Григорий Марченко: "Алматыға жақсы әкім бұйырмай жүр"

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
2264

ҚР Ұлттық банкінің бұрынғы басшысы Қазақстан мен Қырғызстан экономикасының дамуы жайында өз көзқарасымен бөлісті.  

Григорий Марченко: "Алматыға жақсы әкім бұйырмай жүр"

Григорий Марченко "Kaktus Media"-ға берген сұхбатында Қазақстан мен Қырғызстан мемлекеттерінің экономикалық дамуын салыстыра отырып, өз ойын білдіріпті. Сондай-ақ ол Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаевпен сөз таластыра алмайтындығын мәлімдепті. Себебі Григорий Марченко "Нақты дерекке, тұжырымдамаға сөз таластырған дұрыс" деп есептейді.

Сонымен қатар Григорий Марченко Алматы қаласы мен Қырғызстан мемлекетінің ішкі жалпы өнім көлеміне қатысты да пікір білдіріпті. 

"Алматының ішкі жалпы өнімі Қырғызстаннан көп, қазақтар жақсы тұра ма әлде қырғыздар ма және осы секілді тағы да басқа сөздер айтылды ғой. Мен туып-өскен Алматыда мұнай мұнаралары, мыс пен алюминий цехтары жоқ. Көрген емеспін де. Елімізге Құдайдың өзі сыйлаған, қазір бақуатты тұрмыс кешуімізге кепілдік беріп отырған ресурстардың бәрі Қазақстанның басқа өңірлерінде жатыр. Оның үстіне мемлекеттік бюджетке келіп түсетін бізден жиналатын салықтың біраз бөлігі еліміздің өзге өңірлерін қолдауға жұмсалады. Алматы – донор-қала. Қашаннан бері солай. Оған қоса Алматыға жақсы әкім бұйырмай келеді", – деді ол.

Оның айтуынша, Алматыны жақсы әкімдер басқарғанда және жиналған салықтар мен алымдар дұрыс мақсаттарға бөлінгенде Алматы мен Қырғызстанның ішкі жалпы өніміндегі айырмашылық әлдеқайда көп болар еді.

"Егер салықтың бәрі Алматыда қалғанда және жақсы әкімге жарығанымызда айырмашылық жер мен көктей болар еді. Сондықтан мәселе ресурста емес. Қаладан жиналатын жалпы салықтың үштен бірі қаржы секторынан шыққан кезеңдер де болды. 1990 жылдары зейнетақы және қаржы секторларында жүргізілген реформалар Алматының дамуына айырықша серпін берді. Әрине, тек қана салық емес, басқа да факторлар болды. Сондықтан бізде атқарылмаған кейбір істер, ол жақта нәтиже берді. Оның ішінде қосымша салық түсімдері еленбей келді", – деді Григорий Марченко.

Ұлттық банктің экс-басшысы зейнетақы мөлшеріне де тоқталды. Оның айтуынша, зейнетақы көлемін есептеуде адалдық керек.

"Егер адал есептесек, онда барлық дереккөзді ескеруіміз керек. Бізде – жинақтаушы зейнетақы жүйесі. Ал Қырғызстанда бұл жүйе жоқ", – деді ол.

Григорий Марченконың айтуынша, қазақстандықтар зейнетақыны үш дереккөзден алады: бірлескен зейнетақы жүйесі, зейнеткерлік жасқа жеткен қазақстандықтардың бәріне бірдей берілетін базалық зейнетақы және зейнетақы аударымдары.

"Егер осы үш дереккөзді қосып есептер болсақ, 2016 жылғы біздегі зейнетақы көлемі Қырғызстан Республикасынан үш есе артық боп шығады", – деді ол.

Сондай-ақ ол Алмазбек Атамбаевты Қырғызстанның премьер-министрі болып тұрған сәттен бері жақсы танитынын, жақсы қарым-қатынаста екенін жеткізді.

"Ол премьер-министр болғанда мені өзіне шақырды. Біз шамалы әңгімелестік. Сосын ол өз министрлерін шақырды. Жалпы бес сағаттай дидарластық-ау. Кейін Астанада бірнеше мәрте кездестік. Маған жылы шырай танытатын. Мен оған біздегі қаржы және зейнетақы реформалары туралы айтатынмын", – деп еске алды өткен күндерді Григорий Марченко.

Естеріңізге сала кетейік, Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев Қазақстанды өзі басшылық ететін елдегі президенттік сайлауға араласты деп айыптаған болатын. Мемлекеттік наградалар тапсырылған жиында көрші елдің басшысы "Қазақ билігі бізге өз кандидатын ұсынбақ", деп мәлімдеген еді.

"Олар Бакиевті жақсы көреді. Бакиевтер әлі күнге дейін мереке күндерін Қазақстанда өткізеді. Себебі біз қазақ халқына жақсы үлгі көрсетіп отырғанымыз жоқ. Нұрсұлтан Назарбаев дұрыс айтады. Алматының ішкі жалпы өнімі Қырғызстаннан бес есе, ал тұтас Қазақстанның ішкі жалпы өнімі Қырғызстаннан 20 есе артық. Қазақстанның орташа жалпы өнімі Қырғызстаннан 10 есеге көп. Ендеше Қазақстандағы зейнетақының көлемі неліктен 10 есе емес бар-жоғы бір жарым есеге артық.? Ал тарифтер неліктен бар-жоғы 5 есеге көп? (Қырғыз Республикасындағы ең төменгі зейнетақы – 1500 сом (7500 теңге), Қазақстан Республикасындағы ең төменгі зейнетақы – 45711 теңге (шамамен 9123 сом); Қырғызстандағы орташа зейнетақы – 5150 сом (шамамен 25801 теңге), ал Қазақстандағы орташа зейнетақы – 66051 теңге (13183 сом). Айырбас бағамы: 1 сом ­= 5,03 теңге. Демек, Қазақстандағы ең төменгі зейнетақы Қырғызстандағы минимальды зейнетақыдан алты есе артық. Орташа зейнетақы екі жарым есеге көп. – Автор). Себебі Қазақстанның байлығы қолды болып жатыр. Ал біз жаман үлгі көрсетіп отырмыз. Атамбаев – әділетті биліктің жаман үлгісі. Мен Өтемұратов секілді олигархтарды байытпас едім. Оған Бабанов пен Сариев ұнайды (Өмірбек Бабанов және Темір Сариев – Қырғызстан Республикасы президенттігіне кандидаттар. – Автор). Назарбаев Бабановпен кездескен кезде жас президент туралы дұрыс айтты. Бірақ кімге жас президент керек? Бізге ме әлде Қазақстанға ма? Мен Назарбаевтың бізге жас президент керектігі туралы айтқан сөзін құптаймын. Егер біздің көршілер өз-өздеріне келмесе, мен басқаша сөйлейтін боламын", – деген еді күтпеген жерден Қырғызстан президенті.

Қырғыз Республикасының көшбасшысы жиырма минутқа жуық баяндамасында "қазақ мәселесіне" бірнеше мәрте оралып, соқты және бұл мәселе оны алдағы президенттік сайлау қарсаңында қатты мазалайтыны анық байқалды. Сондай-ақ Қырғызстан басшысы 2017 жылдың 1 желтоқсанына дейін, яғни өзінің президенттік өкілеттілігі аяқталғанға дейін президенттікке үміткерлер Өмірбек Бабановпен және Темір Сариевпен "жақсылап сөйлесемін" деп қорқытты.

Григорий Марченконың айтуынша, 7 қазанда баяндама жасаған Алмазбек Атамбаевтың ауызынан нақты дерекпен сәйкеспейтін сөздер де айтылған.

"Біріншіден, Қазақстанның кіріс көлемі мұнайдың көптігіне байланысты емес. Ал Қырғызстанда мұнай жоқ. Бұл жерде қатты қателесіп отыр. Бұл мәселе қырғыз басшыларын көп жылдар бойы осындай ойға жетелеп келеді. Ал мен бұған қарсы бір ғана дүниені айтқым келеді. Біз 1993 жылы өзіміздің ең ірі кен орындарымыз – Теңіз бен Королевскоены жекешелендіру туралы шешім қабылдадық. Осы орайда, менің бұл шешімге ешқандай қатысым жоқтығын ескерткім келеді. Америкалықтармен бірлескен компаниялар жұмыс істеді. Бірнеше жылдан соң тағы бір ірі кен орны – Қарашығанақты жекешелендірдік. Иә, оны қымбатқа сатуға болар еді. Бірақ 1990 жылдары Қазақстанның мұндай бағыттағы тәжірибесі аздау еді. Нәтижесінде инвесторлар қомақты қаржы құйды. Қажетті инфрақұрылымды салды. Қазақстандағы мұнай мен газ өндірісі бірнеше есе өсті. Америкалықтар, кейін қытайлықтар экспорттық мұнай құбырларын орнатты. Осының арқасында біз мұнай-газ секторының салықтық түсімдерінен бүгінгідей мол кіріс алатын деңгейге қол жеткіздік", – деді Григорий Марченко.

Григорий Марченконың пікірінше, егер 1993 жылы Қырғызстан да осы жүйе бойынша гидроэлектрстанцияларын (ГЭС) жекешелендіргенде, бүгінгі күнге дейін айтылып жүрген ГЭС-тің жаңа каскадтарын аяқтағанда, Қытай, Үндістан, Пәкістан және басқа елдерге электр энергиясын жеткізетін экспорттық желілерді тартқанда елдің жағдайы қазір мүлдем басқаша болар еді.

1995-2005 жылдар аралығында Дүниежүзілік банкті басқарған Джеймс Вулфенсон бұл мәселемен көп айналысты. Қырғызстан басшылығымен де, Қытай тарапымен де келіссөздер жүргізді.

"Содан бері түк те істелген жоқ. Егер осының бәрін 1993 жылы атқарғанда, Қырғызстанның халық санын ескере отырып, бюджеттік түсімдерді есептесек, онда нақты көрсеткіш Қазақстанның мұнай-газ секторынан түсетін түсіммен бірдей болар еді. Сондықтан кіріс көлеміндегі айырмашылық Құдайдың Қазақстанға яки Қырғызстанға бергенінде емес, жүргізілген экономикалық саясатта болып тұр", – деді Григорий Марченко.

Сонымен қатар Ұлттық банктің бұрынғы басшысы кіріс көлеміндегі тағы бір айырмашылық жүргізілген реформаларға, дәлірек айтсақ, зейнетақы реформасына қатысты екенін айтты.

"Біз қолға алған зейнетақы реформалары бұл жақта әлі күнге дейін жүзеге асырылған жоқ. Бұл миссиямен айналысқан Дүниежүзілік банк жұмыстарды Ресейде, Украинада, Қазақстан мен Қырғызстанда бір уақытта жүргізді. Мұны USAID та бір уақытта қолдады. Украина мен Қырғызстанда ештеңе жасалған жоқ. Бірнеше жылдан соң Ресейде жартылай реформа жасалды. Оның қандай нәтиже алып келгенін қазір көріп отырмыз. Толыққанды зейнетақы реформасы тек қана Қазақстанда ғана жүргізілді", – деді Григорий Марченко.

Оның сөзінше, Қазақстан тарапы бұл туралы Қырғызстанды басқарған Асқар Ақаевқа, Феликс Куловқа, Алмазбек Атамбаевқа сан мәрте айтқан, ескерткен.  

"Әлі күнге дейін ештеңе атқарылған жоқ", – деп толықтырды сөзін Григорий Марченко.

Григорий Марченко ұлттық экономикалық мәселелерді шешуде пара алу туралы да өз ойын ортаға салды.

"Үшінші тақырып – өңірлік даму, транзиттік әлеует. Мұндай мүмкіндік Қазақстанда да, Қырғызстанда да бар. Нақты мысал келтірейін. Бізде Бішкек арқылы өтетін Бұқара – Алматы газқұбыры бар. Бұл құбырдың Қырғызстан аумағындағы бөлігі әрдайым мәселе туындатады. Себебі оны қаржының жоқтығынан қырғыз тарапы жөндемеген. Соның салдарынан мезгіл сайын Өзбекстанда газ тоқтап қалатын жағдайлар болды. Әсіресе, қыстыгүні. Алматыда да мұндай проблемалар болды. Себебі Қырғызстан тиісті қаржыны төлемейтін немесе тағы да басқа мәселелер туындайтын. Біздің тарап өз қаражатына газ құбырының Қырғызстандағы бөлігін жөндеу туралы ұсыныс айтты. Ол кезде премьер-министр қызметін Бакиев атқарған еді. Біздің мамандарға Бакиевтің көмекшісіне өз қаражатымызға газ құбырының қырғыз аумағындағы бөлігін жөндеуге рұқсат алу үшін белгілі бір көлемде ақша беру ұсынылыпты. Әлбетте, біз бұдан бас тарттық. Ақыры жөндеу жүргізілген жоқ. Кейін қытайлар салған ауқымды экспорттық газ құбыры Қырғызстанды айналып өтті. Осының бәріне кім кінәлі? Бұған қазақтың олигархтары, румынның хакерлері, америкалық арнайы қызметтің өкілдері, Мәскеудің шенділері кінәлі емес екені айдан анық", – деді ол.

Сондықтан Григорий Марченко "барлық мәселе елдің өз ішінде" деп есептейді.

Григорий Марченконың айтуынша, мемлекеттің тиімді дамуы үшін бірнеше фактор қажет.

Біріншісі – халықтың сеніміне ие болған заңды президент. Екіншісі – реформаторлар тобы.

"Реформаторлар тобы түрлі бағыттағы 10-15 адам ғана болуы да мүмкін. Олардың көбі жергілікті болғаны жақсы. Әйтпесе, 15 америкалық пен польшалықты алып келу тиімсіз. Олардың жергілікті жағдайларға бейімделуі өте ұзаққа созылады және қиын", – деді ол.

Өз кезегінде Григорий Марченко Қырғызстанда кеңесші болып жұмыс істеген, бірақ республикада реформа жасауға көмектесе алмаған америкалық экономист Джеффри Саксты еске алды.

Григорий Марченконың пікірінше, үшінші фактор – кәсіби аппарат.

"Реформаторлар түрлі реформалар жазып тастауы мүмкін. Басшылық оны үкімет пен парламент арқылы өткізеді. Алайда аппарат оны дұрыс қабылдауы керек. Ешқандай дүрлігу болмауға тиіс. Сондай-ақ реформалар ешқандай бұрмалаусыз дұрыс қабылдануы шарт", – деді ол.

Григорий Марченко ең соңғы фактор ретінде қолға алынған реформаларды халық арасында дұрыс түсіндіруді атады.

"Егер 1990 жылдарға үңілсек, бізде бәрі бірдей болды. Алматыдан Бішкекке қатынау уақыты үш сағат еді. Бішкек – біз үшін ең жақын қала. Талдықорған жеті шақырымға алыс жатыр. Аппарат деңгейі де бірдей болды. Реформаторлар бізде де, оларда да болды. Бірақ қырғыз реформаторларын ешкім біріктірген емес. Сіздерде реформа үшін ең қажет дүние саяси ерік болды. Бәлкім, бұл мәселенің қырғыз халқына, қырғыз шенеуніктеріне қатысы жоқ шығар. Бірақ елдің ең жоғары билігіне осыған араласуы керек еді. Яғни үш президент пен 30 премьер-министр атқаруы керек-тін. Бір қызығы, олардың біразы әлі күнге дейін сайлауға түсіп жүр және өзгеріс үшін бәрін жасаймыз дейді. Ал бұған дейін оларға кім бөгет болыпты? Олар көп жағдайда өз проблемалары мен бизнестегі қызығушылықтың тұтқындары", – деді Ұлттық банктің бұрынғы басшысы.

Григорий Марченконың айтуынша, ең алдымен үміткерлердің Қырғызстан президенттігіне неліктен түсіп жатқанын бағамдап алу керек.

"Сіздің президент әділ сайлау өткіземін деді. Ал сайлауға түсіп жатқан адамдар біздің елге коммерциялық тұрғыдан "байлаулы". Демек, мұны асырасілтеу деп ұғынған дұрыс шығар. Бабановты алайық. Ол – ірі кәсіпкер. Қырғызстанда, Ресейде және басқа да мемлекеттерде инвестициялары һәм бизнес-серіктестері бар. Ол – инвестор. 1940 жылдары Грем айтып кеткендей, инвестордың басты ережесі – өз инвестициясын қорғау. Сондықтан ол өз инвестициясын қорғайды. Егер мүмкіндік туса, оны еселеуге тырысады. Дұрыс па?! Сондықтан ол ешқандай азаматтыққа қарамастан достары мен серіктестерін өзіне қолдау көрсетуге шақырады, – деді Григорий Марченко. – Мәселен, Өтемұратовты алайық. Ол да – қазақтың үлкен бизнесмендерінің бірі. Оның да Қырғызстанда бизнеске қатысты өз қызығушылығы бар. Олар қызығушылықтарын бірге қорғайды. Мүмкіндік болса, әрине. Атамбаев да кәсіпкер емес пе?! Мемлекетті өз билігіне бизнес-жоба ретінде қарамайтын адамдар басқаруы керек. Мұндай адамдар қандай да бір бизнес-жобаның емес, бұл елді жақсылыққа бастайтын және барша халық қызғушылық танытқан реформаларды жүзеге асыруы керек".

Оның айтуынша, кәсіпкерлер Қырғызстандағы президенттік сайлауға қатысуға толықтай құқылы. Бұл ретте республика басшылары мемлекеттің басқа елдермен жаһандық бәсекелестікке түсетінін ұмытпауы керек.

"Біз жаһандық бәсекелестік жағдайында өмір сүріп жатырмыз. Мұнда дамыған, гүлденген жеке экономиканы құру мүмкін емес. Барлық өңір дамуға тиіс. Қырғызстанда бәрі дұрыс болуы үшін Қазақстанда, Өзбекстанда, Ресейде, Қытайда бәрі ойдағыдай болуы керек", – деді Григорий Марченко.

Еркебұлан Қыздарбек, Жанболат Мамышев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу