Қазақстанмен орнатылған визасыз тәртіп Кореяның сау басына сақина болды

Алина Альбекова Алина Альбекова
7631

Корея ойын ережесін өзгертіп жатыр. Енді қазақстандықтар турист екенін құжат жүзінде растауға тиіс.

Қазақстанмен орнатылған визасыз тәртіп Кореяның сау басына сақина болды

Еске сала кетейік, 2014 жылы Корея Республикасы мен Қазақстан арасында визасыз тәртіп туралы келісімге қол қойылған болатын. Бұл құжат Қазақ елінің азаматтарына алдын-ала виза рәсімдемей-ақ Кореяға 30 тәуліктен астам уақыт бойы саяхаттауға, емделуге, жеке ісімен немесе іскерлік мақсатта баруға мүмкіндік берді. Ал Корея Республикасында жұмыс істегісі немесе білім алғысы келгендер, елге миссионерлік мақсатпен не тұрақты түрде көшуге ниет білдірген азаматтар тиісті визаны рәсімдеуге міндетті.

Алайда Қазақстан азаматтарының басым бөлігі осы визасыз тәртіпті пайдаланып Кореяға жұмыс істеуге барып жатыр. Келісімге қол қойылған мезеттен бастап Қазақстаннан ағылған заңсыз мигранттардың саны күрт өсіп кетті. Корея елшілігінің мәліметіне көз жүгіртсек, егер 2014 жылдың соңында бұлардың саны бар-жоғы 359 адамды құраса, 2017 жылдың наурыз айында бұл сан 4 мыңнан асып түскен.

ҚР СІМ Консулдық қызмет департаментінің директоры Ардақ Мәдиевтің айтуынша, осының бәрі Кореяның көші-қон қызметіне қазақ елінің азаматтарын депортациялауға, сондай-ақ қазақстандықтарға бұл аумаққа кіруге рұқсат бермеуіне негіз болған.

"Соңғы уақытта біздің азаматтарымыздың Корея Республикасына сапар шегуі үлкен қиындық тудырып жатыр. Себебі бүгінде азаматтарымыздың қатарынан заңсыз жұмыс күшін жеткізу арналары ұйымдастырылған. Бізде көбінде оңтүстік өңірлерден жұмыс күші тартылатыны туралы мәлімет бар. Қазір оның қатарына Қостанай облысы да қосылды. Яғни жылдам байланыс орнатылып жатыр, ауылдық жерлерде тұратын адамдар жұмыс істеу үшін түгел ауыл болып ұйымдасып шығады деуге болады.  Бұл істе оларға заңсыз брокерлер көмектеседі", – деп мәселенің мән-жайын ашты ҚР СІМ консулдық қызмет департаментінің директоры Ардақ Мәдиев.

Олар Қазақстандағы жұмыссыздық проблемасын жоққа шығармады және Қазақстан азаматтарының шетелден жұмыс іздеуінің басты себебінің бірі осы екенін мойындады. Алайда бұл Корея мен Қазақстан арасындағы визасыз тәртіп туралы келісімнің бұдан ары әрекет етуіне қауіп төндіреді. Айта кетсек, ҚР ұлттық экономика министрлігінің ресми статистикалық мәліметі бойынша, бүгінгі күні елдегі жұмыссыз жүргендердің саны 430 мыңнан асқан.

"Азаматтарымыз Кореяға еркін барып-келуі үшін бұл келісімге қол қоюда көп күш жұмсалды. Бірақ заңсыз еңбек мигранттарының есепсіз ағылуы бұл келісімнің одан әрі ұзартылуы күмән тудырады", – деп сөзін толықтырды СІМ өкілі.

Корея Республикасының Қазақстандағы елшісі Ким Дэ Сик Корея аумағына қазақ елінің азаматтарын кіргізуге рұқсат берілмей жатқаны жөнінде пікір білдірді және мұндай жағдайлардың санын азайту бойынша шара қолданылып жатқанын айтты. Оның сөзінше, Кореяға алғаш аяқ баспақшы болған және бір немесе бірнеше рет елге кіруге рұқсат ала алмаған азаматтар Астанадағы Корея Республикасының елшілігіне я болмаса Алматыда орналасқан елдің бас консулдығына жүгініп, бұл елге еш кедергісіз кіру үшін тиісті виза ала алады.

Алайда биылғы жылдан бастап Корея елге кіретін тұлғаларға қойылатын талапты күшейтіп жіберді. Енді қазақстандықтарға сапарының мақсатын құжат жүзінде растауға тура келеді. Егер емделу үшін сапар шексе иммиграциялық қызмет ауруханадан кепілдік хат сұратады және медициналық мекеменің ресми үйлестірушісінен алынған бронды растау құжаты талап етіледі. Ал егер саяхаттап барса немесе іскерлік мақсаттағы сапар болса, Қазақстанның туристі не бизнесменіне төлем жүргізуге қабілетті екенін растайтын банк есепшоты туралы анықтама немесе несие картасының анықтамасы қажет болады.

Әйгерім Сүлейменова, Алина Альбекова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу