Қазақстанда массаж бизнесі үлкен индустрияға айналып келеді

3695

Бұл саладағы табысты кәсіпкерлер айына бірнеше миллион теңге табыс табады.

Қазақстанда массаж бизнесі үлкен индустрияға айналып келеді

Бұл жерде әңгіме "массаж салоны" атын жамылып, заңсыз жезөкшелік қызметтер ұсынатын алаяқтар туралы болып отырған жоқ.

Елімізде кәсіпкерліктің бұл түрімен айналысу үшін медициналық жоғары білімнің болуы қажет етіледі. Өйткені адам тәніндегі белгілі бір нүктелерді басып тастаса, ол жан қозғалудан қалып, кемтарға айналуы ықтимал.

Сарапшылардың айтуынша, тиімді ұйымдастырылған массаж бизнесі өзіне салынған қаражатты 5-6 айда ақтап береді. Бұл істі тіпті орынжайсыз да ұйымдастыруға болады: бірқатар білікті массажист мамандар шақыру бойынша клиенттің үйіне барып, уқалап емдеумен айналысады. Бірақ оның қауіпті тұстары бар: бейәдеп фильмдердің уағызы өтіп кеткен кейбір адамдардың ойында басқа қарау ниет болуы ғажап емес.

Қазақстанда бұдан біраз бұрын массаж тек қана медициналық тағайындаумен көрсетілетін дәрігерлік ем-дом шарасы болатын. Қазір осы релакс-қызметті сұлулық салондары да, фитнес клубтар да, арнайы массаж студиялары да көрсетеді. Өйткені бұл бизнес үлкен инвестицияларды талап етпейді. Оның үстіне мануалдық манипуляциялар жасауды жоспарламасаңыз, бойды босаңсытатын не керісінше, сергітетін, сондай-ақ бетке жасалатын косметикалық массаж үшін денсаулық сақтау министрлігінен лицензия алуыңыз да қажет емес.

Сарапшылар бұл бизнеске кіріспес бұрын, салонның орынжайын сайлап алуға кеңес береді. Бұл ретте алдымен бизнесіңіз бағдарланған клиенттеріңіздің нысаналы тобын анықтап алуыңыз керек. Егер келушілердің басым көпшілігі медициналық себептермен дәрігерлердің бағыттауы бойынша келетін сырқаттар болса, онда салонның қай жерде орналасқанының маңызы шамалы көрінеді. Себебі, жақсы маманның соңынан адамдар кез келген жерге жол тартады.

Ал егер массаж салоны сылап-сипаудан ләззат алуды, өзінің бой-басын күтуді жаны сүйетіндерге арналса, онда оның қаладағы элиталы шағын аудандарда ашылғаны маңызды.

Салонның бірінші қабатта орын тепкені жөн, бұл клиенттерге қосымша қолайлылық тудырады.

Дұрысы, әр массажшыға ауданы кем дегенде 8 шаршы метр болатын жеке бөлме керек. Бірақ екі маман 12 шаршы метрлік бір бөлмеде бірге жұмыс жасайтын салондар да бар. Бұл әсіресе, қатар жатып, уқалаудан бірге рахаттануды қалайтын жұптар – ерлі-зайыптылар, нақсүйерлер, не дос әйелдер үшін ыңғайлы.

Жалпы алғанда, салонның ауданы массажшылардың санына, администратор-басшы отыратын кеңсеге және ресепшнге қарай шақталады. Нәтижесінде, шағын салондар үшін 70-100 шаршы метр де жеткілікті. Дегенмен, эксперттер ауқымы 5 массаждық орыннан артық болатын салонды ашу тиімсіз екенін ескертеді. 

Инвестиция құрамына керек-жараққа жұмсалатын шығын да кіреді. Мәселен, елімізде массаж кушеткаларының бағасы 40 мың теңгеден 900 мыңға дейін барады. Соңғысы америкалық US-Medica маркасының массаж төсегі  мануалды терапия, рефлексотерапия, лимфодренаж, жалпы массаж, акупунктуралық массаж, SPA-процедуралар, косметологиялық қызметтер элементтерімен жабдықталған.

Рас, бизнеске салар бастапқы қаражаты аз адамдар 27 мың теңге тұратын жиналмалы массаж үстелдерін ала алады.

Елімізде саламатты өмір салтының кең тарала бастауы массажға деген сұраныстың өсу үрдісін қалыптастыруда. Шағын салымдар мен өзін-өзі тез ақтауы осындай салон ашудың тиімділігін айғақтай түседі. Сондықтан  Светлана Мұхамбетқалиева мен Елена Астафьева екеуі осы бизнесті таңдап, бірлесе кәсіп ашыпты. Екеуі де дипломды массажист-медиктер болып табылады. Бьюти-индустрияның жаңашылдықтарына қанығу үшін "Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасының "Бизнес-мектебінен" өткен олар жақында үшінші массаж салонын іске қосты.

"Біз ересектерге де, балаларға да массаждың барлық түрлерін ұсынуға тырысамыз. Оның ішінде сауықтыру, антицеллюлиттік, коррекциялық бағдарламалар, spa-relax бар. Біз сондай-ақ дұрыс тамақтану бойынша кеңестер де береміз. Жалпы, бұл процедураларды қолжетімді бағамен де тұтынуға болатынын паш етуге жан салудамыз. Бұл ретте кадрларға көп нәрсе байланысты болады. Тиісінше, өз ісінің майталман мамандарын алуға тырысу қажет", – дейді Светлана Мұхамбетқалиева.

Ал Елена Астафьева клиент қайта оралуы үшін ол массаждың сауықтырушы қасиетін сезінуі керектігін білдірді.

"Әрине, массаждың сан алуан түрі сұранысқа ие. Ең бастысы, барлық келушілерге бірдей әдісті қолданбай, әрқайсысына жеке келу керек. Әр адамның тәні, ағзасы – қайталанбайтын әлем ғой. Біреуіне жағатыны екіншісіне келмейді. Әйелдер целлюлитке қарсы массажға көп тапсырыс береді. Ол үшін аптасына үш рет келу қажет етіледі. Барлығы денеге жиналған май көлемінің қаншалықты үлкендігіне байланысты. Антицеллюлиттік массаждың пайдасы сол, біз май қатпарларын бұзып, ыдыратамыз", – дейді салонның құрылтайшысы.

Өз кезегінде "Атамекен" палатасы мұндай шағын бизнес ашушыларға мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылғанын еске салады. Ол "Даму" қорының арзандау несиесі, гранттық қаржыландыру және басқа да қолдау түрінде болып келеді.

Еңбек және халықты қорғау министрлігінің мәліметінше, шағын және орта бизнес ашқысы келетін қазақстандықтарға нәтижелі жұмыспен қамтудың және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2021 жылға дейінгі "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы аясында ауылда отбасылық бизнес ашу және табысын арттыру үшін жаңа бизнес-идеяларға 505 мың теңге (200 АЕК) мөлшерінде өтеусіз негізде мемлекеттік гранттар беріледі. Сондай-ақ, ауыл кәсіпкерлері үшін 16 миллион теңге микрокредит ұсынылады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу