Ілгерілеу болғанымен, ет, сүт өндірістерінде іркіліс бар

5013

Жамбылдық кәсіпкерлер топтасқан Whatsapp-тағы "Сауда" чаты арқылы 22,6 млн теңгенің өнімі өткерілген. 

Ілгерілеу болғанымен, ет, сүт өндірістерінде іркіліс бар

Бұл чатта 200-ден астам бизнес субъектісі бар. Былтыр тауар өндірушілер мен сауда нысандары арасында 40 кездесу ұйымдастырылған.

Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Олжас Қаржауовтың сөзінше, өңірдегі компанияларды электрондық сауда алаңдарына шығаруға жәрдемдесу жұмыстарын белсенді жүргізіліп жатыр.

"Биыл мемлекеттік сатып алуға бөлінген қаржының жеңіл өнеркәсіпке бөлінгені 1,5 млрд теңгеден асса, жиһаз өнеркәсібіне 1 млрд теңгені құрайды. Кәсіпкерлер палатасы ұсынған индустриялық сертификаттардың арасында былтыр 6 кәсіпорын 160 млн теңгеге мемлекеттік тапсырыс алған еді. Өйткені, индустриялық сертификаты бар кәсіпкерлер конкурска қатысу кезінде басымдыққа ие болады", – деді ол.

Олжас Есалханұлы өткен жылы бизнестің құқын қорғау бойынша палатаға 272 жазбаша, 400-ден астам ауызша өтініш түскенін де жеткізді. Арнайы сарапшылар 27 сот талқылауына қатысса, оның ішінде 16 іс бойынша сот кәсіпкерлердің пайдасына шешім шығарған. Сондай-ақ, палатаның араласуымен кызметке кедергі келтірген 16 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

"Кәсіпкерлер палатасы мемлекеттік бағдарламалар бойынша 18 мыңға тарта адамды оқытты, олар негізінен "Бизнес Кеңесші", "Бизнес өсу", "Іскерлік байланыстар" құралы, "Бастау" жобасы, "Жас кәсіпкер" пилоттық жобасы, "Кәсіпкерлік негіздері" пәні бойынша білім алды", – деген О.Қаржауов Жамбыл өңірінде лимон, анар, жүзім және бадам өсіруді үйрететін семинарлар да өткенін мәлімдеді. Ал оған спикерлер ретінде отандық және шетелдік сарапшылар шақыртылған.

Кәсіпкеолер палатасының директоры соңғы жылдары аймақта микрокредиттер мен гранттар көлемінің өсу динамикасы байқалатынын сөз етті. Мәселен, арғы жылмен салыстырғанда 2019 жылы қаражат көлемінің өсуі 2,7 есе артқан. Сондай-ақ, 4031 млн теңгеге 1184 жоба қолға алыныпты.

"Жамбыл кәсіпкерлері "Қарапайым заттар экономикасы" бағдарламасының мүмкіндіктерін белсенді пайдалануда. Қазіргі кезде өңірлік жобалық кеңсенің жұмысында 102 жоба бар. Осы бағдарламаның арқасында 66 компания 67 млрд теңгеге қаржылай қолдау алды. Ал ауыл халқының табысын арттыру бойынша пилоттық жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайызбен 7,2 миллиард теңге бөлінді. Палата жанынан құрылған "Атамекен Тараз" микроқаржы ұйымы да облыс кәсіпкерлерін қолдауға бағытталған. Былтыр шамамен 580 млн теңгеге 117 жобаны несиелендірді", – деп атап өтті Олжас Есалханұлы.

Десе де, Жамбыл облысындағы 18 сүт өңдеу кәсіпорындарының 15-і ғана жұмыс істеп тұр екен. Олардың жалпы қуаты 98,1 мың тоннаны құрағанымен, кәсіпорындардың жұмыс істеу қуаты 40 пайыздан аспайды. Ет өңдеу және май өндіру салаларында да жағдай осыған ұқсас.

"Бұл ретте биыл өңдеу саласының проблемалық мәселелеріне талдау жүргізуді, қосымша жүк жөнелтуге көмек көрсетуді, дайын өнімдерді өткізуді ұйымдастыруды, қаланың ірі сауда желілеріне және көршілес облыстарға жылжытуды жоспарлап отырмыз" – деді палата жетекшісі.

Әсел Мұратбекқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу