Кандидаттар уәдені үйіп-төгуде

5127

Украина президенттігіне негізгі үміткерлер ең өзекті проблемарды шешудің түрлі жолдарын ұсынып отыр.

Кандидаттар уәдені үйіп-төгуде

Тамырын тереңге жайған коррупция, ресейшіл сепаратистермен соғыс, халықаралық институттардың миллиардтаған доллар көмегіне мұқтаждық. Тізбектей берсек, Украинаның келесі президентін күтіп тұрған проблемалар шаш етектен.

Жексенбі күні бұл посткеңестік республикада сайлау өтеді. Егер 39 кандидаттың ешқайсы айқын басымдық байқатпайтын болса, екінші турды ұйымдастыруға тура келеді. Айта кетсек, украиналықтар мәскеушіл Виктор Януковичті елден қашырған революцияның бес жылдығында дауыс беруге барайын деп отыр.

2014 жылғы төңкерістен кейін Ресей Қырымды аннексиялады. Содан кейін Донбасста соғыс басталып, 13 мыңнан астам адам қаза тауып, ел экономикасы құлдырау жолына түсті.

Енді болашақ президентке мұра болып қалған өзекті мәселелерге тоқталсақ, олардың негізгілері төмендегідей.

Жемқорлық
Сыбайлас жемқорлық – 2014 жылы Януковичті биліктен құлатуға түрткі болған негізгі факторлардың бірі. Қоғамды дендеген бұл кеселді Петр Порошенко да жеңе алмады. Transparency International ұйымының Коррупцияны сезіну индексіне қарағанда, Украина "үкіметтің тазалығы" рейтингі бойынша әлемнің 188 елінің ішінде 120-шы орында тұр. Яғни, ол Нигер, Мали тәрізді мемлекеттерден соншалықты алыстап кетпеген.

Порошенко Халықаралық валюта қорынан миллиардтаған доллар транш алу үшін бірқатар антикоррупциялық шараларды қолға алды. Бірақ, осы айда ғана жемқорлықпен күрес заңы конституцияға қайшы деп танылды.

Президенттікке негізгі кандидаттар жемқорлықты ауыздықтаудың түрлі жолдарын ұсынып отыр. Солардың ішінде әскердің мүлкіне қол салғандарды өмір-бақи түрмеге жабу,  мемлекеттік қызметтен біржолата аластату, жасырын есепшоттарын өз еркімен жария еткендерге бір мәрте амнистия жариялау туралы ұсыныстар бар. Украинада жемқорлықтың белең алғаны сонша, бұл тәсілдердің нәтиже беретініне күмән көп.

Басты үміткерлердің барлығы елді Еуропаға одағына жетелеуге уәде беріп отыр. Алайда, Брюссель коррупцияны шектей алмаған немесе шектегісі келмейтін мемлекетті аймақтық интеграциялық блокқа қабылдауға қарсы.

Ресей
Негізгі кандидаттар Украинаның НАТО-ға кіргенін қолдайды. Десек те, бұл идеяның Ресейге ұнауы мүмкін емес. Сондықтан, бірқатар сарапшылардың пікірінше, Мәскеу көрші елдің Солтүстікатлантикалық одаққа өтуіне жол бермеу үшін Украинаның шығысындағы соғысты тоқтатуға және былтыр күзде тұтқындалған 24 украиналық теңізшіні босатуға үлкен кедергі жасайды.

Екінші мерзімге қалудан үмітті Порошенко Донбасстағы әскери жанжалды "Норманд төрттігі" форматындағы келіссөздермен тоқтатуға жақтас. Бірақ, Ресей, Украина, Франция, Германияның қатысуымен өткен бұл диалогтар қазір тұралап тұр. Юлия Тимошенко болса, шығыстағы проблеманы ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан елдердің территориялық тұтастығын сақтауға шақырған Будапешт меморандумына қол қойған мемлекеттермен сөйлесіп шешуді ұсынып отыр. Алайда, 2014 жылы ол меморандум бұзылып, Қырым аннексияланғаны белгілі.

Дегенмен, комедиялық әртіс Владимир Зеленскийдің ойынша, Донбасстың проблемасын Мәскеумен тікелей келіссөз жүргізгенде ғана шешуге болады. Бұл бастама Ресейде үлкен жаңалыққа айналып, Кремльдің Украинадағы әскери жанжалдан шығар жол іздеп жатқаны байқалып қалғандай.  Айта кетсек, Донбасстағы соғыс үшін РФ Батыстың ауыр халықаралық санкциясына ұшырағаны мәлім. 

Өмір сапасы
"Ассоушиэйтид пресс" агенттігінің хабарлауынша, Украинада күнделікті өмір жұпыны әрі сүреңсіз. Өйткені, мұнда орташа жалақы 350 доллардан аспайды екен. Сонымен қатар, былтыр Украинада табиғи газ бағасы 25 пайызға қымбаттап, қарапайым халыққа ауыр соққы болып тиген.

Тимошенко бұл жағдайды тіпті "геноцид" деп атап, көгілдір отынның құнын 50 пайызға төмендетуге уәде етті. Алайда, газ Украинаға миллиардтаған доллар көмек берген Халықаралық валюта қорының шарттары бойынша қымбаттатылды.

Украинаның денсаулық сақтау жүйесі кеңестік дәуірден бері толық өзгермеген. Салада реформалар жалғасып жатыр. Бірақ, кейбір шетелдік бақылаушылардың сөзінше, сол реформалардың тиімділігі аса байқалмайды. Тимошенко да, Зеленский де медициналық сақтандыру енгізуге қарсы емес.

Экономика
Украина экономикасы 2014 жылғы төңкерістен кейінгі алапат құлдыраудан енді ғана ес жиып келеді. Алайда, жалпы ішкі өнім көлемі 2013 жылғы деңгейге әлі жеткен жоқ. Экономистердің болжамынша, биыл Украина экономикасы 2,5 пайызға ғана өсіп, инфляция 10 пайызға жуықтауы мүмкін.

Дегенмен, Порошенко өз билігі тұсында экономика жақсарып, шетелден тартылған тікелей инвестицияның өскенін алға тартып отыр. Зеленский болса, салық кодексін қарапайым етіп, "бір сағатта бизнес ашу" жолындағы кедергілерді алып тастауға шақырды. Ал, Тимошенко президент болса, кәсіпкерлер үшін салықты жартысына дейін төмендетіп, Украина экономикасын шикізатқа тәуелділіктен дайын өнім өндіруге бағыттамақ.

Демократия
Кім жеңсе де, алдағы сайлау Украина демократиясы үшін үлкен сынақ болып, азаматтардың билік пен халықаралық серіктестерге сеніміне ықпал етеді деген болжам бар.

Сайлауалды кезең Украинада мамыражай өтті деуге келмейді. Мәселен, Порошенконы өзі тағайындаған ішкі істер министрі президентті ақшасымен халықтың даусын сатып алуға әрекеттенді деп айыптады. Ал, Зеленскийдің сайлау штабы Киевтегі ғимаратынан тыңдайтын құрылғыларды тауып алған. Ішкі істер министрлігінің болжамынша, бұл астыртын әрекетке ұлттық қауіпсіздік қызметінің қатысы бар. Өз кезегінде қауіпсіздік қызметі мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтірді деп, ішкі істер министрлігіне қарсы қылмыстық іс қозғап отыр.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу