Қазақстан қор биржасында валюта алаңдары жабылады

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
3685

Ұлттық банк келесі жылы KASE орнына жаңа "арнайы алаң құру" жайын пысықтауда.

Қазақстан қор биржасында валюта алаңдары жабылады

Бұл қадам "Қазақстанның 2019 жылға арналған ақша-кредит саясатының (АКС) негізгі бағыттары" аясында белгіленіп отыр. Еліміздің қаржылық реттеушісі жариялаған бұл құжатта KASE-нің валюта нарықтары жабылатыны айтылады.

"Ұлттық банк 2019 жылы "Қазақстан қор биржасы" АҚ-ында ақша және валюта нарықтарының алаңдары жабылғаннан кейін арнайы алаң құру мәселесін қарастыруда. Онда тұрақты қолжетімділіктің қосымша операциялары (депозиттер, РЕПО, своп) жүргізілетін болады", – деп мәлімдеді ұлттық банк.

Оның түсіндіруінше, "су жаңа" алаңға тек екі тарап қана жіберіледі: "ондағы операциялар тек бір жағынан банктер және екінші жағынан ұлттық банк арасында ғана жүргізілетін болады".

Бірақ бұл Қазақстан қор биржасы мүлдем жұмысын тоқтатып, жойылады дегенді білдірмейді екен. Сарапшылар бұл құрылымға басқа міндеттер жүктелетінін айтады.

Өз кезегінде қаржылық реттеуші KASE-нің жаңа миссиясын жария етті, бұл құрылым "Орталық контрагент институтын құру" идеясы аясында дамытылмақ.

"Биылғы 1 қазаннан бастап "Қазақстан қор биржасы" АҚ-ы валюта нарығындағы орталық контрагент функциясын орындауға кірісті. Тиісінше, ол енді осы мәмілелерді сақтандыруды жүзеге асырады. Орталық контрагентті құру нарықта тұрақтылықты қамтамасыз ете отырып, кредиттік тәуекелдерді басқаруды жақсартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ нарықтың шетелдік қатысушылар үшін тартымдылығын арттырады", – делінген алдағы жылға арналған АКС негізгі бағыттары туралы ұлттық банк басқармасы бекіткен құжатта.

"Орталық контрагент бастамасын жүзеге асыру қазақстандық қор биржасында жасалатын мәмілелердің кейін аяғына дейін жеткізілетініне, мәміленің барлық тараптарының өз міндеттемелерін орындайтынына кепілдікті қамтамасыз етеді. Бұл отандық және шетелдік инвесторлар үшін оңды нышанға айналады. Себебі, ол Қазақстанның қор нарығында инвесторлар құқықтарын қорғаудың және тәуекелдерді басқарудың тиімді тетіктері барлығын көрсетеді", – дейді ұлттық банк басшысы Данияр Ақышев.

Сарапшылар елордада AIX (Astana International Exchange, "Астана" халықаралық қаржы орталығының биржасы) іске қосылғаннан кейін Алматыдағы қор биржасының мәні кеткенін айтады.

"KASE бұрыннан жай ғана валюта айырбастау орнына айналып кетті. Негізі, ұлттық банк қаржы секторындағы өсімге ықпал етуші драйверге айналуға тиіс еді. Алайда ол мегарегуляторға айналып алды. Кей істе оның өзі мүдделер қақтығысын туғызады. Өйткені бір өзі тексереді, өсімге өзі жауап береді, өзі реттейді, өзі ақша басады, өзі нарықты қаржы-өтімділікпен жабдықтайды, өзі несиелік қаражат таратады. Оны аз десеңіз, ол есеп жүргізеді және төл кредиттік бюросын құруға талпынуда. Біздің есебімізше, ұлттық банктің 11 еншілес ұйымын, соның ішінде KASE-ні де жекешелендіруге жіберуге болар еді. Бірақ ҰБ оларды ешкімге бермей, ұстап отыр", – дейді сала сарапшысы Денис Кривошеев.

Жалпы, қаржы секторын және қор нарығын келесі жылы бұдан басқа да үлкен жаңалықтар күтіп тұр. Атап айтқанда, Қазақстан келесі жылы 7 күндік қысқа мерзімді ноталарды шығаруды тоқтататын болды. Бұл ноталар құжатсыз, тек электронды күйде айналымда жүретін мемлекеттік құнды қағаз болып табылатыны белгілі.

"Ұлттық банк 2019 жылы ашық нарықтың операцияларына қатысты қазіргі қолданыстағы 7 күндік қысқа мерзімді ноталар шығару операцияларының орнына депозиттік аукциондарды енгізетін болады. Депозиттерге ақшаға тез конвертациялану қасиеті тән емес, сол себепті банктердің өтімділігін тұрақтандыруға мүмкіндік береді. Депозиттік аукциондар бірінші кезеңде күн сайын өткізіледі, өтімділікті кері алу мерзімі 7 күнді құрайды", – деп мәлім етті қаржылық реттеуші.

Бұдан былай Қазақстанда қысқа мерзімді ноталар 1, 3, 6 және 12 ай айналыс мерзімімен ғана шығарылады.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу