Бүгінде оңтүстік астанада көптеген өндіріс орындары ашылып, тауарларды экспорттау мәселесі жолға қойылуда. Бұл бағытта шетелдік және қазақстандық бизнесмендерді бір ортаға тоғыстыратын іскерлік кездесулер жиілеп ұйымдастырыла бастады. Солардың бірі – Алматыда Гонконгтің ірі компания басшыларының қатысуымен өткен жиын.
"Бұл кездесуге келгенімізге қуаныштымыз. Гонконгтан осы шараға 10 ірі компанияның 13 өкілі келді. Олар электр тауарларынан бастап, металл, силиконнан түрлі бұйымдар жасайтын ірі зауыттардың басшылары. Барлығы да қазақстандық кәсіпкерлермен тығыз байланыс орнатып, серіктес болуды көздейді", – дейді делегация жетекшісі, Гонконг шағын және орта бизнес қауымдастығының төрағасы Уилсон Лам.
Екі ел кәсіпкерлерінің басын қосқан дөңгелек үстелден соң, В2В (Business to business) кездесуі өтті. Бұл ретте Қытайдағы желатин өндіретін кәсіпорындардың 90% -ын арнайы жабдықтармен қамтамасыз етіп отырған Hung Yung International Holding Limited компаниясының басшысы Чжу Ронг бұл қос ел кәсіпкерлерінің серіктестік байланыс орнатуы үшін жасалған мүмкіндік екенін айтты.
"Біздің компания Қазақстанда Орта Азиядағы ірі желатин зауытының құрылысына инвестиция салуға дайын. Елдегі тері-сүйек шикізатын пайдалана отырып, фармацевтикалық және тамақ өнеркәсібіне арналған желатин өнімдерін дайындауға болады. Бұл мал союда қоршаған ортаның ластануына жол бермейді",– дейді Чжу Ронг.
Инвестордың пікірінше, бұл зауыттың өнім өндіру көлемі жылына 600 тоннадан асады. Сондай-ақ, ол тамақ өнеркәсібі, фармацевтика және косметология салаларына арнап желатин жасалатынын айтты.
"Біз бұл зауытты Алматыда салсақ дейміз. Сондықтан осы шаһардан сенімді серіктес іздеудеміз. Яғни, инвестиция салуға дайынбыз",– дейді Чжу Ронг.
Естеріңізге сала кетсек, бүгінде Алматыда 185 мың шағын және орта бизнес субъектісі бар. Бұл жалпы аймақтық өнімнің 40%-ын құрайды.
Құралай Құдайберген