Қанша азаматымыз жатжұрттық абақтыда отыр?

2498

Қанша қазақстандық қылмыскер шетелде істі болғанымен, қамаудан босатылды?

Қанша азаматымыз жатжұрттық абақтыда отыр?

Қанша азаматымыз жатжұрттық абақтыда отыр? Бұл сұрақтарға толық жауап беріліп, осы сала ретке келтіріледі.

Шетелде үстінен іс қозғалған, немесе сотталған, темір торда отырған барлық қазақстандықтардың ортақ тізімі жасалатын болды.

Осы мақсатта "Шетелде қылмыстық жауаптылыққа тартылған, сотталған және жазасын өтеп жүрген Қазақстан азаматтары туралы деректер банкін жүргізу қағидасы" әзірленді.

Мемлекет осылайша, дүниежүзіндегі Қазақстан төлқұжатына ие қылмыскерлерге егжей-тегжейлі автоматтандырылған құжаттама түзбек.

Әрине, ондай ақпараттар бұрыннан бар. Бірақ олар әр жерде, әртүрлі құқық қорғау органдары мен құзырлы құрылымдардың тартпасында, архивінде, базасында жатыр. Оның үстіне ол құжаттардың нысандары мен сипаттары да әр алуан.

Енді мұның барлығы бірізге, бір жүйеге келтіріліп, бірыңғайландырылады.

"Бұл деректер банкінің мақсаты – шет мемлекеттер аумағында қылмыстық жауаптылыққа тартылған, сотталған және жазасын өтеп жүрген Қазақстан азаматтарын дұрыс есепке алу. Деректер банкін қалыптастыруды, есепке алуды бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті жүргізеді", – деп хабарлады бас прокуратура.

Комитет банкті электронды форматта жүргізетіні мәлімделді. 

Электронды құжаттаманың ресми атауы да белгілі: ол "Шетелде қылмыстық жауаптылыққа тартылған және жазасын өтеп жүрген тұлғаға қатысты карточка" деп аталмақ.

Бұл электрондық ақпараттық есепке алу құжаты толтырылғаннан кейін, "Арнайы есепке алу" автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне беріледі.

Бұл ретте шетелдік мемлекет аумағында Қазақстан азаматын қылмыстық жауапкершілікке тарту немесе соттау фактісін растайтын құжаттар сол азаматты осы деректер банкінде есепке қою үшін негіз болып табылады.

Бұл құжаттарды жіберуге Сыртқы істер министрлігі, Қазақстанның шетелдегі елшіліктері, консулдық мекемелері, Жоғарғы сот жанындағы соттардың қызметін қамтамасыз ету жөніндегі департаменті, Әділет және Ішкі істер министрліктері міндеттеледі.

Бұл ведомстволар қолын арамдаған жатжұрттағы "отандасымызды" қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы айыптау актісінің немесе шетел мемлекеті сотының заңды күшіне енген айыптау үкімінің көшірмелерін, сондай-ақ Қазақстан азаматының жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмелерін жеткізуге тиіс. Егер ол адам өзге елдің азаматтығын алып қойса да, бұл "қара тізімге" енгізбеуге себеп бола алмайды. 1974 жылғы үлгідегі паспорты болса, яғни сол кезден бері біздің мемлекеттің азаматы атанса, жеткілікті.

Аталған мекемелерден осы құжаттар түсе салысымен, бас прокуратура комитетінің қызметкері 5 жұмыс күні ішінде әлгі қазақстандыққа қатысты карточка толтырады, құжаттардың графикалық көшірмелерін бірыңғай базаға кіргізеді.

"Карточканы толтырған кезде елдің және қылмыстық жауапкершілікке тартылған тұлғаның ұлтын белгілеуге арналған цифрлық кодтар "Арнайы есепке алу" автоматтандырылған ақпараттық жүйесіндегі анықтамалықтан таңдалады", – делінген қағидаларда.

Заңды күшіне енген айыптау үкімдерінің көшірмелерімен бірге келіп түскен дактилоскопиялық карталар комитеттің автоматтандырылған дактилоскопиялық ақпараттық жүйесіне енгізіледі.

Бас прокуратура шетелде қылмыстық жауапкершілікке тартылған немесе сотталған және жазасын өтеп жүрген тұлғалар туралы мәліметтер автоматтандырылған деректер банкінде тұрақты түрде сақталатынын атап өтеді.

Сыртқы істер министрлігінің консулдық қызмет департаменті шетелдегі мекемелердің растайтын құжаттарды уақытылы ұсынуына бақылау жүргізеді.

Шетелдегі елшіліктеріміз бен консулдықтарымыз әр жылдың 15 қаңтарында қылмыстық жауапкершілікке тартылған немесе сотталған және тиісті консулдық аймақтың аумағында жазасын өтеп жүрген Қазақстан азаматтарының тізімін СІМ-ге жолдайды.

Бұл құжаттаманы кім пайдаланады? Тек мемлекеттік органдар және азаматтарға қатысты тексеру шараларын жүзеге асыруға уәкілетті құзырлы құрылымдар ғана емес, сондай-ақ жеке тұлғалар да бұл деректер банкінен ақпаратты сұрата алатын көрінеді.

Бас прокуратураның мәліметінше, шетелдік түрмелерде 2,5 мыңнан астам Қазақстан азаматы қамауда отыр. Ұсталмай, қашып жүргендері туралы нақты дерек жоқ.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу