Жаңа Салық кодексі адал салық төлеушілердің мүддесін қорғайды

Клара Ларина Клара Ларина
3980

Үкімет 2018 жылы қолданысқа енетін жаңа салық кодексінің соңғы нүктесін қоюға дайын. 

Жаңа Салық кодексі адал салық төлеушілердің мүддесін қорғайды

"Салық кодексінің (СК) ілеспе заңдарына көптеген түзетуді енгізуге қарсы болып отырмыз. Кәсіпкерлердің ұлттық палатасының статистикасы бойынша, қазіргі салық кодексі 2008 жылдан бастап қолданысқа енген, оған 400-ден астам түзету енгізілген. Сондай-ақ ғылыми-құқықтық сараптама институтының статистикасына қарайтын болсақ, салық кодексі әрбір 23 күн сайын өзгереді. Осы және басқа салаға толықтырулар енгізілетіндіктен, нақты салық ережесі де өзгеріске ұшырайды. Ал бизнес болса бұған үлгермей жатады. Сондықтан өзгертулердің санын қысқарту үшін барлық қажетті түзетулерді шоғырландырып, бір заң жобасы негізінде енгізуді ұсынып отырмыз. Сонда бизнеске 1 шілдеге дейін бір заң негізінде қабылданған СК-ге енген өзгеріспен танысуға уақыт  болады", – деді ҚР ұлттық экономика министрлігінің салық және кедендік саясат департаментінің директоры Азамат Әмірин Шымкентте өткен жаңа салық кодексі жобасын талқылауға арналған семинарда. 

Көптеген түзетуді жою – бұл жаңа кодекстің негізін құраушы идеологияның бірі. Азамат Әміриннің айтуынша, бұл адал салық төлеушілердің мүддесін қорғайды.

Ол жаңа идеологияның бірінші тармағы – барлық түсініксіздік пен олқылық салық төлеушінің пайдасына түсіндіріледі деген негізгі қағидаға саяды деп атап көрсетті.

"Қазіргі уақытта даулы жағдай туындап жатса, салық органы қосымша есептеу жасайды, содан кейін сот талқылауы болады, – деп түсіндірді Азамат Әмірин. – Ал жаңа қағида қаржы министрлігінде осы жылдың 1 шілдесінде құрылған аппеляциялық комиссияның шағымдарды тексеруі кезінде қолданылады. Оның құрамында ұлттық экономика министрлігінің және "Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасының, сондай-ақ қаржы министрлігінің өкілдері,  мемлекеттік кіріс комитеті мен салалық мемлекеттік органдардың мамандары бар. Мұндай жағдай жиі болады, яғни шын мәнісінде салық төлеушінікі дұрыс, ал заң тұрғысынан алып қарайтын болсақ, онікі дұрыс емес болып жатады. Енді қаржы министрлігінде шағымдарды қарау кезінде аталған қағиданы басшылыққа ала отырып, мәселені салық төлеушінің пайдасына шеше аламыз".

Сондай-ақ ол идеологияның жаңашылдығы, яғни қосымша есептеу негіздемесі талаптарын күшейту және жаңа нормативті-құқықтық құжат құрылымын салық органдары дұрыс түсіндірмеген жағдайда айыппұл мен өсімақыны алып тастау бар екенін айтты.

Ал соңғысы бөлімдерді жеке-жеке бөлу керектігін көрсетеді. 

"Әр бөлім дербес жасалады, яғни әрбір салық төлеушінің өз бөлімі болады, – деп атап кетті ол. – Бұл әр салық төлеуші өзіне қажетті бөлімді оқып алады, ол үшін салық кодексімен егжей-тегжей танысудың керегі жоқ. Мысалы, жеке кәсіпкер нақты өзіне не қажет екенін оқып алады".

Азамат Әмірин кодекс жобасын жасау барысында тіл мәселесіне де көп көңіл бөлінгенін айтты.

"Қазіргі қолданыстағы кодекс мәселелерін  талқылау барысында оны оқу мен түсінудің қиын екені айтылды. Біз оны жеңілдетуге тырыстық. Кодексті әртүрлі мамандар жазады және әрқайсысының өз мақамы бар, әркелкі болудан сақтану үшін мәтінді бір стильге келтіруге бір-екі адамды алдық. Кодексті оқуға жеңіл етуге тырыстық", – деді ол.

Сондай-ақ ол ынталандыру саласындағы жаңалықтарға да тоқталды.  

Салық төлеушілерге жаңа жобада шағын және орта бизнесті дамыту үшін қолданыстағы арнайы салық режимдері сақталып, шығыстарды есепке алу арқылы жеңілдіктер беру қарастырылғаны айтылды.

Азамат Әмірин мұның барлығы салық төлеушінің қаржылық жүктемесін төмендету үшін жасалып отырғанын айтты. Өйткені ол шілдеден бастап міндетті медициналық сақтандыруды енгізуге байланысты көбейіп кеткен.

Жаңа Салық кодексінде аграрлық секторды ынталандыру шаралары ұсынылған. Жобада шаруа-фермерлік қожалықтардың  мүшелері мен жұмысшыларына салынатын әлеуметтік салықты алып тастау ұсынылған. Сондай-ақ бірыңғай жер салығын төлеушілер қосылған құн салығын төлемейді.

Әкімшілендірудің жаңалықтары туралы сөз қозғаған ҚР қаржы министрлігі МКД төрағасының орынбасары Арғын Қыпшақов жаңа өзгерістерді енгізу адал бизнесті қолдауға бағытталғанын атап өтті. Оның айтуынша, бизнесмендердің 80-90% -ы адал салық төлеуші. Ол адал салық төлеушілерде қандай да бір заң бұзушылық болып жатса, оның бәрі білместіктен екенін айтты.

"Сондықтан біздің міндетіміз – Салық кодексін жеңілдету", – деді Арғын Қыпшақов.

Ол ең басты өзгерту салықтық бақылауды азайтуда екенін атап кетті.

Жаңа заң жобасына сәйкес адал салық төлеушілер тексерілмейді.

МКД  мамандандырылған басқарамасының басшысы Шафкат Құдабаев деңгейлес мониторингтің негізгі қағидаларына тоқталды.

"Салықтық бақылаудың жаңа институты ақпараттық өзара әрекет ету туралы келісім жасауға өз еріктерімен ниет білдірген  ірі салық төлеушілермен ақпараттық өзара әрекет етуді арттырады, – деді Шафкат Құдабаев. – Өзара әрекет ету дегеніміз бухгалтерлік және салықтық есептің ақпараттық жүйесіне қол жеткізуге мүмкіндік беру. Өзара әрекет етуге келісім бергеннен кейін салық төлеуші өзіне бекітілген салық инспекторынан салықтық міндетті орындауға қатысты барлық сұраққа кеңес алып отырады.

Сонымен қатар деңгейлес мониторинг кезінде жаңа салық кодексінде шектеу қойылған тізіміндегіден басқа кез келген тексерісті жасауға тыйым салынады.

Сондай-ақ келешекте салық органының ұстанымы өзгеретін болса, онда салықтық міндетті іске асыру айыппұл салусыз-ақ орындалатын болады. Бұған қоса деңгейлес мониторингтегілердің салықтық есебі қысқарады деп жоспарлануда. Осыған орай қазір іріктеудің  нақты критерийлерін енгізу туралы мәселе қаралып жатыр". 

Семинар барысында сөз алғандардың айтуынша, жаңа салық кодексін қабылдағаннан кейін салық даулары мен тексерістің саны азайып, әкімшілдендіру жеңілдейді.

Қазақстан салық төлеушілер қауымдастығы кеңесінің төрағасы Жанат Ертілесова семинардың мақсаты жаңа салық кодексінің негізгі баптарын түсіндіру ғана емес, сонымен қатар өңірлерде жаңа енгізуге қатысты бизнеспен кері байланыс орнатуда екенін атап кетті. Жаңа салық кодексі бойынша туындаған сұрақтарға жауап беруге және айтылған ұсыныстар мен ескертулерді жазып алу  үшін жаңа кодексті әзірлеп жатқан министрліктер мен ведомстволардан 20-дан астам  маман келген.

Айтылған ескертулер мен ұсыныстарды жұмыс тобы ескереді, оларды заң жобасына енгізуге әлі үлгереміз деп сендірді Жанат Ертілесова.

ОҚО, Жамбыл және Қызылорда облыстарының салық төлеушілерінің басын қосқан Шымкентте өткен семинар жоспарланған іс шараның бастауы болды. Қазақстан салық төлеушілер қауымдастығы ұлттық экономика министрлігімен және қаржы министрлігінің мемлекеттік кіріс департаментімен бірлесіп жаңа салық кодексін талқылауға қатысты жиындарды еліміздің басқа да өңірлерінде өткізуді жоспарлап отыр.

Бизнестің жұмыс істеуін жақсартуға бағытталған жаңа салық кодексі жобасын әзірлеу осы жылы аяқталды Қыркүйек айында жобаны үкімет қолдап, парламенттің қарауына жіберді.

Гүлназ Ермағанбетова, Клара Ларина

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу