Қазақстандықтар кедейлікке қол бұлғағалы тұр

Ирина Севостьянова Ирина Севостьянова
4741

2018 жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек форматы өзгереді.  

Қазақстандықтар кедейлікке қол бұлғағалы тұр

2018 жылдың 1 қаңтарынан  бастап елімізде атаулы әлеуметтік көмектің (АӘК) жаңа форматы енгізіледі. Нәтижесінде атаулы әлеуметтік көмек алу оңай болады, ал жәрдемақы көлемі артады.

Парламент мәжілісінің жалпы отырысында денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова осылай мәлімдеді. Ол атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматы  жәрдемақының қазіргі үш түрінің орнына қолданылатынын айтты. Оның сөзінше, жәрдемақы алуға қажетті құжаттар саны қысқарады. 

"Егер бүгінге дейін азаматтар үш жәрдемақыны алу үшін үш пакет құжат дайындап, әр түрлі үш мекемеге жүгіріп жүрген болса, жаңа жүйе бойынша  құжаттың бір пакетін ғана дайындап, бір ғана мекеме – Халықты жұмыспен қамту орталығына барады", – деді министр.

Негізінен атаулы әлеуметтік көмек шартты және шартсыз ақшалай көмек деп бөлінеді. Шартсыз ақшалай көмек отбасында еңбек етуге қабілеті жоқ мүшелері барларға (мысалы, мүгедектер отбасына немесе қарт зейнеткерлерге) немесе еңбек етуге қабілетті мүшелері белгілі себеп бойынша жұмыс істей алмайтын отбасыларға (мысалы, мектеп жасына дейінгі балалары бар жалғыз басты аналар) беріледі. Мұндай отбасыларға жәрдемақы алу үшін міндетті түрде жұмыс істеу талап етілмейді.

Шартты ақшалай көмек отбасындағы азаматтардың біреуі еңбек етуге қабілетті отбасыларына беріледі. Онда көмек әлеуметтік келісімшарт негізінде жасалып, отбасының еңбек етуге қабілетті мүшелері жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысуға міндетті болады.

"Егер отбасының  еңбек етуге қабілетті мүшелері бар болса, онда олар  жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысуға міндетті болады. Яғни әрбір еңбек етуге қабілетті азаматқа мемлекет тарапынан тек атаулы әлеуметтік көмек қана көрсетіліп қоймайды, сонымен бірге оқып, мамандық алуға, өз ісін ашуға немесе жұмысқа тұруға қолдау көрсетіледі", – деп түсіндірді министр.   

Қолдау әр отбасыға жеке-жеке көрсетіледі. Еңбек министрлігі "Өрлеу" жобасын үш жыл бойы сынақтан өткізіп, енді барлық ел бойынша енгізуге кірісті. Жобаның мәні мынада – АӘК алуға жүгінген әр отбасыға қиын жағдайдан шығудың жеке жоспары әзірленеді. Министрліктің мәліметіне сүйенсек, үш жылдың ішінде жобаға 19 мыңға жуық отбасы қатысқан. Нәтижесінде жоба қатысушысының орташа табысы 2,8 есеге дейін өскен. Жоба қатысушыларының бірі, Ақмола облысы Аршалы ауданының тұрғыны Антон Варварюк үкімет отырысында сөз сөйлеп, бағдарламаның арқасында металл бөлшектерін өндіретін шағын кәсіпорынның негізін қалап қана қоймай, сонымен бірге жетім балалар үйінің бірнеше түлегіне жұмыс бергенін айтты.

Тағы бір маңызды мәселе – АӘК-нің жаңа үлгісінде төленетін жәрдемақы мөлшері де ұлғаяды. Министр түсіндіріп өткендей, кедейлік шегін 40%-дан 50%-ға арттыру есебінен әр отбасы мүшесіне қосымша берілетін көмек сомасы шамамен 2500 теңгеге артады.

"Осының нәтижесінде 2018 жылдан бастап берілетін жәрдемақы көлемі қазіргі беріліп отырған жәрдемақыға қарағанда,  орташа есеппен алғанда 25%-ға өседі", – деген Тамара Дүйсенова, келесі жылы атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге  бюджеттен 42,8 млрд теңге қарастырылып отырғанын айтты.

Гүлназ Ермағанбетова, Ирина Севостьянова 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу