Мемлекеттік қызметкерлерге "дипломмен ауылға" жобасы ұсынылды

6160

Мемлекеттік қызмет саласындағы заңға өзгерістер енгізіледі. 

Мемлекеттік қызметкерлерге "дипломмен ауылға" жобасы ұсынылды

Парламент Мәжілісінде Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті ұйымдастырған "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасының таныстырылымы өтті.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Марат Дәуешовтің айтуынша, заң жобасының негізгі мақсаты – мемлекеттік қызмет саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіру. Баяндамасында төраға орынбасары сегіз заң жобасына түзету енгізуді ұсынды.

"Бірінші, "Дипломмен ауылға" жобасын мемлекеттік қызметкерлерге қолдану. Қазіргі уақытта ауылдық жерлерде кадр тапшылығы орын алып отыр. Бұл заң жобасында ауылдық деңгейдегі мемлекеттік қызметтің тартымдылығын арттыру және мемлекеттік қызметке білікті мамандарды тарту көзделген",– деді ол.

Екінші түзетуде "А" корпусының кадр резервін қысқарту қарастырылды. "Соңғы екі жылда жасалған талдау тағайындаулардың 66 пайызы кадрлық резервтен тыс жүзеге асырылатынын көрсетті. Бұл резервке алынған тұлғалардың мемлекеттік органдардың салалық қажеттіліктеріне әрдайым сәйкес келмейтіндігінен болып отыр. Бүгінгі таңда "А" корпусының резервінде 26 адам бар. "А" корпусының кадр резервіне соңғы іріктеу екі жарым жыл бұрын 2017 жылы өткізілді. Сонымен қатар, осы резервті қысқарту "А" корпусының лауазымдарына үміткерлер тобын кеңейтуге, сондай-ақ аталған лауазымдарды жедел толтыруға мүмкіндік береді", – деді баяндамашы.

Үшінші, арнайы тексеру жүргізу кезеңін мемлекеттік қызмет өтіліне қосу. Бұл өзгерісте жоғары тұрған лауазымға тағайындау кезінде аталған кезеңнің есептелуі қарастырылады.

Төртінші өзгерісте конкурстық рәсімдерді оңтайландыру ұсынылды.

"Атап айтқанда, 3 кезеңдік конкурстық іріктеуден 2 кезеңдік конкурстық іріктеуге көшу. Яғни барлық мемлекеттік органдардың мемлекеттік қызметшілері арасындағы екінші ішкі конкурсты және жалпы конкурсты біріктіру ұсынылады. Бұл өзгерістер конкурстық рәсімдер уақытын 14 жұмыс күніне дейін, яғни 46-дан 32 күнге дейін қысқартуға және бос жұмыс орындарын толтырудың жеделдігін арттыруға мүмкіндік береді", - деді Марат Дәуешов.

Бесінші, мемлекеттік қызмет істері агенттігінің қайта ұйымдастырылуына және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің құрылуына байланысты, әкімшілік құқық бұзушылық кодексінде әкімшілік хаттамалар жасау құзыретін шектеу ұсынылды.

Алтыншы, сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылық немесе мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылық жасағаны үшін жауапкершілікке тартылатын адамдарды басқа мемлекеттік қызметке ауысуына байланысты жұмыстан босатуға тыйым салу ұсынылды. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасарының сөзінше, бұл құқық бұзған адамдардың жауапкершіліктен құтылуының жолын кеседі.

Жетінші өзгеріс, жекелеген саяси лауазымдарға Президенттің шешімі бойынша біліктілік талаптарын белгілеу.

"Қазіргі уақытта саяси лауазымдарға біліктілік талаптары қарастырылмаған. Осыған байланысты, жеткілікті дәрежеде жұмыс тәжірибесі жоқ адам лауазымға орналасуы мүмкін", - деді Марат Дәуешов.

Соңғы сегізінші түзету ретінде көпбалалы ата-ана санатына жататын мемлекеттік қызметшілерді міндетті түрде ротациялаудан босату ұсынылды.

"Бұл норма олардың әлеуметтік қорғалуын арттыруға мүмкіндік береді. Әдетте, төрт және одан көп баланың болуы басқа жерге көшуді қиындатады. Осыған байланысты, көп балалы ата-аналарға міндетті түрде ротацияға жататын басшылық қызметтерден бас тартуға тура келеді" –деді баяндамашы.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу