Қасым-Жомарт Тоқаев: Суды көп шығындайтын өндірістен арылуымыз керек

Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшесі трансшекаралық өзендер мәселесін Президент алдында көтерді.

Қасым-Жомарт Тоқаев: Суды көп шығындайтын өндірістен арылуымыз керек Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президентік жастар кадрлық резервіне өткен жастармен кездесті. Шара барысында резерв мүшелері өздерін толғандырып жүрген мәселелерді қозғап, оларды шешу жолдарын ұсынуға мүмкіндік алды.

Жапония ұлттық саяси зерттеулер институтының PhD  докторанты Зүлфия Сүлейменова елдегі су тапшылығының алдын алу жолдарын ұсынды. 

"Осы бірегей жобаның арқасында мен  еліме оралып қана қоймай, өзім үшін маңызды деп санайтын экология және қоршаған ортаны қорғау саласына өз үлесімді қосуға мүмкіндік алдым. Менің диссертациям Сырдария өзені бассейнімен байланысты. Бұл тақырыптың маңыздылығы еліміз үшін төтенше сипақтқа ие. Қазірдің өзінде су тапшылығы бойынша сын-қатерлерге тап келіп отырмыз. Кейбір болжамдар бойынша 2030 жылға қарай Қазақстандағы өзендердің ағысы үштен бірге кемуі мүмкін. Елдегі су стресінің деңгейі 25-тен 70%-ға дейін жетеді деп бағаланып жүр. Қазақстан шөлейттену салдарынан жылына 93 млрд теңге шығын шегуде. Бүгінгі мүмкіндікті пайдаланып мен осы мәселелерді шешу бойынша бірнеше ұсыныс айтқым келеді", – деген зертеуші суды көп шығындайтын өндірістерден бас тартуды ұсынды. 

"Біріншіден, экономиканың суды көп шығындайтын салаларын қысқартуды ұсынамын. Біз ірі көлемде су шығындайтын тауарлар өндіріп отырмыз. Су тапшылығы географиялық-физикалық жетіспеушіліктен ғана туындап отырған жоқ. Ауыл шауруашылығы, индустрия және энергетика салаларында суға деген сұраныс өте жоғары. Екіншіден жерасты суының ластануын болдырмау тәсілдерін жетілдіруді ұсынамын. Бұл жер бетіндегі су мен ауаның ластануын шектегенде ғана мүмкін болады.  Ауыл шаруашылығында  зиянды химикаттарды пайдалануды азайтып, циркулярлы экономика мен  қалдықсыз өндірісті ындаландырсақ қана осыған қол жеткіземіз", – деді кдарлық резерв өкілі. 

Зүлфия Сүлейменова келешекте Қазақстан үшін су тапшылығы өзектілене түсетінін айтады. Соның алдын алу үшін трнасшекаралық өзердер мәселесін қазірден бастап пысықтап алуымыз қажет.

"Үшіншіден, халықаралық әріптестікті күшейту керек деп санаймын. Қазақстандағы су көзінің 44%-ы өз бастауын сырттан алады. Кейбір өңірлерде мұндай көздердің үлесі 80%-ға дейін жетеді. Сондықтан бізге көршілерімізбен тиімді әріптестік орнату қажет. Өйткені су – ортақ игілік. Шекаралас елдермен әріптестік пакетін кеңейтуді ұсынамын. Түрлі деңгейдегі кездесулер мен келіссөздердің барлығында су мәселесін енгізу қажет", – деді ол.

Аталмыш мәселенің өзектілігін атаған Президент трансшекаралық өзендер мәселесін келіссөздер арқылы ғана шешуге болатынын айта келіп, суды көп шығындайтын өндірістен арылу саясатына басымдық берілетінін атады.

"Біз өкінішке қарай, суға тапшы мемлекет болып саналамыз.  Бұл мәселемен өте мұқият айналысуымыз қажет. Ондай міндет экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне, сондай-ақ жалпы Үкіметке жүктелген.  Сіздің мәселені шешудегі қос тәсіл туралы ұсыныңызды қолдаймын.  Бір жағынан бізге суды үнемдеудің жаңа тәсілдері мен жаңа технологияларын енгізуіміз қажет. Біртіндеп су шығыны көп өндірістерден арылуымыз керек. Екінші жағынан,  сіз трансшекаралық өзендерді пайдалану мәселесін дұрыс қозғадыңыз.  Біз бұл жұмысты дипломатиялық каналдар арқылы іске асырып жатырмыз.  Бұл мәселені қарабайландыруға болмайды. Өйткені ол өте күрделі мәселе.  Мұны әр мемлекеттің суды өз пайдасына көбірек пайдалану талпынысымен түсіндіруге болады.  Бұл әсіресе  индустрияландырумен белсенді айналысып жатқан елдерге қатысты.  Өкінішке қарай, георафиялық орналасуымыз бойынша  өзендердің көбінің басы басқа елде, аяғы бізде жатыр.  Сондықтан біз георафияға сүйеніп тиісті келіссөздер жүргізуіміз керек", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу