екенін мәлімдеді. Ал Қазақстанда ше?
Әрине, депутаттар көтеріп отырған мәселенің маңыздылығын да жоққа шығарғымыз келмейді. Егер төл компанияларымызды әлемге ілгерілетсек, франшиза нарығы Қазақстан үшін де аса тартымды.
Мәселен биыл 17 қаңтарда халықаралық ақпарат агенттіктері Domino's Pizza акциялары Google құнды қағаздарынан табыстырақ болып шыққанын жарыса жариялады. CB Insights сарапшылары 2004 жылы ІРО-ға шыққалы, америкалық Domino's Pizza пиццериясы акцияларының табысы дәл сол тұста биржаға шыққан Google жаһандық технологиялық алпауыттың табыстылығынан асып түскенін мәлімдеген.
Уолл-стриттің өзге сарапшылары да Domino's Pizza құнды қағаздарын өзге технологиялық компаниялардың акцияларымен жиі салыстырып отырады. Себебі олардың жұмыс қағидалары өзара ұқсастау болып келеді. Нақтырақ айтсақ, 2016 жылы Bloomberg Domino's пиццериялар желісі мен технологиялық компаниялар арасында бір ортақ әрі басты артықшылық барлығын жазды: олардың бәрінің де актив түріндегі ауыртпалығы жоқ.
Түсіндіре кетсек, Domino's-тың 13 мың пиццериясының 97%-ы өзінікі емес, оның франшизасымен бүкіл дүниежүзінде өзге компаниялар жұмыс істейді. Яғни америкалық компания пицца істейтін және сататын орындарды, мейрамханаларды жалдау, ондағы персоналдың жалақысына шығындалу сынды мәселелерге бас қатырмайды, ақша жұмсамайды. Оның барлығын франшизамен істейтін АҚШ-тағы және шетелдегі кәсіпкерлер өздері көтереді. Олардан Domino's-қа франшизаны жалдау ақысы тасқындап құйылады. Ал Domino's Pizza болса, бос қаражатын дивиденд төлеуге және пицца мен өзге өнімін жасау технологияларын әрі қарай дамытуға салады. Сонау 1960 жылы құрылған америкалық бұл компания қазір әлемнің 75 еліндегі 11 мыңнан астам бөлімшесіне өз франшизасын (аты мен технологияларын) жалға беріп отыр.
Егер алдағы жылдары Қазақстан дәл осындай бір компания құра алса, соның өзі ұлттық мақтаныш болар еді.
Кезінде ұзақ жыл "Даму" кәсіпкерлікті қолдау қорын басқарған (қазір "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің басшысы) Ләззат Ибрагимова ондай компанияларымыз қазір де бар деген сенімде:
"Балалар киімінің Mimioriki бренді, "Сұңқар" медициналық компаниясы, Red Dragon азиялық стритфуд желісі өз франшизаларын тек Қазақстанда ғана емес, елдің сыртында да өткізе алады. "Жас кемеңгер" білім беру академиясы, Party-Food жылдам қызмет көрсетуші мейрамханалар желісі де бар", – дейді ол. Рас, бұл компаниялардың франшизалары дәл қазір қаншалықты ілгерілеп, табысты болып отырғанын анықтау қиын: бұл ақпарат компания құпиясына жатады екен.
Қалай болғанда, қазіргі кезде республикамызда франшизаны сатып алу үшін "Бизнестің жол картасы" бағдарламасы аясында мемлекеттік грант алуға болады екен.
Еуразиялық франчайзинг қауымдастығының президенті Бекнұр Қисықов Қазақстанның әзірге франшизаларды негізінен шетелден импорттайтынын айтады. Отандық франшиза нарығының 85-90%-ы – жатжұрттық брендтер көрінеді. Ол қазақстандық бірнеше компания өз франшизаларын сыртқа, негізінен, Ресей, Қытай, Өзбекстан, Украина, Қырғызстанға, ішінара Чехия, Германияға өткізетінін хабарлады. Қауымдастық басшысының мәліметіне сүйенсек, отандық компаниялар шетелге франшиза сатпай, оларда өз бөлімшесін ашуға көп жүгінетін көрінеді.
"Менің есебімше, филиалдық желіні ашу франшизаға қарағанда, 3-4%, кейде 10% артық табыс әкеледі. Бірақ бұл жерде франчайзерге сол елде кеңсе жалдау, кредит төлеу және басқалары қажет болмайтынын, бұған франчайзер өз қаржысын жұмсайтынын ескерген жөн. Франшиза арқылы шетелге шығу тек психологиялық тұрғыдан ғана емес, қаржылық-материалдық тұрғыдан да тиімді", – дейді ол.
"Tea Coffee Garden" кофейнясы сауда маркасымен Чехияға, Германияға шығуға қадам жасаған отандық компанияның қаржылық директоры Вадим Колганов сыртқы нарықтағы Қазақстан франшизаларының бір артықшылығы – арзандығы екенін айтады.
"Біздің маркалардың басты мақсаты – табыс табу емес, мейлінше әлемнің көптеген елінде танылу және тұтынушының сүйіспеншілігіне бөлену. Осы мақсатқа ере отырып, алғашында біз франчайзинг нарығындағы дәстүрлі ойын ережелеріне қарама-қайшылық жасаймыз: шетелдік серіктестерімізден ай сайын саудадан пайыздық үлесті аударып отыруын да талап етпейміз", – дейді ол.
Көшіріп алса да, жаһандық нарықтарды жаңа өнімдермен жаулауға бейім тұратын Қытай кәсіпкерлерін қазақстандық франчайзерлердің осы жұмсақтығы қызықтырса керек.
Салыстыру үшін айтайық, дамыған Батыс түгіл, көрші Ресейдің атақты мейрамханаларының бірінің атымен Қазақстанда қымбат "қоғамдық тамақтану орнын" ашу үшін әу баста-ақ 80 мың доллардай кетеді екен. Ал Қазақстан франчайзерлерінің кейбірі өз лейблдерін 10 мың долларға да "прокатқа" беруге дайын.
Бақыт Көмекбайұлы