Қазақстан "өлі туған" мемлекеттік жобадан бас тартады

3243

Енді министрлер мен әкімдер өз командасын қалыптастыруда толығымен "өзі би, өзі қожа" болады.  

Қазақстан "өлі туған" мемлекеттік жобадан бас тартады

Билік шенеуніктердің кадрлық резервінен бас тартуды ұйғарды.

Бұл шешім жөнінде Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік жариялап отыр.

Айта кету керек, осыдан бес жылдан астам уақыт бұрын мемлекет "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметінің кадр резерві" деген мега-жобаны бастаған болатын. Бұл билікке басқарушылардың ең таңдаулы, іріктелген өкілдерінің келуі үшін жасалды.

Осы мақсатта 2015 жылғы 23 қарашада "Қазақстанның мемлекеттік қызметі туралы" заңы өзгертіліп, тиісті баппен толықтырылды.

Оған сәйкес, "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметінің кадр резерві – "А" корпусының бос не уақытша бос мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына орналасуға үміткер Қазақстан азаматтарының Қазақстан заңнамасында белгіленген тәртіппен қалыптастырылып, жүйеленген тізімі" болып табылады.

Алайда меморгандар басшылары мен жергілікті әкімқаралар бұл резервке пысқырмай, саботаж жасап, өз командасын негізінен ол тізімнен тыс түзуін жалғастырды. Бұған жол берілмейтіні жөнінде ескертулер де ескерілмеді.

Айта-айта, сөзінің өтпейтінін сезген биліктің бұдан бас тартудан басқа амалы қалмағандай.

"Соңғы екі жылдағы "А" корпусына тағайындауларды талдау көрсеткендей, лауазымды орындарды иеленудің 66%-ға жуығы кадрлар резервінен емес, конкурстан тыс тәртіпте жүргізілуде. Сонымен қатар, тіпті кадрлық резервтегі үміткерлер болғанның өзінде, олар өздерінің салалық ерекшеліктеріне байланысты мемлекеттік органдардың талаптарына әрдайым жауап бере бермейді. Нәтижесінде көптеген резервтегілер жұмысқа орналасу мүмкіндігін пайдаланбастан, резервте тұру мерзімі аяқталуы салдарынан резервтен шығарылады. Бұл "А" корпусының кадрлық резерві институтын жоққа шығарады. Осыған орай бұдан былай резервті қалыптастырусыз-ақ, "А" корпусының бос лауазымына тікелей конкурстық іріктеу жүргізу ұсынылады", – деп түсіндіреді Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік.

Бұл ретте "А" корпусы резервін ұлттық заңнамадан түпкілікті жою үшін "Мемлекеттік қызмет туралы" заңына қайтадан өзгеріс енгізіліп, 2015 жылы қосылған бап алып тасталмақ. Осыны қарастыратын жаңа заң жобасы дайын.

Тиісінше, аталған агенттік көзбояушылыққа айналған "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметінің кадр резерві" дегенді қалыптастыруды тоқтатады деп күтілуде.

Айта кету керек, аяғына жеткізілмеген мұның орнына билік басқа жаңа жобаны қолға алуда.

"Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өзінің сайлауалды бағдарламасында мемлекеттік қызметтің барлық қабаттарында "Президенттік кадр резервін" құру бастамасын көтерді. Оны құрудың қажеттігін Президент өзінің ұлықтау салтанатындағы сөзінде де атап өтті. Бұл резервті құру туралы тапсырма Президент өткізген 2019 жылғы 13 мамырдағы №19-01-7.11, 2019 жылғы 12 маусымдағы №19-01-7.23 кеңестердің хаттамаларында, сондай-ақ Президенттің 2019 жылғы 19 маусымдағы №27 Жарлығымен бекітілген сайлауалды бағдарламаны іске асыру жоспарында берілген. Осыған орай, агенттік "Президенттік кадр резервінің кейбір мәселелері туралы" Президент Жарлығының жобасын әзірледі", – деп түсіндіреді ведомство.

Алайда агенттіктің мәліметінше, қолданыстағы заңнама Қ.Тоқаевтың бұл кадрлық резервіндегі адамдарды әкімшілік лауазымдарға тікелей тағайындауға мүмкіндік бермейтіні анықталып отыр. Өйткені заңнама олардың алдымен "бос лауазымға конкурстық процедуралардан өту қажеттігін" бекітеді.  

Сондықтан кез келген шенеунікті тікелей тағайындай алуы үшін заңға тиісті толықтыру енгізілмек. Нақтылай кетсек, мемлекеттік қызмет туралы заңның "Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметке кiру" деп аталатын 15-ші бабына бұған дейін болмаған 5-ші тармақ қосылғалы тұр. Егер бұл идеяны алда Мәжіліс пен Сенат қолдаса, онда заңнамада "Президенттік кадр резервіне алынған адамдар "А" және "Б" корпусының мемлекеттiк әкiмшілiк лауазымдарына конкурс өткізілместен орналаса алады" деп жазылмақ. Яғни, өзге кандидаттарға қарағанда Мемлекет басшысының резервіне кіре алғандарға кез келген қызметке тұруда басымдық берілетін түрі бар.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу