KAZ Minerals-тың акциялары қымбаттауы мүмкін

2891

Сарапшылар екінші жартыжылдықта мыс акцияларының бағасы тағы да өседі деген болжам жасады. 

KAZ Minerals-тың акциялары қымбаттауы мүмкін

Аbctv.kz сауалнамасына пікір білдірген сарапшылар KAZ Minerals мыс компаниясы акцияларының нарықтық  бағасы екінші жартыжылдықта да өседі деп отыр. Ақтоғай және Бозшакөл жобасының есебінен компания өзінің негізгі өнімі мыс өндіруді күрт өсіреді.  

"Акциялардың құны өсетін сияқты. Компанияның екінші жартыжылдықтағы көрсеткіші де жақсы болатын түрі бар, ал бұл дивиденттік төлемнің жақсы болуынан, инвесторлар тарапынан KAZ Minerals-тың құнды қағаздарына деген қосымша сұранысты арттырады", – деп есептейді TeleTrade CentralAsia сараптама тобының басшысы Сергей Полыгалов.

"2017 жылдың екінші жартыжылдығының қорытындысы алғашқы жартыжылдықтан төмен болмайды деп ойлаймын. Қазіргі уақытта KAZ Minerals компаниясы акцияларының құны жоғары. Егер осы қалпын сақтап тұратын болса, онда нарық қатысушылары бір акция үшін 3500 теңгеден де жоғары бағаға қол жеткізуі мүмкін", – деп қосты "Қазақстан қаржы орталығы" ЖШС бас сарапшысы Әліби Нұрбаев.

"Соңғы төрт айда компания акциялары 60%-ға дейін өскен. Бұл өсу бір орында тұрып қалмайды, жыл соңына дейін акциялар тағы екі есе өсуі мүмкін", – деп "Сараптама Онлайн Қазақстан" компаниясының бас қаржы сарапшысы Михаил Цой өз ойымен бөлісті.

Осы аптада KAZ Minerals компаниясының Қазақстандық қор биржасындағы (KASE) орташа өлшемді бағасы 12%-ға дейін өсті, яғни дүйсенбі күні бір акция 2620,76 болған болса, алғашқы жартыжылдық қорытындысы жарияланған бейсенбі күні 2934,49 теңгеге дейін жетті.

Биылдың өзінде KASE-дегі компания акциялары 93,7%-ға дейін өскен, жыл басындағы алғашқы саудада олардың орташа өлшемді бағасы бір акция үшін 1419,53 теңге болды.

Еске салар болсақ, KAZ Minerals PLC компаниясының акциялары Лондон, Қазақстан және Гонконг қор биржаларында саудаланады. Компанияның ірі акционерлері – Cuprum Holding Limited (29,66%), Harper Finance Limited (6,48%) және Lynchwood Nominees Limited and SIX SIS AG-ZURICH (Lafonda Holding Pte Ltd) (6,54%).

Аbctv.kz сауалнамасына қатысқан сарапшылардың барлығы компанияның келешегі  жайлы оң пікір білдірді.

"Қазіргі таңда KAZ Minerals компаниясының дамуына еш қауіп жоқ. Мыстың әлемдік бағасы жақсы деңгейде тұр, ал бұл компанияның одан әрі дамуы үшін тиімді. Қазақстандық мысты негізгі тұтынушы – Қытай экономикалық тұрғыдан сенімді өсіп келеді. Бұл келешекте мысқа деген сұраныс одан әрі өседі деген сөз. Сондай-ақ бұл компанияға мысты одан әрі өндіруге мүмкіндік береді", – деп есептейді Сергей Полыгалов.

"Астана-Инвест" инвестициялық үйі" АҚ инвестициялық талдау бөлімінің бастығы Серік Қозыбаев компания үшін басты қауіп мұнай бағасының түсіп кетуі екенін айтады. 

Бірқатар сарапшылардың, мысалы  Citibank сарапшыларының бағалауынша, осы жылдың соңына дейін мыстың бағасы бір тонна үшін 7000 долларға дейін жетуі  мүмкін. Сондай-ақ олар 2020 жылдың соңына дейін бір тонна мыстың бағасы 8000 доллар болуы мүмкін екенін айтып отыр.

Мыс өндіруші KAZ Minerals компаниясы былтырғы жылдың осындай кезеңіне қарағанда,  2017 жылдың алғашқы жартыжылдығында 2,1 есе артық мыс өндірген.

Сергей Полыгаловтың айтуынша, компанияның тұрақсыз экономикалық жағдайда өндірісті екі еседен жоғары арттыруы – қорытындының жақсы екенін көрсетеді.

Михаил Цой болса компания көрсеткішінің жақсы болуына қалыптасқан нарықтық жағдай әсер еткенін айтады.

"Компания өндіретін кен және металға әлемдік нарықта сұраныс болып тұрған кезде олар одан әрі жақсы пайда әкелетін болады".

Серік Қозыбаев та осы пікірмен келісіп: "Былтырғы жылдың қазан айынан бастап мыс бағасы өсе бастады, нәтижесінде компания өндіріс көлемін арттырды", – деді.

Егер былтырғы жылдың қазан айының ортасында әлемдік нарықтағы доллардың қымбаттауы және Қытайдағы тазартылған мысты импортқа шығаруды қысқарту салдарынан мыстың әлемдік бағасы төменгі деңгейде (бір тоннасы 4640,74 доллар) болған болса, қазіргі уақытта Лондон метал биржасында (LME) мыстың бір тоннасы 6300 доллар шамасында саудаланып жатыр.

KAZ Minerals компаниясындағылар өндірістің үдеуін бірнеше фактормен байланыстырады. Біріншіден, тоқсан сайын артып келе жатқан көрсеткіштер Бозшакөл мен Ақтоғайдың жаңа жобаларындағы өндірісті үдетуге мүмкіндік беруде. Осылайша, 2017 жылдың І тоқсанында топ 52 мың тонна мыс өндірсе, екінші тоқсанда 66 мың тонна мыс өндірді.

Одан бөлек компания былтырғы жылдың көрсеткішімен салыстырғанда кен өндірісін 56%-ға арттырды. 2017 жылдың алты айында KAZ Minerals 34,4 млн тонна кен өндірді (2016 жылдың бірінші жартыжылдығындағы көрсеткіш – 22,1 млн тонна).

"Топтың кәсіпорындарында 2016 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 3,8 есе көп кен өңделген. Бұл көрсеткіш тоқсандық деңгейде де арта түсті. Екінші тоқсанда бірінші тоқсанмен салыстырғанда 37%-ға артық кен қайта өнделді. Қайта өңдеу көрсеткіштерінің артуына Ақтоғай мен Бозшакөлдегі сульфидті кендерді қайта өңдейтін кен байыту фабрикаларының өткізу мүмкіндіктерінің ұлғаюы әсер етті. Бірінші жартыжылдықтағы өңделген кеннің құрамындағы мыстың орташа үлесі – 0,76%. Өңделмеген 8,3 млн тонна оксидті кен Ақтоғайдағы үймелі сілтісіздендіру панельдерінде жинақталды, ал каолин балшығы бар 9 млн тонна Бозшакөлде қоймаланды", – делінген топтың ресми баспасөз баянында.

Өндіріс кестеге сәйкес жүріп жатыр және оның қарқыны 2017 жылға жоспарланған 225-260 мың тонна көлеміндегі деңгейге жетуге мүмкіндік береді деп баса айтады компаниядағылар. Аbctv.kz сауалнама алған сарапшылар топ алға қойған мақсатына жете ала ма, жоқ па деген сауалға да пікір білдірді.

"Өндірістің қазіргі даму жылдамдығы сақталса, әлдебір жайсыз жағдай орын алмаса, топ алдына қойған жылдық мақсатқа қол жеткізуі әбден мүмкін. 2017 жылдың екінші жартыжылдығында Бозшакөл мен Ақтоғайдағы екі негізгі өңдеу кәсіпорнының есептік қуатқа көшуі өндірістің одан әрі дамуына жол ашады. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша, Бозшакөлдің ІІ тоқсанда сульфидті кен өңдеуді тағы 7%-ға, каолин балшығы бар кенді 31%-ға арттыру мүмкіндігі бар. Ақтоғай ТКБК-дегі өндіріске келер болсақ, екінші жартыжылдықта өндірісті тағы 53%-ға арттыруға мүмкіндік бар.  Екі кәсіпорынның қуат қоры KAZ Minerals екінші жартыжылдықта жоспарлаған 225-260 мың тонна мыс өндіретін деңгейге жетеді деп айтуымызға толық негіз береді", – деп abctv.kz-пен бөлісті Сергей Полыгалов.

Басқа сарапшылар да егер мыс бағасы қазіргі деңгейден түспесе немесе одан да қымбаттаса жоспарланған мақсатқа жету әбден мүмкін дегенді айтады.

Сонымен бірге 2017 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша компания концентраттағы мырыш өндірісін 18%-ға қысқартты (2016 жылмен салыстырғанда). Жалпы 2017 жылдың бірінші жартысында KAZ Minerals Тобы 32,3 мың тонна өндірді.

"Өндірістің қысқаруы техникалық мәселелермен байланысты. Оның негізгі себебі Юбилейно-Снегирихин кенішінің жабылуы болды. Бірақ мырыш өндірумен Орловский кеніші де айналысады, ол жөндеу жұмыстарына байланысты алтыкүндік жұмыс тәртібіне көшірілді. Жөндеу жұмыстарының аяқталуы өндірісті арттыруға мүмкіндік береді. Бұл мырыш өндірісі бойынша орын алған шығынның орнын толтыруға жол ашуы тиіс. Оның үстіне Юбилейно-Снегирихин кенішінің өндіріс қуаты шағын болатын", – деп есептейді Сергей Полыгалов.

Мырыш өндірісі бойынша жағдай жақсы жаққа өзгеруі мүмкін екені туралы өзге сарапшылар да айтады. Серік Қозыбаевтың пікірінше, өндіріс көлемінің артуы әбден мүмкін, себебі өткен жылдың қазан айынан бастап мырыш бағасы өсті. Ал Әліби Нұрбаев өсім биылғы жылдың екінші жартыжылдығында күтілетінін айтты.

Еске сала кетсек, 2016 жылдың қазанынан бастап мырыш құны Лондонның металдар биржасында тоннасына 2320 долларды құрады. 26 шілдеде баға 2725 долларға жетті.

Тілге тиек етсек, компания Бозшакөлдегі өндірісті арттырудың есебінен алтын мен күмістің өндірісін үдетті.

Бозшакөлде өндірілген кеннің құрамында алтынның үлесі күтілгеннен гөрі әлдеқайда жоғары болғанына байланысты, алтын өндірісі 2017 жылдың бірінші жартыжылдығында 93 мың унцияға дейін артты, бұл былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда екі есеге артық (45,1 мың унция). Алайда 2017 жылдың шілдесінен бастап компанияда алтын өндірісі төмендейді деп күтілуде.

Күміске келер болсақ, 2017 жылдың бірінші жартыжылдығында өндіріс мөлшері 1,56 млн унциядан 1,76 млн унцияға дейін артты.

"Бозшакөлдің қосқан үлесінен бөлек, бұл Шығыс өңірдегі кен құрамында күмістің артқанына да байланысты", – деп баса айтты компаниядағылар.

Гүлназ Ермағанбетова, Элина Гринштейн

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу