"Центркредитбанк" (ЦКБ) АҚ-тың акцияларының бақылау пакетін бақылайтын (51,93%) International Finance Group (IFC, Дүниежүзілік банк тобына кіреді) және кореялық Koоkmin Bank өздерінің банктегі үлесін сатып алатындар туралы мәлімдеді. Оның ішінде банктің қазіргі акционері Бақытбек Байсейітов, сонымен бірге президент әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбековке жақын құрылымдар бар. Бұл хабарламаны 1 ақпан күні ЦКБ сілтеме жасап, Қазақстан қор биржасы (KASE) жариялады.
Банк хабарламасында жазылғандай, IFC өз акцияларын (10%) сатып алуға ұтымды сатып алушы ретінде қазіргі акционер Бақытбек Байсейітовті таңдады. Ал Koоkmin Bank-тің үлесін Бақытбек Байсейітов атынан инвесторлар консорциумы, сондай-ақ "Цеснабанк" АҚ және "Цесна" қаржы холдингі сатып алады.
Келісімді реттеуші органдар мақұлдайды деп көрсетілген хабарламада. Меншік иесін ауыстыру рәсімін аяқтаудың болжамды мерзімі – 2017 жылдың II тоқсаны. Келісімге қатысты басқа мәліметтер әзірге жарияланбай отыр.
"Толық ақпаратты тараптар арасында сатып алу-сату келісімі жасалып, талаптары келісілгеннен кейін банк (ЦКБ) береді", – дейді ЦКБ.
Жаңалық бүгін түстен кейін шықса да, ЦКБ-ның акциялары құнына еш әсер етпегенін KASE-нің бүгінгі сауда күнінің соңындағы мәліметтен көруге болады.
Осыдан екі апта бұрын кореялық іскери БАҚ оңтүстік кореялық Koоkmin Bank қазақ "еншілесінің" капиталынан шығуы мүмкін екенін жазған болатын. Онда қазақ "еншілесінің" жұмысына қатысқан 10 жыл ішінде кореялық инвесторларға келген шығын – оның шығуына басты себеп деп көрсетілген.
Қазақстанда жұмыс істеген 8 жыл ішінде Koоkmin Bank-ке 940 млрд воннан (шамамен 800 млн доллар) астам шығын келген деп жазды Yonhap news. Кореялық банкке сілтеме жасаған басылым мәліметі бойынша келтірілген шығын себебі – жаһандық қаржы дағдарысы, сонымен бірге теңгенің құнсыздану болған, Оңтүстік кореялық басылым қалыптасқан жағдайға байланысты Kookmin Bank өзінің акцияларын сату есебінен келтірілген шығынның орнын толтырмақ деп көрсетіп отыр.
Koоkmin Bank Қазақстаннан кетуі мүмкін деген жаңалықтың ұшы шыққан соң ЦКБ акцияларының құны KASE-де 6%-ға дейін қымбаттады, алайда кейін баға бұл жаңалыққа дейінгі құнына, бағалы қағазға 160-170 теңгеге, қайта келіп, реттелді.
"Банктің қаржылық ахуалы жақсы, сондықтан баға "капитал және сыйақы" қатынасынан шығуы мүмкін", – дейді Privat Asset Managment сараптама департаментінің басшысы Дамир Сейсебаев.
"Болашақ құнына келсек, оған ынталандыру факторы едәуір әсер етеді: мәміле жасасуға қай тарап мүдделі болса, сол банктің теңгерім құнынан бастайтыны сөзсіз", – деп баса айтты "Сентрас Секьюритиз" АҚ басқармасының төрағасы Талғат Қамаров.
"Бүгінгі күні банк секторының тиімділігі күрт төмендеді, несие беру тұралап қалды, ал қор жинау мүлде жоғалды, бұл нарықтағы бәсекелестікті қаталдандырып, бағаның төмендеуіне әкеп соғады. Қазақстанда банктердің шоғарылануы тым жоғары және IT-технологиялардың қарыштап дамуын ескерсек, штатты және филиалдар желісін оңтайландыру мәселесі туындайды. Оның үстіне 2020 жылдан бастап шетелдік банктер Қазақстанда өз филиалдарын ашуға мүмкіндік алатын ДСҰ іске қосылатын уақыт алыс емес. Олар келгенше дайындалып, аяғымызға нық тұрып алуымыз шарт", – деп сипаттайды ол нарықтың жай-күйін.
"Центркредитбанк" АҚ Қазақстан банктерінің активтерінің көлемі жөнінен бесінші орында. Оның қарыз қоржыны 2016 жылдың желтоқсанының басында 900 млрд теңгеден (шамамен 2,73 млрд доллар) асқан. Қайтарылмайтын қарыз (NPL) барлық несиенің 9,17%-ын немесе 83,05 млрд теңгені құрайды. Банк капиталы 92 млрд теңгеден (278 млн доллар) асады. 2016 жылдың 11 айында түскен таза пайда – 2,53 млрд теңге (7,6 млн доллар).
"Цесна" корпорациясы" АҚ 100% "Цесна" Қаржы холдингі" АҚ-ға тиесілі, оған "Цеснабанк" АҚ-ның 50,93% акциясы тиесілі. Басты корпорацияның ірі акционерлері Қазақстан президенті әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбеков (35%), оның ұлы Дәурен Жақсыбек (39,2%) және оның ағасы Серік Жақсыбек(9,9%). Мәлімет компанияның аудиторлық есебінен алынды және 2016 жылдың басында өзекті. 2017 жылдың 1 қаңтарындағы KASE-нің мәліметі бойынша "Цесна Қаржы холдингі" АҚ-ның "Цеснабанктегі" үлесі банктің 63,28% қарапайым акциясына дейін өсті.
Бақытбек Байсейітов – ЦКБ-ның ірі акционері (31,46%) және директорлар кеңесінің төрағасы. Forbes Kazakhstan бизнесменнің әл-ауқатын 435 млн долларға бағалап отыр.
Арман Жақып