Қазақ елі құрамасы Шотландияны оңай шақты

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3023

Футболдан еліміздің ұлттық құрамасы 2020 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу додасын ірі жеңіспен бастады.

Қазақ елі құрамасы Шотландияны оңай шақты Фото: kff.kz

Қазақ елі құрамасы 2020 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу додасын жаңа бас бапкермен бастады. Былтыр өзіміз жақсы білетін Станимир Стоиловқа сенім артып едік, алаңда Болгария маманы ұлттық құрамамызды түлете алмады. Сондықтан Қазақстан футбол федерациясының басшылары құрама команданы жаттықтырып, тәжірибе жинаған Чехия маманын таңдаған болатын.

Михал Билек ақпан айынан бері футболшыларымызды жаттықтырып, Түркияда оқу-жаттығу жиынын өткізіп келген. Әрі көптеген ойыншыларымыз сол жиынға келе алмаса да, Молдова құрамасымен жолдастық кездесу өткізіп, жеңіске жеткен болатын (1:0). "Еуро-2020" додасының іріктеу турнирі басталар кезде аяқдопшы жігіттерімізді қарамағына екінші рет жинады.

Қамшының сабындай қысқа уақыт ішінде құрама сапындағы жігіттерімізге өз көзқарасын түсіндіре біліп, тактикалық айла-тәсілдерін ұғындыра алғандай. Шабуыл өтіне дайындап үлгерген ойын өрнектері де бар секілді. Әрі ешкім де допты өзінде ұзақ ұстамайды. Бір-біріне бере қояды. Алаңға бес қорғаушы шығарғанымен, қос қапталдағы қорғаушылары үнемі алға ентелеп отырды.

Айтпақшы, стадионға келген бетте ойын хаттамасын қолымызға алып, негізгі құрам тізіміне асыға көз жүгірткенбіз. Сонда алаңға бірінші минуттан шығатын 11 ойыншы қатарына Юрий Перцухтың іліккенін көріп, таң қалдық та. "Неге Мұжықов немесе Жуков емес" деген сұрақ көкейімізге тірелді. "Бойы мен дене бітіміне көңіл аударған болар" деген ойға шырмалдық та.

Сонымен ойын басталды. Шотландия футболшылары "Астана-Арена" стадионының жасанды алаңына үйренісе алмай, тосырқап жүргенде, біздің жігіттер екі гол салып, оларды сең соқандай күйге түсірді. Негізі екеуі бір-біріне ұқсас гол болып шықты. Екеуі де қонақтардың бүкіл қорғанысын "тіліп түскен" тамаша пастардан кейін соғылды.

Әуелі сонау Голландиядан шақыртылған Александр Меркель алаңның бел ортасынан допты алға әуелете асырып, Юрий Перцухты Шотландия қақпашысымен бетпе-бетпе шығарды. Перцух аспай-саспай, бірақ өте жылдам қимылдап, пәрменді соққысымен қақпаның тоғыздығын дәл көздеді. Гол! Енді түсіндік, бас бапкер оның жылдамдығына да қызыққан екен ғой.

Төрт минуттан кейін ұлттық құрама капитаны Исламбек Қуат та Шотландияның қорғанысын бір паспен ғана дәрменсіз күйде қалдыра алатындығын паш етті. Ол бірақ теңбіл допты айып алаңына сәл жақындау жерден сырғыта қойды. Қонақтардың қорғаушылары бұрылып үлгергенше, Ян Вороговский құстай ұшып барып, жан ұшыра секіріп, доптың бағытын өзгерте қойды. Гол!

10 минуттың ішінде екі доп салған жігіттеріміздің өздеріне деген сенімділіктері арта түсті. Олар өте мұқият ойнады. Өрескел қателік жіберген жоқ. Қонақтарды тықсыра түсті. Ал Шотландия футболшылары матч басындағы екі ауыр "соққыдан" соң, біразға дейін естерін жинап үлгере алмады. Әйтеуір ойындары үйлеспей қойды. Жерге тиіп көтерілген допты тоқтата алмай, қателескен сәттері де болды.

Әйтсе де, олардың сол қанаттағы футболшылары белсенділік танытып, бірнеше шабуыл ұйымдастырды. Десек те, қақпаға қатер төндіре алмады. Бір-екі рет қақпашымыз Дмитро Непогодов қырағылық танытып, ерте қимылдады. Қауіп бұлтын сейілтті. Ышқына секіріп, әуелеп келген допты тойтарды да. Қорғаушыларымыз да аянған жоқ. Жанкештілік танытты. Ал оң қапталдағы ойыншыларын біздің жігіттеріміз тырп еткізген жоқ.     

Сөйтіп, бірінші тайм аяқталды. Екінші таймда қонақтар "атойлап алға шабатын шығар" деп қауіптенген едік. Бірақ біздің футболшылар оларға ерік бермеді. Алаңның орта тұсында табан тіресе арпалысып, айып алаңымызға жақындатпауға тырысты. Дмитро Непогодовқа созыла секіріп, тағы бір рет шеберлігін паш етуге тура келді. Ең бастысы, біздің жігіттер қорғанысты ойлап артық шегінген жоқ.

Ойынның 51-минутында Гафуржан Сүйімбаев допты ыңғайына салып алды да, алыстан шірене теуіп, қақпаға жақын тұрған Бахтиер Зайнутдиновке қарай асырды. Қазір Ресейдің "Ростов" клубында ойнайтын жартылай қорғаушымыз доғаша зулап келген допты басымен ұрып, қақпаның екінші бұрышына дөп түсірді. Шотландия қорғаушылары мен қақпашысы тағы да кеш қалды.

Бұдан кейін ойын бітті десе де болады. Үшінші гол Шотландия футболшыларының ұнжырғаларын түсіріп жіберді. Әрине, бас бапкері кейбір ойыншыларын ауыстырып, қандай да бір әрекет жасауға тырысты. Бірақ олардың шабуылдары соншалықты қауіпті бола қойған жоқ. Соққылары қиыс кетіп, кежегелері кейін тартып, ойындары мандымады. Құдды, "тағы бір жіберіп алмасақ етті" деген қауіптері басымырақ болғандай.

Біздің футболшылар нокдаун алған қарсыласын құлатуға тұра ұмтылған боксшыдай асыққан жоқ. Өте сақ ойнап, қонақтардың қарсы шабуылдарынан көз жазып қалмауға тырысты. Әрине, тағы да гол соғатын бірлі-жарым мүмкіндіктері болды. Бірақ оларды сәтті аяқтаудың қисыны келмеді. Ең бастысы, қақпамызға гол жібермей, жеңісті уыстарынан шығарған жоқ.

Бір әттеген-айы, мачтың 79-минутында екі ойыншымыз допқа бірдей ұмтылып, бірін-бірі байқамай қалып, соқтығысып қалды. Исламбек Қуат дәрігерлердің көмегінен соң орнынан тұрып кеткенімен, Темірлан Ерланов орнынан тұра алмады. Оны зембілге салып әкетуге тура келді. Стадион толы жанкүйер тезірек айығып кетуін тілеп, аһ ұрды.

Сонымен, қазақ топырағынан үш ұпай олжалап кетуді ойлаған, әрі оған сенімді болған Шотландия құрамасы ойсырай ұтылды. Бас бапкері Алекс Маклиш қорғаныста қателіктер жіберіп, жылдамдықтары төмен болғанын өзі мойындады. Ерте соғылған екі гол еңселерін түсіріп жібергенін де тілге тиек етті. Әрі Қазақстан құрамасының жеңіске лайық болғандығын сүйсіне айтты.

Қазақстан құрамасының бас бапкері Михал Билек жаттығу кезінде дайындаған тактикаларынан нәтиже шыққанына қуанышты екендігін сездірді. Әрі бапкерлер құрамы сенім артқан жас футболшыларымыздың сенім үдесінен шыққандарына да көңіл аударды. Ал біз, өз кезегімізде, оның көмекшілері Михал Хипп пен Талғат Байсуфиновты да ерекше атап өткіміз келеді.

 

Қазақстан – Шотландия – 3:0 (2:0) 

Голдар: Перцух, 6. Вороговский, 10. Зайнутдинов, 51.
Ескертулер: Меркель, 38 – Шинни, 83.
Қазақстан: Непогодов, Сүйімбаев, Ерланов (Ахметов, 81), Постников, Малый, Вороговский, Қуат, Меркель, Перцух, Зайнутдинов (Мұжықов, 84), Муртазаев (Тұрысбек, 68).
Шотландия: Бейн, Шинни, Маккена, Бейтс, Палмер, Макгрегор, Армстронг, Макгинн (Мактоминей, 70), Берк, Форрест (Макналти, 81), Макберни (Расселл, 61).
Бас төреші: Срджан Йованович (Сербия)
Астана. "Астана-Арена" 27 641 көрермен.

 

Ойынның қысқаша статистикасы:

Соққы: 10 – 9

Тура соққы: 7 – 2

Қиыс кеткені: 1 – 6

Тойтарылғаны: 2 – 1

Бұрыштама соққылар: 1 – 3

Офсайдтар: 2 – 1

Допқа иелік ету: 41% – 59%

Пастар: 384 – 567

Дәл пастар: 292 – 467

Пастар дәлдігі: 76% – 82%

Ескерту (сары қағаз): 2 – 1

Ереже бұзу: 14 – 6

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу