Ипотека арзандады

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
6268

Алматы мен Астанада субсидияланатын несиенің шекті бағасы 20 млн,  облыстарда 15 млн теңге болып бекітілді.

Ипотека арзандады

"Нұрлы жер" тұрғын үй құрылысы бағдарламасының қаржылық операторлары "Қазақстандық Ипотекалық Компаниясы" ипотекалық ұйымы ел азаматтарына ипотека бойынша несиені субсидиялайды" деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.

"Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша субсидияланған несиенің сыйақы мөлшері 10%-ды құрауы тиіс. Ұлттық банктің базалық мөлшері төмендеген кезде субсидия мөлшері жаңадан берілетін қарыз бойынша қысқартылады.   

Субсидиялау кезінде алғашқы жарна көлемі 30%-ға төмендетіледі. Бағдарлама аясында субсидия сомасына шектеу қойылады. Бүгінгі таңда Алматы мен Астанада субсидияланған несиенің шекті бағасы 20 млн, облыстарда 15 млн теңгені құрап отыр.

"Нұрлы жер" бағдарламасы ипотекалық нарықтың жандануына бағытталған. Бүгінгі таңда тұрғын үй сатып алғысы келген адамдарға банктер жоғары тариф ұсынады. Біз баспаналы болғысы келетіндерге қолдау көрсетеміз", – дейді ҚИК төрағасы Әділ Мұхамеджанов.

Қазіргі уақытта елдегі банктермен осы бағдарламаға қатысты келіссөз жүргізілуде. Бүгінге дейін ҚИК "Банк ЦентрКредит" АҚ, "АТФБанк" АҚ, "Сбербанк" АҚ, "Bank RBK" АҚ, "Цеснабанк" АҚ, "ТұрғынҮйҚұрылысЖинақБанкі" АҚ. "ТенгриБанк" АҚ сынды қаржы ұйымдарымен келісімге келген.

Осыдан сәл ертеректе инвестициялар және даму министрлігі құрылыс жəне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов бұл жеңілдікке Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшылары ғана ие бола алатынын айтқан еді.

"Мемлекет ипотеканың құнын азайту үшін жаңадан салынған үйлерден пәтер сатып аламын деген кісілерге 10 пайызбен, ал жеке үй саламын деген азаматтарға 5 пайызбен ипотека береді. Бұл ипотекалар "Қазақстан Ипотекалық компаниясы" АҚ арқылы субсидияланады", – деген болатын Мархабат Жайымбетов.

Сонымен қатар ол құрылыс комитеті мен "Қазақстан ипотекалық компаниясы" екінші деңгейлі банктерді 17 пайызбен ипотека беруге көндіріп жатқанын мәлімдеген. Бұған келіскен банктердің 17 пайыздық ипотекасының 7 пайызын мемлекет субсидиялайтынын, қалған 10 пайызын азаматтардың өздері өтейтінін тілге тиек еткен.

"Жеке тұрғын үй саламын деген азаматтарға да тура осы механизмнен өту керек. Алайда олар несиені 10 емес, 5 пайызбен төлейді. Ипотеканы субсидиялау үшін 10 млрд теңге жұмсалады. Нәтижесінде 600 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланып отыр", – деген еді Мархабат Жайымбетов.

Сонымен бағдарламаға қатысушылар нені білуі керек? Ең бастысы бұл жерде кез келген отандасымыз бағын сынап көре алады. Баспаналы болу үшін ипотека алған банкке барып, бағдарламаға қатысу туралы өтініш қалдыру керек. Оған мына құжаттар қажет: қарыз алушы мен оның отбасы мүшелерінің куәлігі, неке туралы немесе некенің бұзылғаны туралы куәлік, кәмелетке толмаған бала болса, оның туу туралы куәлігі, жұмыс орнынан соңғы бір жылдағы еңбекақысы туралы анықтама және еңбек келісімшарты немесе еңбек кітапшасының көшірмесі.

Банк  құжаттарды 3-7 күн қарайды. Талапқа сай құжаттар ҚИК-ке жөнелтіледі. Олар субсидия беру-бермеу туралы шешім қабылдайды. Бұған үш күн уақыт кетеді. Олар сізге субсидия беру үшін мойныңыздағы ипотеканың мерзімі 15 жылға дейін болуы керек. Есепшотыңызда сатып алғыңыз келетін үй құнының 30 пайызы тұруы тиіс. Бұл сіздің алғашқы үйіңіз болуы шарт. Ал үйдің құны Алматы мен Астанада 20 млн, басқа өңірлерде 15 млн теңгеге дейін болуы керек.

Субсидия 10 жылға беріледі. Ескеретін мәселе: қарыз алу, қызмет көрсету мен келісімшарт түзу кезінде комиссия алынбайды; пәтер банктің кепілдігінде қалады,  субсидия тек жаңадан салынған үйлерге (қайталама нарық емес) ғана беріледі, бағдарлама тек пәтерлерге ғана қатысты, жер үйлерге қатысы жоқ.

Сөз соңында елдегі банктердің жалпы ипотекалық несиелендіру шарттарымен қысқаша таныстыра кетуді жөн көрдік. Мәселен, Сбербанк банктің жылдық пайыздық үстемесі 14,5 пайыз болса, ағашқы салым көлемі 30 пайызды құрайды. Ал Altyn Bank-тен ипотека алғысы келетін адам 40 пайыз алғашқы салым салып, кейін жылына 17 пайыздық үстемеге көнуі тиіс.

Центркредит банктің де алғашқы салымы 40 пайыз, ал жылдық үстемесі 16,5 пайызды құрайды. Халық банкке алғашқы жарна ретінде үй құнының 40 пайызын салу керек. Олардың жылдық үстемеақысы  17,5 пайыз.  РБК банктің жылдық үстемесі 19 пайызға дейін жетеді. Алғашқы салымы 40 пайыз.

Qazaq банкінің де алғашқы салымы 40 пайыз, жылдық үстемесі 20 пайыз. Форте банктің 40 пайыздық салымын салғаннан кейін жыл сайынғы үстемесі 21,49 пайыз. Цеснабанк алғашқы салымға үйдің 40 пайызын сұрайды. Одан кейін жыл сайын 20,5 пайыз үстеме төлеуді міндеттейді.  Альфа банк пен Еуразиялық банктердің де алғашқы салымдары 40 пайыз, ал жылдық үстемелері 23 және 26 пайыз.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу