Бұл туралы "Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасының төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев кәсіпкерлердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі ІІ республикалық форумында мәлімдеді. Оның айтуынша, кодекс бизнес субъектілерінің моральдық, адамгершілік және әдеп ережелерінің біртұтас жүйесі болады. Бұл ретте заңға құрметпен қарайтын, "көлеңкелі" бизнестен аулақ, салықты уақытылы төлеп, пара бермейтін және әлеуметтік жауапкершілікті жете сезінетін адал кәсіпкерлерді ұлттық палата да, мемлекеттік органдар да қорғайтын болады.
Тимур Құлыбаев "Атамекеннің" 2018 жылға жоспарланған негізгі мақсат-міндеттерімен бөлісті. Бұл ретте ең алдымен мемлекеттік қызметтерді цифрландыруға көңіл бөлінеді.
"Мемлекет басшысының цифрландыру туралы тапсырмасына сәйкес, тиісті жұмыстар ең алдымен мемлекеттік қызмет секторында жүргізілуге тиіс. Біз бұл бағытта жұмыс істеп жатырмыз. Кәсіпкерлерге қатысты айтар болсам, бизнеске арналған үкімет құру үшін ұлттық эконономика, ауыл шаруашылығы, инвестициялар және даму министрліктері көрсететін қызметтерді электронды форматқа көшіру қолға алынуда. Бұл бағыттағы жұмыстар кеден саласында да жүргізіледі. Аталған салада шағымдар мен өтініштер өте көп. Біз одан шығудың төте жолы цифрландыру деп білеміз. 2018 жылы алдымызда кеден органдары көрсететін 17 қызметті цифрландыру міндеті тұр. Осының нәтижесінде аталған орган қызметіндегі жемқорлық біршама төмендейтін болады", – деді Тимур Құлыбаев республикалық форумда.
Төралқа төрағасының сөзінше, "Атамекен" ҚҰП осы жылы қолға алатын жұмыстың бірі – мемлекеттік аппаратты оңтайландыру. Бұл ретте бақылау-қадағалау қызметтерінің азаюына байланысты мемлекеттік аппараттағы 1100 адам қысқарады екен. Осыған орай ұлттық палатаның өзіндік ұсынысы бар.
"Біз бизнес қауымдастық ретінде үнемделген ақша мемлекеттік қызметшілердің еңбекақысын көбейтуге бағытталса дейміз. Сонда біртұтас, кәсіби, еңбекақысы жоғары мемлекеттік аппарат құрамыз. Мемлекеттік қызметтегі адамдардың жалақысы корпоративтік сектордағыдай жоғары болуы керек. Мұндай қадам мемлекеттік аппаратта кәсіби мамандарды шоғырландыру үшін қажет. Бүгінде мемлекеттік қызметтердің саны қысқаруда. Оның үстіне цифрландыру процесі жүріп жатыр. Бұдан бөлек, мемлекеттік қызметтердің біразы бәсекелестік ортаға берілуде. Сондықтан мемлекеттік аппаратты оңтайландыру қалайда жүргізілуі керек. Біз аппараттың кәсіби болғанын қалаймыз", – деді Тимур Құлыбаев.
Сонымен қатар "Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасы мемлекеттік қызметтегі лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін арттыру керек деп есептейді. Тимур Құлыбаевтың сөзінше, бизнес саласында түрлі тексерулер мұндай тұлғалардың жауапкершілігі жоғары болуы керек.
"Сондай-ақ бизнес өкілдерінің де жауапкершілігін арттыруға тиіспіз. Бұл ретте "Атамекен" ұлттық палатасы салық төлеп, заңға бағынатын адал кәсіпкерлерді ғана қорғайды, қолдайды. Біз қолға алған жұмыстардың бәрі адал кәсіпкерлердің құқығы мен мүддесін қорғауға бағытталған. Былтыр 640 кәсіпкер еркіндікке шықты. Осылайша бизнес өкілдерінің толыққанды жұмыс істеуіне жағдай жасап отырмыз. Ал заңды бұзған кәсіпкерлердің тиісті түрде жазалануын құптаймыз. Біз бизнес қауымдастықты өзін-өзі реттеу арқылы кәсіпкерлердің жауапкершілігін арттыратын боламыз. Бүгінде мемлекеттік қызметтерді бәсекелестік ортаға беру, өзін-өзі реттеу институтын енгізу бағытында жұмыс жүргізілуде. Осы орайда 60-қа жуық мемлекеттік қызметті бәсекелестік ортаға беру жоспарланып отыр. "Атамекен" өзін-өзі реттеу институтын дамыту бағытындағы жұмысты жалғастырады", – деді "Атамекен" КҰП-тың төралқа төрағасы.
Тимур Құлыбаев өз сөзінде кәсіпкерлерге рұқсат беру әлдеқайда жеңілдегенін атап өтті. Оның сөзінше, елімізде рұқсат беру саны едәуір қысқарған. Атап айтқанда, 1100-ден 316-ға дейін қысқарған.
"Бұдан былай жаңа рұқсаттар бизнес қауымдастықтың келісуімен қабылданады. Сонымен қатар біз бақылау-қадағалау қызметтерін оңтайландыру бағытында жұмыс істедік. Бұл ретте тиісті заңға 45-тен астам өзгерту мен толықтыру енгізілмек. Құжат бүгінде парламентте қаралып жатыр", – деді Тимур Құлыбаев.
Форумға қатысқан ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевтың айтуынша, елімізде бизнес қауымдастықты қолдау мақсатында ауқымды жұмыс жүргізілуде. Соның нәтижесінде Қазақстанның әлемдік "Doing Business" рейтингіндегі жағдайы жақсарып келеді. Мәселен, 2016 жылы Қазақстан аталған рейтингте 41 орында болса, былтыр 190 мемлекеттің ішінен 36 орынға көтерілді. Бұл ретте біздің ел "Инвесторларды қорғау" көрсеткіші бойынша көш бастап тұр.
"Біз бизнестің ісіне кедергі келтіріп, қысым көрсететін шенеуніктерді анықтаймыз. Былтыр дәл осындай 352 фактінің алдын алдық. Бұл оған дейінгі жылдағы көрсеткіштен жоғары. 2016 жылы 262 фактінің алдын алған едік. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 250-ден астам кәсіпкердің құқығы қорғалды. 2017 жылдың қорытындысы бойынша сыбайлас жемқорлық әрекеттері негізінен кәсіпкерлік субъектілерін қорғау үшін пара алу, жауапкершіліктен жалтаруға көмектесу, рұқсат беру құжаттарын ұсыну, сондай-ақ мемлекеттiк сатып алулар аясында бюджеттi бөлу кезiндегі ресми өкiлеттiктердi терiс мақсатқа пайдалану секілді заң бұзушылықтармен көрініс тапты", – деді Алик Шпекбаев.
Республикалық форумның қорытындысында агенттік пен "Атамекен" ұлттық палатасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша жол картасын бекітті. Бұл – қабылданып отырған екінші құжат. Еске сала кетейік, 2016 жылдың 5 желтоқсанында өткен кәсіпкерлердің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі республикалық І форумында да бірлескен іс-қимыл жол картасы бекітілген еді.
Фархат Әміренов