Халықты көмірмен қамтуға және оның бағасын белгілеуге әкімдер жауапты – Бақытжан Сағынтаев

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3930

Көмір тасу жоспарын орындамаған өңірлер бар.

Халықты көмірмен қамтуға және оның бағасын белгілеуге әкімдер жауапты – Бақытжан Сағынтаев

Қазір қара отын зәрулігінің зардабын тартқан жандарға көмірді айтсаң, көңілі бұзылады. Қос бүйірден қысқан былтырғы тапшылық тағы да қайталана ма деген алаң ғой. Ал ел үкіметі биыл жағдай тұрақты болады деп сендіруде.

"Халықты сапалы көмірмен қажетті көлемде уақытылы қамтамасыз ету және оған баға белгілеуге өңірлердің әкімдері тікелей жауапты. Ішкі нарықта өткен жылғыдай жағдайға жол бермес үшін өңір әкімдері екі апта ішінде көмірді даярлау және сату пункттерінің жай-күйіне, көмірді жеткізу кестесіне, бағаның негізділігі мен сапасына тексеру жүргізуі керек. Қажет болған жағдайда бұл жұмысқа орталық мемлекеттік органдардың тиісті аумақтық бөлімшелері мен "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдерін тарту қажет", – деді Бақытжан Сағынтаев үкімет отырысында.

Премьер-министр әлеуметтік сала объектілері мен тұрғын үйлерді жылумен, энергиямен уақытылы және сапалы қамтамасыз етуге әкімдер жауапты екенін еске салды. "Тұтынушыларды, әсіресе, халықты көмірмен қамтамасыз етуге ерекше назар аудару қажет", – деп сөзін нықтай түсті үкімет басшысы.

Бақытжан Сағынтаев бұл мәселеге баса көңіл аударып отырғаны түсінікті. Былтырғы көмір тапшылығы мен бағаның негізсіз шарықтауы қайталанбасын деген тілек қой. Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек жылыту маусымына дайындық жұмыстары тұрақты бақылауда екенін алға тартып отыр. Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың да айтқанына сенсек, шешімін таппай отырған күрделі мәселе жоқ. Бұл ретте,  жылыту маусымына дайындық, маусымды өткізу, электр станциялары мен коммуналдық-тұрмыстық секторларды және халықты көмірмен қамтамасыз етуге мониторинг жасау жөніндегі штаб құрылған.

Жеңіс Қасымбектің дерегіне сүйенсек, 2018 жылдың 7 айында 60 млн тонна көмір өндірілген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,3 млн тоннаға артық.

"2018-2019 жылдар кезеңінде тұрғындарға, коммуналдық-тұрмыстық кәсіпорындарға және бюджеттік ұйымдарға қажетті көмір көлемі 9,8 млн тоннаны құрайды. Оның 2,3 млн тоннасы коммуналдық-тұрмыстық кәсіпорындар мен бюджеттік ұйымдарға, ал 7,5 млн тоннасы тұрғындардың тұтынуына жоспарланған", – дейді Жеңіс Қасымбек.

Министрдің айтуынша, биыл жылу беру маусымына дайындық басталғалы, яғни 1 мамырдан 16 тамызға дейін темір жол арқылы 18 621,2 мың тонна көмір тасымалданған. Бұл 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 753,9 мың тоннаға (4,2%-ға) артық.

"Тасымалданған 18,6 млн тонна көмірдің 2,8 млн тоннасы коммуналдық-тұрмыстық қажеттілікке тиесілі. Ол 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 600 мың тоннаға артық. Жалпы республика бойынша көмір тиеу 91%-ға орындалды. Қазір тасымалдауға "Қазақстан темір жолының" шамамен 9 мың вагоны жұмылдырылған. Тасымалдау көлемі ұлғайған жағдайда басқа теміржол әкімшіліктерінен 1000 вагон тартылатын болады", – дейді Жеңіс Қасымбек.

Дегенмен, кейбір өңірлерде көмірді жеткізу жоспары орындалмаған. Мәселен, Жамбыл облысында жылу беру маусымынан тамыз айына дейін жоспар бойынша 71 мың тонна көмір жеткізілуі керек еді. Нақты іс жүзінде 24,7 мың тонна ғана жеткізілді. Яғни, жоспар 34,8%-ға ғана орындалған. Сол секілді Алматы қаласының жоспары 61%-ға орындалыпты. Жоспарды артығымен орындаған өңірлер де жоқ емес. Бұл қатарда Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Павлодар облыстары бар.  

Бұдан бөлек, жоспарға өңірлер 1 қыркүйекке қарай білім беру нысандарының 100% дайындығын қамтамасыз етуге, 15 қазанға дейін барлық нысандардың дайындығын аяқтауға міндетті. Жергілікті атқарушы органдардың деректеріне сүйенсек, қазір 10 232 білім беру нысаны қысқы маусымға дайын. 6 298 денсаулық сақтау нысанының 95%-ы әзір. Жоспарланған 45 503 тұрғын үйдің 79%-ы жөнделді", – дейді инвестициялар және даму министрі.

Энергетика министрінің есебінше, бүгінде электр станцияларындағы 4 энергоблоктың жөндеу жұмыстары аяқталған. Сондай-ақ 20 қазандық жөнделген. 20 турбина да шеберлердің қолынан өтіпті. Қазіргі уақытта 4 энергоблокты, 31 қазандықты және 25 турбинаны жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

"21 мың шақырым электр желілері және 497 қосалқы станция жөнделді. Орталықтандырылған жылумен жабдықтау аймағындағы 568 қазандықтың 413-і қысқы маусымға дайын. Электр станцияларында 2,8 млн тонна көмір және 81 мың тонна мазут қоры әзірленді. Бұдан бөлек, орталықтандырылған жылумен қамтамасыз ету аймағындағы қазандықтарда 979 мың тонна көмір мен 32 мың тонна мазут жинақталған", – дейді Қанат Бозымбаев.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу