Халықтың депозиттегі ақшасы рекордтық деңгейге жетті

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
4467

Ал депозиттегі доллардың үлесі ең төменгі көрсеткішке түсті. 

Халықтың депозиттегі ақшасы рекордтық деңгейге жетті

Жыл басынан бері банктерге депозитке салынған ақша алғаш рет өсім көрсетіп отыр, деп хабарлайды Ұлтты банк. Ресми мәліметке сай, аталған көрсеткіш алғашқы жартыжылдықта 1,9% көбейген.

Соның ішінде халық пен бизнес артық ақшасын негізінен теңгемен сақтай бастады. Оған дәлел, теңгедегі депозиттің алты айда 8,2%-ға (751,5 млрд теңге) өскені. Ал шетел валютасындағы депозит осы уақытта 4,9% азайып кеткен. Жыл басындағы доллар бағамын қазіргі бағаммен қайта есептер болсақ, аталған көрсеткіш тіпті 7,4% төмендеген. Осылайша, маусым айының соңындағы көрсеткіш бойынша, депозиттегі ақшаның 44,5%-ы шетел валютасымен сақталған. Бұл ең төменгі көрсеткіш ретінде тіркеліп отыр. Салыстыру үшін айта кетейік, 2016 жылдың қаңтарында депозиттегі ақшаның 69,9%-ы шетел валютасында еді. 2017 жылдың қаңтарында бұл көрсеткіш 53% шамасында болса, биыл жыл басында 46%-дан астам еді.

Теңгедегі депозитке банктердің ұсынған жылдық орташа өсімі 2017 жылғы желтоқсандағы 8,2%-дан 2018 жылы маусымда 7,4%-ға төмендеді. Соның ішінде заңды тұлғалардың мерзімді депозиттері бойынша мөлшерлеме 8%-дан 7,1%- ға дейін, жеке тұлғалардың мерзімді депозиттері бойынша 11,7%-дан 11,2%-ға дейін төмендеді. Теңгелей салымдар бойынша мөлшерлеменің төмендеуіне Ұлттық банктің бекіткен базалық мөлшерлемесінің 2017 жылдың соңындағы 10,25%-дан қазіргі 9%-ға дейін төмендетуі түрткі болды.

Жеке тұлғалар депозиттерінің көлемі депозиттердің жалпы көлемінің 47%-ын құрай отырып, 8 384,8 млрд теңге болатын тарихи ең жоғары мәнге жетті. "Бұл халықтың банк жүйесіне деген сенімінің артқанын білдіреді", деп жазады бас банктың баспасөз қызметі. Ұлттық банктің мәліметінше, бүгінде депозиттер халық үшін кірістілігі жоғары, қаражаттың сақталуын қамтамасыз ететін тартымды құрал.

Заңды тұлғалардың депозиттері де жылдың басынан бері 0,8%-ға ұлғайған. Өсім қарқынының бәсеңдігі шетел валютасындағы депозиттер үлесінің 42,4%-ға дейін төмендеуіне ықпал етті.

Жалпы, халықтың депозиттегі ақшасының өсіміне түрткі болған негізгі фактор теңгемен ашылған депозиттің көбеюі. Бұл орайда жаңадан депозит ашушылар былтырғымен салыстырғанда екі есеге өскені және шетел валютасындағы депозит иелері ақшаларын теңгеге көшіруі ұлттық валютаның депозит нарығындағы теңгенің үлесін едәуір көбейтіп отыр.

Естеріңізге сала кетейік, 2018 жылғы маусымның қорытындысы бойынша депозиттер бойынша сыйақы мөлшерлемесі еркін айырбасталатын валютада 1,2%-ды (2017 жылғы желтоқсанда - 1,5%) құрады. Банктер халықтың еркін айырбасталатын валютамен мерзімді салымдарын 1,8% (2,1%) мөлшерлемесімен, заңды тұлғалардың салымдарын 0,9% (1,2%) мөлшерлемесімен тартты.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу