Германияға экономикалық көпір салынуда

3988

Германия мен ЕАЭО бизнес ынтымақтастығы нығайып келеді. 

Германияға экономикалық көпір салынуда

Нұр-Сұлтан қаласында Еуразиялық экономикалық одақ: маңызы, жетістіктері, даму болашағы тақырыбында неміс бизнесінің конференциясы өтті. Конференцияның негізгі тақырыбы – Лиссабоннан Владивостокке дейінгі кеңістікте өзара тиімді экономикалық ынтымақтастық орнату, ЕАЭО-да цифрландыру мен болашақтың технологияларын жетілдіру, ЕАЭО елдерінің агроөнеркәсіптік секторын дамыту және осы бағытта неміс бизнесімен қарым-қатынасты нығайту мәселелері болады.

Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) сауда жөніндегі Алқа мүшесі (министрі) Вероника Никишина ЕАЭО елдерінің экономикалық көрсеткіштері жылдан-жылға жақсарып келе жатқанын айтты.

"Бес жыл ішінде ЕАЭО-ға мүше барлық елдің бірқатар әлеуметтік-экономикалық көрсеткіші айтарлықтай жақсарған. Бес елдің барлығы үлкен-кішілігіне қарамастан, экономикалық табыс алып отыр. Өзара сауда-саттық өте жоғары өсім көрсетті. Нақты сандарға назар аударар болсақ, 2017 жылы 27%-ға, 2018 жылы тағы 10%-ға өсті. Одақтың барлық мемлекеттері бір-біріне тауар жеткізуді ұлғайтты. 2017 жылдың қорытындысы бойынша өзара тауар жеткізуді одақ ішінде Армения 45%, Ресей 29%, Қырғызстан 22%, Белорусь 20%, Қазақстан 34%-ға арттырған. Осы үдеріс 2018 жылы жалғасып, одаққа кіретін мемлекеттер арасындағы тауар саудасы тағы 20% көлемінде өсті. Бірыңғай тауар нарығының әртараптылығы сақталып, экономикамыз бірін-бірі толықтыруда. Минералды өнімдер саудасының үлесі төмендеп, өндіріс пен химия тауарлары, машина жасау, ауыл шаруашылығы өнімдерінің үлесі артты",– деді ЕЭК Алқа мүшесі Вероника Никишина.

ЕЭК Алқа мүшесі ЕАЭО елдері арасында сауда-саттық жасауда кейбір наразылықтардың да барынан хабардар етті.

"Техникалық реттеудің бірыңғай жүйесі қызмет етуі үшін құқықтық базасы жасалып жатыр. Осы салада біршама жұмыс атқару қажет. Техникалық реттеу мен ветеринарлық-санитарлық шараларға наразылықтар бар. Алайда жеткен жетістіктерімізді елемеуге де болмайды. Келесі кезеңде нені жақсарту керектігін түсінеміз",– деді Вероника Никишина.

ЕЭК сауда бойынша Алқа мүшесі Вероника Никишина ЕАЭО неміс бизнесі үшін ашықтығын білдірді.

"Германияның көптеген ірі компаниясы одақ аумағында жұмыс істеуде. Оларға ЕАЭО-ның кезкелген елінде барынша қолайлы жағдай жасауға дайынбыз. Одақ елдерінде ауылшаруашылығы техникасын жасайтын шетелдік компаниялар үшін қосалқы бөлшектер шығаруға әзірміз. Барлық инвестордың өнімдерінің өздік құнын төмендету үшін одақ аумағында шығатын қосалқы бөлшектерді ұсынар едік", – деді Вероника Никишина.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу