Қазақстан жалпы командалық есепте екінші орынды иеленді

2529

Дүбірлі доданың тоғызыншы күні Қазақстан құрамасының спортшылары намысқа тырысып, медаль көрсеткіші жөнінен ешкім енді орнымызды ала алмайтындай етіп қоржынымызға 5 медаль салды.

Қазақстан жалпы командалық есепте екінші орынды иеленді

Алтын, күміс, қоланы қатарынан иеленген биатлоншылардың еңбегі зор екенін ерекше айтып өту керек. Масс-стартта Галина Вишневская өзінің осы Универсиададағы ең үздік биатлоншы екенін дәлелдеп, осымен екінші рет алтыннан алқа тағып отыр. Қалған қыздарымыз да жарысты жақсы нәтижемен аяқтады:

1. Галина Вишневская (Қазақстан) — 36:15.4 (0+0+0+1)

2. Яна Бондарь (Украина) — +1:02.3 (0+0+3+2)

3. Лариса Куклина (Ресей) — +1:13.1 (0+0+0+2).

4. Елизавета Бельченко (Қазақстан) — +1:27.0 (0+2+0+1)

5. Дарья Усанова (Қазақстан) — +2:10.9 (0+1+1+4)

13. Александра Сасина (Қазақстан) — +4:22.8 (0+0+3+1)

15. Анастасия Кондратьева (Қазақстан) — +5:41.7 (2+1+2+1).

DNF. Алина Райкова (Қазақстан).

Роман Еремин мен Антон Пантов та осы масс-стартта Ресей құрамасының үздіктерімен соңына дейін алысып, ақыры озып келді, дегенмен алтынға бір табан жетпеді. Француз Батист Жути соңғы айналымда Роман мен Антонды артқа тастап чемпион атанды. Бұл жолы да біздің жігіттерге мергендік жетіспеді, ату алаңында әбден састы, нәтижесінде екінші және үшінші орынды қанағат тұтты. 15 шақырымдық бәсекедегі өзге биатлоншыларымыздың нәтижелері мынадай:

1. Батист Жути (Франция) — 43:30.0 (0+1+0+1)

2. Роман Еремин (Қазақстан) — +13.5 (1+2+0+2)

3. Антон Пантов (Қазақстан) — +27.7 (1+0+0+1)

6. Василий Подкорытов (Қазақстан) — +1:28.8 (2+1+0+0)

13. Тимур Куц (Қазақстан) — +2:47.2 (1+1+0+0)

17. Владислав Витенко (Қазақстан) — +3:40.6 (2+2+2+1)

25. Тимур Хамитгатин (Қазақстан) — +10:12.1 (5+1+1+1).

Шорт-тректен ерлер арасында 5 шақырым қашықтықтағы эстафеталық жарыста Қазақстан командасы Абзал Әжғалиев, Айдар Бекжанов, Денис Никиша, Нұртілек Қажығалиев және Нұрберген Жұмағазиев қола медальге ие болды. Қытай командасы бірінші келді, Ресей жігіттері күміс медальді жеңіп алды.

Ал оның алдында қыздарымыз Ким Йонг А, Анастасия Крестова, Анита Нагай, Ольга Тихонова және Мәдина Жанбусинова 3 шақырымдық эстафетада қола жүлдегер атанған болатын.

Шорт-трекші Денис Никиша да жекелей сында қола медаль алып, қатты қуанды: "Мен сондай қуаныштымын. Бірақ командаласым Айдардың 4-орын алып қалғаны қынжылтады. Бір жағынан екеуміз финалда кәріс-жапондарға қарсы басқаша тактика қолданып көрейік деп шешкенбіз, ойдағыдай шықты, бірақ қола медаль маған бұйырып тұр екен", – дейді Никиша.

Шаңғышымыз Анна Шевченко осы Универсиадада осымен үшінші қола жүлдеге ие болып отыр. 15 шақырымдық масс-стартта тағы да орыс қыздарынан аса алмады. Ресейлік Лилия Васильева чемпион атанса, командаласы Анна Нечаевская тағы да күміс алды.

1. Лилия Васильева (Ресей) — 44:09.7

2. Анна Нечаевская (Ресей) — +2.0

3. Анна Шевченко (Қазақстан) — +7.8

5. Ольга Мандрика (Қазақстан) — +48.1

8. Ангелина Шурыга (Қазақстан) — +1:48.2

10. Марина Матросова (Қазақстан) — +3:05.4

14. Валентина Эбель (Қазақстан) — +3:24.3

20. Анна Стоян (Қазақстан) — +5:53.9.

Сонымен Қазақстан қоржынында 34 медаль бар: 11 алтын, 7 күміс және 16 қола. Бізден кейінгі орында Оңтүстік Корея: 11 алтын, 5 күміс, 5 қола. Жалпы Корея қоржынында 21 медаль бар. Соңғы күнгі шаңғы жарысындағы масс-стартқа кәрістер қатыспайды және шайбалы хоккейде де жоқ. Сондықтан кәрістер жалпы командалық есепте үшінші орында тұрақтады.

Ал хоккейшілеріміз қоржынға тағы бір алтын салуы мүмкін. Жігіттер жартылай финалда Чехияны 4:1 есебімен ұтып, финалға шығып отыр. Ақтық айналымдағы қарсыласымыз – жартылай финалда Канададан 4:1 есебімен басым түскен Ресей құрамасы.

Жанат Қалықов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу