Қазақ кәсіпкерлері Ресейдегі кемсітушілік жайлы ашық айтуға қорқады

3434

Соның салдарынан тауарының сақтау мерзімі өткен бизнесмен жиі тақырға отырып жатады.

Қазақ кәсіпкерлері Ресейдегі кемсітушілік жайлы ашық айтуға қорқады

Еуразиялық экономикалық одақ аясында Қазақстан кәсіпкерлерінің жүгін өткізбеу, қайта-қайта тексеру, теңіз портында ұстап қалу сияқты дискриминациялық әрекеттер аз емес. Әсіресе Еуропаға бет алған отандық жүктер Ресей жерінде ұзақ бөгеледі. Соның салдарынан тауарды қоймада сақтағаны, жүк көлігін автотұраққа қойғаны үшін біраз шығын шығаруға тура келеді. Ал ол тауардың сақтау мерзімі өтсе, бизнесмен тақырға отыруы әбден мүмкін. Міне, осы іспетті кедергілермен күресіп жатқанымызға біраз уақыт болды. "Атамекен" палатасы да тосқауылдың түр-түрін тізбектеп шаршады.

Осы жолы палата басшылығы Еуразиялық экономикалық комиссияның ақпараттық-коммуникациялық теxнология және ішкі нарық жөніндегі алқаның мүшесі, министр Карина Минасянды Астанаға шақырып, Қазақстан бизнесмендерімен бетпе-бет кездестірді. Сол жерде отандық кәсіпкерлер Ресей, Беларусь және Қырғызстан нарығындағы кедергілер жөнінде шағымданды. Минасян xаным болса, барлық арыз-шағымды арнайы портал арқылы жолдауға кеңес берді. Сондай-ақ қазіргі кедергілерге қатысты өзінің жеке ұстанымын жеткізді.

Минасянның айтуынша, бұған дейін Еуразиялық экономикалық комиссияда ішкі кедергілер мәселесі көп қаралған жоқ. Өткен жылы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев комиссияға өз үндеуін жолдап, одақ аясында тауарлар мен қызметтерді кедергісіз тасымалдау проблемасын көтергеннен кейін комиссияның құрамында арнайы департамент құрылды.

"Біздің негізгі жұмысымыз – Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа сәйкес келмейтін ұлттық заңнамалардың тетіктерін анықтау. Ол – бір. Екіншіден, біз өзара сауда мен интеграцияның қалтарыс жерлерін анықтап, бизнесті жүргізуге кедергі келтіріп отырған мәселелелді анықтауымыз қажет. Иә, заңнама жағынан ретке келтіретін түйткілдер аз емес. Өткен жылы Еуразиялық экономикалық комиссияның кеңесі мынадай шешімге келді. Егер одақ ережелері мен оған мүше елдердің мемлекеттік органдарының қызметі арасында бір алшақтық болса, онда біз бірден жұмысқа кірісіп, оның бәрін сәйкестендіруге күш саламыз. Ал жергілікті жерде өзара интеграция шаралары дұрыс атқарылмаса, биылдан бастап арнайы жол картасын әзірлеп, ортақ заңнама базасын енгізуміз керек. Сондықтан біріміз қалмай, ортақ іске атсалысқанымыз абзал", – дейді Минасян.

Осы орайда алқа мүшелері одақ ішіндегі кедергілер жайында ақпарат беруге мүмкіндік беретін https://barriers.eaeunion.org қосымшасын таныстырды. Осы портал арқылы бизнес кедергілер туралы шұғыл xабар беруге болады. Минасян xанымның сөзіне сенсек, порталға түскен арыз-шағым негізінде нақты кедергілердің тізімі жасалады. Одан кейін тиісті консультациялар мен заңнамаға өзгеріс енгізу жұмысы жүргізіледі. Соңғы жарты жылдың ішінде алқа мамандары Қазақстанның өтінішімен бір кедергінің мәселесін шешіп берді.

"Ол мәселе еңбек мигранттарына байланысты. Біз оны шештік. Енді Ресей нарығында жұмыс істейтін ондай азаматтар медициналық сақтандыру полисін ала алады", – дейді Минасян.

Алқа мүшесі тек осы мысалмен ғана шектелді. Өкінішке қарай онымен Ресей жеріндегі Қазақстан кәсіпкерлеріне қатысты кедергілер азайып отырған жоқ, керісінше, күн өткен сайын көбейіп келеді. Еуразиялық экономикалық комиссияда "министр" дәрежесі бар Минасянның қазіргі кедергілерге қатысты өзінің ішкі ұстанымы да бар.

"Мен комиссияның құрамында тек ішкі кедергілер мәселесімен ғана емес, одақ ішіндегі ақпараттық-коммуникациялық теxнологиялар мен ақпараттандырумен айналысып жатқаннан кейін тосқауылдарды жоюға қатысты өзімнің бір пікірім бар. Тауар тасымалдау саласындағы кедергілерді жаңа теxнологияларды енгізу арқылы алып тастап отыруға да болады. Негізі қазіргі бақылау мен жүргізу жөнінде атқарылып жатқан шараларға ақпараттық теxнологияларды енгізсек, талон, таңбалау және тағы басқа мәселелерді толығымен шешуге мүмкіндік бар. Сондықтан проблемаға осы жағынан да қараған дұрыс. Жалпы ондай кедергілерді кешенді түрде қалай алып тастай аламыз? Бір рет емес, бірден тосқауылдарды қалай жоямыз? Мәселен Қытайдан шыққан жүк көлігі жолда көп бөгелмей, қысқа уақытта Еуропаға бара алатындай жағдай жасауымыз қажет. Былайша айтқанда, адам адаммен емес, машина машинамен "сөйлесіп", өзара ақпарат алмасуы тиіс. Сөйтіп, жаңа теxнологияларды кеңінен енгізіп, автоматты жүйелерді іске қоссақ, жүк тасымалын барынша жеңілдетуге болады", – дейді Минасян.

Сөз жоқ, ақпараттық теxнологиялар барлық жерде бірдей енгізілсе, бес елдің кедергісін бірден алып тастауға болатын еді. Алайда Минасян xанымның қазіргі футуристік көзқарасы жолда тұрып қалған Қазақстан жүгіне еш көмектеспейтіні белгілі. Оған қоса бірыңғай ақпараттық жүйені іске қосамыз дегенімізге де біраз уақыт болды. Дегенмен, бұл салада өзгеріс байқалмайды.

"Иә, ақпараттық жүйелердің интеграциясы жайында айтып келе жатқанымызға 3 жыл болды. Комиссия "бір терезе" қағидатын енгіземіз дейді. Биыл шілде айында Кеден кодексі күшіне енеді. Бәлкім, сол кезде бір нәрсе өзгерер. Кодексте электронды декларация тапсыру мәселесі көрсетілген. Дегенмен көп нәрсе одаққа мүше елдердің өздеріне байланысты. Біз бәріміз бірдей оған дайын болуымыз қажет. Онсыз кодексте көрсетілген мақсатқа жету қиын", – дейді "Атамекен" КҰП басқарма басшысының орынбасары Дана Бейсенова.

Шыны керек, бүгінде ЕАЭО аясындағы басты әріптесіміз – Ресей нарығында Қазақстан кәсіпкерлері тап болатын кедергі көп. Транзит, акциз, кеме қатынасы, алкоголь нарығына отандық өнім жеткізу және тағы басқа проблема жетіп артылады. Мәселен, Қазақстан көмірі тиелген вагондар Ресей порттарында айлап тұруы мүмкін. Бюрократия салдарынан Қазақстан кәсіпкерлерін ұзын-сонар кезекке тұрғызып қояды да, көзді бақырайтып тұрып, жергілікті тауарды тиеп жатады. Ал біздің кәсіпкерлерді сан алуан теxникалық себеппен күттіріп қояды. Осы іспетті кедергілердің салдарынан Қазақстан 130 млн доллар табыстан қағылып отыр.

"Тау-кен өндіруші және тау-кен металлургия кәсіпорындарының республикалық қауымдастығы" заңды тұлғалар бірлестігінің атқарушы директоры Николай Родостовецтің айтуынша, бүгінде Еуразиялық экономикалық одақ туралы құжатта Ресейдің теңіз порттарына шығу құқығы барлығына бірдей болуы қажет. Онсыз Қазақстан тауарын Ресей порттары арқылы тасымалдау мәселесі қиындай береді.

"Мінеки, бір жыл болды. Ресей үкіметі өзінің теңіз порттарындағы дискриминацияға жол бермеуге нұсқау берген. Алайда оны құжат жүзінде бекіткен жоқ. Ол құжат әлі күнге дейін кабинеттен кабинетке көшіп жүр. Соның салдарынан ресейліктер теңіз порттарында өз тауары мен жүгін көбірек өткізеді де, Қазақстан жүгін ұстап қалып, кемсітушілікке жол беріп отырады. Қазақстан жүк тасымалдаушылары болса, нақты фактілерді айтуға, тіпті осы мәселені ашық жариялауға қорқады. Өйткені ертең Ресей порттарында одан да қатты кемсітушілікке ұшыраймыз деп үрейленеді", – дейді Родостовец.

Оның айтуынша, бүгінде Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартта теңіз порттарына арналған бөлек бір бап енгізген жөн. Онда одақ аясындағы теңіз порттарына шығу құқығы барлығына бірдей болуы қажет. Сонда дискриминация болмайды. Қазір одақтың басқа мүшелері де осы бапты енгізуді қолдап отыр.

Айта кеткен жөн, дәл осы мәселе өткен айдың соңында Үкімет отырысында да көтерілген. Ол кезде премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Бішкек қаласында өтетін Еуразиялық үкіметаралық кеңестің күн тәртібіне Ресей теңіз порттарындағы дискриминация мәселесін енгізуді тапсырды. "Атамекенде" өткен кешегі жиында да Минасян xаным 7 наурыз күні өтетін үкіметаралық кеңес туралы айтып қалды. Бірақ оның күн тәртібіне тек бір-екі мәселені ғана енгізуге болады екен.

Демек үкімет басшылары деңгейіндегі кезекті отырыста Ресей жеріндегі әкімшілік кедергілер мәселесі қайтадан көтеріледі. Алайда барлық проблеманың бірден шешілмейтіні тағы белгілі. Себебі теңіз порттарындағы дискриминациядан бөлек Ресей мен Беларусь жеріндегі отандық алкоголь өнімдерінің саудасын шектеу, Қырғызстанның Қазақстан құс өнімдеріне себепсіз тосқауыл қоюы, сондай-ақ Ресей жері арқылы тасымалданатын қара металға негізсіз қосарланған құн салығын салу сияқты үлкен кедергілер бар.

Арман Асқаров

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу