Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің артуына биліктің қолдауы мен ынталандыруы тікелей ықпал етіп жатыр. "ҚМ компаниялар тобының" бас директоры, Президент сыйлығының иегері, шығысқазақстандық кәсіпкер Қайрат Мусин осылай дейді.
Оның сөзінше, Қазақстан шағын, орта және ірі бизнесті дамытуға ерекше назар аударады және кәсіпкерлерге нақты көмек көрсетеді.
"Елімізде стартап жобалар мен бизнес бастамаларға, инновациялық идеяларға грант тағайындау үдерісі үздіксіз жалғасып келеді. Кәсіпкерлердің алдынан шығатын әкімшілік кедергілер, заңсыз тексерулер жойылып жатыр. Түрлі мемлекеттік бағдарламалар, салықтық жеңілдіктер кәсіпкерлердің адымын ашып, еңсесін тіктеді. Нәтижесінде кәсіпкерлер еліміздің өсіп-өркендеуі мен дамуына қаржы құя бастады. Мұның барлығы Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың: "Алдымен, экономика! Содан соң, саясат" деген бастамасы аясында жүзеге асты", – деді ол.
Оның сөзінше, жаңа Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Тұңғыш Президенттің бастаған ісін жалғастыра отырып, халыққа сабақтастықтың жемісін жегізеді.
"Жаңадан сайланған Президенттің әлем мойындаған дипломат екенін жақсы білеміз. Алдағы уақытта халықаралық байланыс пен ынтымақтастықтың тамыры тереңдеп, шет мемлекеттермен сауда-экономикалық қарым-қатынасымыз жаңа деңгейге көтерілетіне сенеміз", – деді Қайрат Мусин.
Ол Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамда түсініспеушілік болмау үшін адамдар жұмыспен қамтылуы, лайықты жалақы алуы тиіс екенін айтқанын тілге тиек етіп: "Біз Президенттің сөзін қолдап, жаңа жұмыс орындарын ашамыз", – деді.
Кәсіпкердің айтуынша, ел ішіне іріткі қажет емес. Инвесторларды тұрақтылығы шайқалған ел қызықтырмайды. Ереуіл мен бүлік, алаң мен айқай әлеуметтің әлеуетін арттырып, мәселесін шешпейді. Мәселе келісіммен, түсінісумен, тіл табысумен ғана шешіледі.
"Саяси толқу әлеуметтік, экономикалық дағдарысқа бастайды. Бізге бұл қажет емес. Аттанға айқай қосатындар осыны ойламайды. Сыртқы күштердің ықпалына ерген псевдопатриоттар өз халқына жақсылық емес, жамандық жасаушы болып саналады. Оларды жардың шетінде тұрған адамды ту сыртынан итеріп жіберген қаскөйдің қатарына қосуға болады", – деді Қайрат Мусин.
Оның пікірінше, кез келген қоғамда кемшілік, ағаттық болады. Оның барлығы ақылмен, сабырмен шешіледі. Заңның солқылдақтығы, жүйенің қателігі әлемнің барлық елдерінде бар.
"Бізде ғана барлығы жаман" деп артық айту, әсіре сөйлеу дұрыс емес.
"Қазақстан әлемнің ең озық 30 елінің қатарына енуді көздеп отырған ел. Бұл үшін бізге жатпай-тұрмай еңбек ету керек. Жасыратыны жоқ, бір қайнауы ішінде қалған бірқатар заңдар, асығыс қабылданып кеткен реформалар сияқты кемшіліктер жоқ емес, бар. Бірақ осылай екен деп аттандауға болмайды. Бізге нақты іспен, яғни кәсіппен айналысу керек", – деді ол.
Қанат Махамбет