Карантиннен кім ұтты?

5173

Бес жылдық жаңа стратегия online finance саласына екпін береді. 

Карантиннен кім ұтты?

Күйзеліс қалпымен шығын ғана әкелмейді, ол сонымен бірге жаңғыруға жол ашады, жаңа салалардың өркендеуіне мүмкіндік береді. Көнергенді күресінге жіберіп, жасампаз салаларға қанат бітіреді.

"Біздің агенттік Ұлттық банкпен бірлесіп, 2025 жылға дейін қаржы нарығында қаржы технологияларды дамыту стратегиясын әзірлеп жатыр. Бағдарламаны жүзеге асыру нәтижесінде елде электронды өзара іс-қимыл өрістейді, қаржылық операциялардың қауіпсіздігі және тиімділігі артады. Жаңа технологиялық шешімдер қаржы қызметтерін халық пен бизнеске географиялық тұрғыдан жақын етеді, экономикада қаржы ресурстарының анағұрлым ұтымды бөлінуіне септеседі. Мысалы, банктердің, сақтандыру ұйымдарының, брокерлердің цифрлық технологияларды пайдалануы қазірдің өзінде қаржы қызметтерін алу мерзімін азайтты, операциялардың өзіндік құнын арзандатты. Бұл қызметті 24/7 режимінде көрсетуге мүмкіндік берді", – дейді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олег Смоляков.

Онлайн-инвестицияның патшасы болыңыз

Қаржыгер, биржалық брокер, төл инвестициялық компаниясының басшысы Сергей Минцев Қазақстанды қаржылық технологиялар саласында бірнеше ірі жаңалық күтіп тұрғанын айтады.

"ДСҰ-ға мүше болып кіргенде Қазақстан өтпелі кезеңге қол жеткізген. 2020 жылы ол аяқталады. Қаржы нарықтары ашылғаннан кейін шетелдік банктер, сондай-ақ сақтандыру ұйымдары ел аумағында өз филиалдарын еш кедергісіз аша алатын болады. Әзірге оған әлемдегі дағдарыс пен пандемия қолбайлау болуда. Бірақ ерте ме, кеш пе, олар өздерімен бірге заманауи ең озық қаржы технологияларын ала келері сөзсіз. Өйткені Қазақстан ЕАЭО мүшесі, сонымен бірге мұндағы шарт-талаптар Ресеймен, Қытаймен салыстырғанда әлдеқайда жеңіл", – дейді ол.

Сарапшының байламынша, елімізде жаһандық алпауыттармен тең дәрежеде бәсекелесе алар қаржылық ұйымдар аз. Бірақ бұл енді шетелдік белді компанияларға тосқауыл болмауға тиіс. Оның үстіне ел Үкіметі инвестицияға қатты мұқтаж.  

С.Минцев мәліметінше, қаржы нарығын реттеу агенттігі 2020 жылы дербес деректерді санкцияланбаған қол сұғушылықтардан сақтау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне айрықша мән беретінін мәлімдепті. Тиісінше, енді қаржы қызметтерін ұсыну кезінде клиентті қашықтан тану және сәйкестендіру ісінің өркендеуіне тың серпін беріледі. Әйтпесе, кибершабуылдардың өрістеуі, алаяқтар мен хакерлердің тегеурінді қимылдап, торуыл құруы online finance дамуына нұқсан келтірді.

Тәуелсіз қаржылық кеңесші Андрей Виноградов дағдарыс сын-қатерімен бірге мүмкіндіктерін қатар ұсынатынын растайды.

"Вирус жайлады, доллар бағамы қымбаттады, мұнай құнсызданды, биржалар естен танып жатыр. Мен ТМД көлемінде бүгінде мол табысқа кенелген бірде бір инвесторды білмеймін. Негізі, 2009–2013 жылдар инвестициялау үшін ең табысты болды. Қазіргі күйзелісте инвесторлар діңкесі құрып, жүрелеп қалды. Бар жерде нарық құлады, ары қарай құрдымға құлдилап бара жатқандары жетерлік. Мұның қашанға жалғасатыны белгісіз. Бірақ солай екен деп уайымдаудың керегі жоқ. Халықаралық-бұқаралық ессіз дүрбелеңге атыңызды қоспаңыз. Себебі, мұндай дағдарыстар үнемі қайталанып тұрады. Нарық күрт құлағаннан кейін ізінше соншалықты күрт өсім басталады. Өрттен кейін жаңа өскіннің қаулап шығатыны секілді. Сонда істің ыңғайын таба алғандар ұтады, жаңа миллиардерлер пайда болады", – дейді Андрей Виноградов.

Ол Inbusiness. kz-ті оқитын бизнесмендер үшін өз ауқатын қалай әртараптандырғанын да айтып берді.

"Менің капиталым біршама күрделі және сантармақты жүйеге құрылған. Егер қарапайым тілмен айтсам, тең дәрежеде 4 түрлі активке инвестициялаймын. Бұлар – жылжымайтын мүлік, қор нарығы, төл бизнесім және металдар портфелі: әрқайсысына 25% келеді. Осы төрт нарықтың да қатарынан құлағанына бір айдай уақыт өтті. Журналистер қандай дәулетті адамның қанша қаражат жоғалтқанын есептеп жатады. Шынында, мен активімді сатсам ғана шығынға шығамын. Оған дейін активім шынайы шығын болып саналмайды. Бүгінде төрт бағыттың кейбірі өсімге ден қойды. Қор нарығы 30% құлдырады. Жылжымайтын мүлік құны сәл ғана азайды. Онлайн қаржымен байланысты бизнесім тоқтаған жоқ. Ал металдар құны енді 15% артты. Нәтижесінде, өскені ортайғанын жауып, активім 96% көлемін сақтады. Демек, шартты түрде алғанда күйзеліс ауқатымды 4%-ға ғана кемітті", – дейді сарапшы.

Коронавирусты тойтару үшін әр мемлекетте қабылданып жатқан карантин шаралары нақты өндіріске, экономиканың нақты секторларына соққы болды. Олардың көбі дағдаруда. Соларға маманданған бизнесмендер енді не істерін білмейді. Тәуелсіз қаржылық кеңесші аса ауқатты адамдарға, ірі бизнеске онлайн-инвестицияға, қор нарығына назар аударуға кеңес береді. Яғни, дағдарыс кезі – капиталды әртараптандырып, бизнесті трансформациялау үшін мүмкіндік.

"Акция сатып алу, портфель қалыптастыруды бастау үшін таптырмас кезең туды. Бүгінде кімнің қолында қомақты қаражат болса, нарықта сол патша. Ол әлемдік салмақты компаниялардан үлес сатып ала алады. Нарықта дүрлігіс басталғанына қарамастан, мен бірде бір акциямды сатпадым. Сату ойымда да жоқ. Керісінше, ақша енгізіп, бағасы құлдыраған акцияларды сатып алып жатырмын. Нарықта жақсы бағалар орнауын ұзақ күттім, іздегенім алдымнан шықты. Мықты кәсіпорындар қысқа кезеңде құнын жоғалтқанымен, ұзақ мерзімді кезеңде өздерінің сапалы бизнес екенін бәрібір дәлелдейді. Онда өзімнің де еншім барлығы мені рухтандырады. Бірақ әрине, акциясын сатып алмас бұрын сол бизнестің қаншалықты құнды екеніне және форвардтық дивидендтеріне назар аударуды ұмытпаңыз", – дейді Андрей Виноградов.

Карантин онлайн сақтандыруға серпін берді

Карантин мен күйзелістен аз-кем ұтқан FinTech салаларының бірі – сақтандыру. "ҚазАвтоЖол" ҰК дерегінше, көптеген трасса, әсіресе, карантинге жабылып, блок-пост қойылған қалаларға апаратын республикалық жолдар бос жатыр. "Сергек" Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында жол қозғалысының 76 пайызға азайғанын тіркепті.

Елорданың полиция департаментінің басшысы Ержан Саденов ТЖ кезінде жолдағы трафик те, жол-көлік оқиғалары да күрт кемігенін хабарлады.

"Полиция департаменті ерекше режимде жұмысын жалғастыруда. Полицейлер әскерилермен бірге көшелерді тәулік бойы бақылайды. Жолай кездескен азаматтарға түсіндірме жүргізіледі. Жүргіншілер мен көліктердің мәліметтері, рұқсаты барлардың "үй-жұмыс-үй" бағытындағы қозғалысы планшеттерге түсіріледі. Мемкомиссия мегаполистер мен өңірлерде енгізілген карантинді сәуір айының соңына дейін ұзартқаны мәлім", – деген ол көрсеткіштердің ары қарай жақсаруынан үміт білдірді.

Оның мәліметінше, жол-көлік апаттарының саны 76%-ға, онда зардап шеккендер саны 72,4%-ға азайған. Жол жүрісі ережелерін бұзу 67% кеміді.

Елімізде барлық автокөліктер сақтандырылғаны мәлім. Ендеше сақтандырушы компанияларға жақсы болды: жол-көлік оқиғаларының азаюы сақтандыру төлемдерін төлеуді де азайтқаны сөзсіз. 

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі биылғы І тоқсанның қорытындыларын әзірге жариялаған жоқ. Дегенмен, сала алпауыты, қазақстандық қайта сақтандыру нарығының жалпы көлемінің 63,74%-ын иеленген "Еуразия" сақтандыру компаниясының мысалы осыны дәлелдейді. СК наурыз айы қорытындысында КҚИ АҚЖМ (көлік құралдары иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру) бойынша 2140 адамға 712 миллион теңгеден астам төлем төлепті. Бұл тарихи рекорд. Жалпы, өткен наурыз айында ғана барлық сақтандыру түрлері бойынша төлемдердің жалпы сомасы 4,2 миллиард теңгеден асты. Бірақ ол кездері елде карантин енгізілмеген болатын. Одан кейін сала дамылдады. Нәтижесінде, 2020 жыл басынан 15 сәуірге дейінгі аралықта төлемдердің жалпы сомасы 7,5 миллиард теңгені құрапты. Егер рекорд сәуірде жалғасқанда, бұл сома әлдеқайда көп болуы ықтимал еді.

"Парадокс, бірақ елде енгізілген карантин жаңа технологияларға деген қажеттілікті арттырып, онлайн сақтандыруға деген сұранысқа серпін бере алады. Ол тұтастай алғанда, сақтандыру нарығының цифрлануына оң ықпал етеді. Алдағы кезеңде онлайн шарт бекітетін клиенттер легінің ұлғаятынына сенеміз. Олар полисті және сақтандыру төлемін онлайн алуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға тырысамыз", – дейді СК басқарма төрағасының орынбасары Назым Тульчинский.

Отандық сақтандырушылар енді шұғыл түрде интернеттегі "жеке кабинетті" белсенді жасақтауда. Мобильді қосымшаларын пысықтауда. Карантин режимін сақтау мақсатында төлем алуды не сақтандыру оқиғасын реттеуді қалаған клиенттеріне бейнебайланыс арқылы қашықтан қызмет көрсетуге көшті. Сақтандыру төлемі клиент картасына қолма-қолсыз аударылады. Бұл үшін бұрынғыдай азаматтарға сақтандыру компанияларының кеңсесіне келудің де қажеті жоқ көрінеді.

Қалай болғанда, онлайн бизнес, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар (АКТ) үлкен сынақ кезеңіне аяқ басты. "Атамекен" ҰКП төралғасының АКТ комитетінің төрағасы Болат Башеевтің мәліметінше, ІТ-сала дамуы үшін қаржы көздері жетіспейді. Өйткені кепілге қояры аз.  

"Осы мақсатта заңнамаға не құқықтық актілерге өзгеріс енгізер болсақ, ол іс ұзаққа созылып, күйзелістен кейінгі кезеңге кетуі мүмкін. Сондықтан меніңше, мемлекеттің не инвестордың оның негізгі капиталына кіруі және кейін ол үлесін кәсіпорынның кері сатып алуы тиімді шара болмақ. Мысалға, кәсіпорынға 1 жылға 100 миллион теңге қажет болса, соны берген ұйым оның жарғылық капиталына кіреді, бір жылдан соң компания 115 млн теңгеге кері сатып алуы керек", – дейді Б.Башеев.

"Атамекен" әр салада онлайн және IT технологияларды ендіріп жатқан еліміздегі 38 жетекші компания арасында сұрау салыпты. Оның 7-еуі дағдарысқа ұшырағанын, 24-і – қаржылық ахуалы орнықсыз екенін, тек 7-еуі қалыпша екенін мәлімдепті. ТЖ енгізілгелі бұл компаниялар 29 қызметкерін жұмыстан босатқан. Тағы 200-ден астамы мерзімсіз демалысқа жіберіліпті. ІТ-компаниялардың шығыны 12 млрд теңге көлемінде бағаланып отыр. 

Ақпараттық технологиялар, FinTech саласының болашағы зор. Қазақ елі өркениет көшінен қалып қоймады, тіпті кей тұсында озық. Мысалы, Дүниежүзілік банктің дерегінше, электронды есепшоттарға қолжетімділік көрсеткіші Қазақстанда 59%-ды құрайды. Ал орташа әлемдік көрсеткіш – 69%. Соның ішінде қазақстандықтардың 53,9% қолма-қолсыз төлемді қолданады. Орташа әлемдік көрсеткіш – 52%-ға тең. Азаматтарымыздың 42%-ы жалақысын және басқа төлемдерді картамен алады. Әлемдегі орташа көрсеткіш – небәрі 30%. Алайда елімізде қаржылық сауаттылықтың жалпы деңгейі ақсап жатыр, бар-жоғы 36,25%. Бұған қоса, заманауи қаржылық құралдар мен өнімдер жайында тұрғындардың тек 25% толыққанды біледі. Олай болса, қаржы саласында жаппай сауат ашқанда ғана online finance технологиялары шектеулі орта игілігі болып қалмай, кең сұраныс пен қолданыс таппақ.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу