Қазақстанның мұнайдан бас тартуына 20 жыл қалды

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
5194

Еліміз үшін 100 миллиард доллар алынбас қамалға, жеткізбес сағымға айналып тұр.

Қазақстанның мұнайдан бас тартуына 20 жыл қалды

Ұлттық банк еліміздің халықаралық резервтері бойынша алдын ала қорытындыларын жария етті. Оған сенсек, ұлттық банктің жалпы халықаралық резервтері қазан айында 3%-ға төмендеп кеткен. Сөйтіп 29,1 млрд АҚШ долларын құраған. Бұл жерде бір жарым миллиардтай долларға азайғаны шошынтады.

"Ұлттық банктің жалпы халықаралық резервтері қазан айында 3%-ға немесе 885,1 млн АҚШ долларына дейін төмендеді. Ал жыл басынан бері 5,4%-ға немесе 1 млрд 652,7 млн АҚШ долларына төмендеді", – деп мәлімдеді қаржылық реттеуші.

Әрине мемлекеттің барлық қазынасы тек орталық банктегі байлық-дәулетпен шектелмейді. Оның сыртында мысалы, шетелде сақтаулы алтындар мен долларлық ресурстар да жетерлік. Олар Ұлттық қорға тиесілі. Бұл қорға мұнай мен газды, бірқатар метал түрлерін, яғни шикізатты сатудан түсетін түсімдер құйылады. Ұлттық банк дерегінше, Ұлттық қордың шетел валютасындағы активтері қазір 56,5 млрд АҚШ долларына ғана тең.

Осылайша жалпы алғанда, Қазақстанның бүкіл халықаралық резервтері (ұлттық банк пен Ұлттық қорды қоса алғанда) 2018 жылғы он айдың қорытындысында небары 85,6 млрд доллар ғана болып отыр.

Қаржылық реттеуші елдің қазынасы неге азайғанын түсіндіреді: бұған "Ұлттық қордың активтерін толықтыру және үкіметтің сыртқы борышына қызмет көрсету (қарызды қайтару) бойынша операциялар" ықпал еткен.

Ел үкіметі 2010-шы жылдары Қазақстанның дәулетін жүз миллиардқа жеткізуге уәде еткен болатын. Сол кездегі үкімет бұл уәдесінде тұрды. 2014 жылдың 21 қазанында, орталық коммуникациялар қызметінде журналистерді жиған ұлттық банк басшысы Қайрат Келімбетов Қазақстанның халықаралық резервтері ел тарихында тұңғыш рет 100 миллиард доллардан асқанын мәлімдеді.

"2014 жылдың қыркүйек айында ұлттық банктің халықаралық резервтері 0,8% ұлғайды да, 28 миллиард долларға жетті. Оның алдындағы айда 27,7 миллиард доллар болған. Жалпы, жыл басынан бері ұлттық банктің халықаралық резервтері 13%-ға ұлғайды. Ал Ұлттық қордың активтері 76,2 миллиард доллар болды. Нәтижесінде, Қазақстанның халықаралық резервтері 104 миллиард долларды құрап отыр", – деген еді сонда Қайрат Келімбетов.

Алайда артынша, келесі 2015 жылдың тамызында елімізде девальвация орын алып, ұлттық валюта екі есе құнсызданды. Жетекші банктер қайтадан мемлекетке қол жайып, оларға триллиондап көмек көрсетілді. Сарапшылардың айтуынша, теңгені тұрақты деңгейде ұстап тұру үшін де қаржылық реттеуші біраз миллиардты шығындаған.

"Ұлттық банк бүкіл елді "когнитивті диссонанста" ұстап отыр, яғни қарапайым тілмен айтсақ, жұртты шатастырып бітті. Тәуелсіздіктің ширек ғасырға жуық уақытында ұлттық валютаның құны "дәлізге" қамалды, оны мемлекет бекітті және инфляцияның шарықтағанына қарамастан, бағамды қатырып ұстап тұрды. Ол кезде бұған мүмкіндігі де болатын: мұнайдан табыс тасқындап құйылды. Бірақ сонымен бірге бизнес те, халық та қаржылық ахуалға көңілі толатын, ал теңгенің тұрақтылығына сенбегендердің арзан доллар сатып алуға мол уақыты болды. Қазір жағдай мүлдем басқаша, ұлттық валюта сөз жүзінде "еркін айналымға" жіберілді. Бірақ іс жүзінде ол Ресейдің рубліне тәуелді болып қалды. Экономикадағы жағдай қиындай түсуде. 2015 жылдан бері Қазақстанның алтын-валюталық резервтерінің және ұлттық бантің халықаралық резервтерінің ауқымы өспеген. Неге? Басқаны айтпағанда, 2016 жылы 30 доллардан төмен құлаған мұнай бағасы қазір 2-2,5 есеге өсті ғой" – дейді сарапшы Денис Кривошеев.

Бұрынғы ұлттық банк басшысы, қазір Астана қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов тұйықтан шығар жол экономиканы әртараптандыру екенін айтады.

"Әрине, ауыр реформаларды қоғам да, бизнес те ауырсына қабылдайды. Бірақ реформалар жасалуға тиіс. Ол қаншалықты ауыр болса, жаңа өмір шындығын түсіну тезірек болады. Бұл wake up call деп аталады. 2008-2009 және 2014-2015 жылдардағы жағдай үлкен дабыл болды және бізді бәріне басқаша қарауға мәжбүр етті. Әртараптандырудың маңыздылығын әсіресе, бизнес біледі. Олар мысалы жалғыз ғана бизнес-жобаның жолына қарап, соған тәуелді болып отырмайды. Бір жоба табысты іске асты, екіншісі сәтсіздікке ұрынды, бірақ бизнесмен ары қарай ілгерілей береді. Сол сияқты мемлекет пен экономика да жаңғырып, ілгерілей беруі тиіс", – дейді ол.

Осы орайда Еуропалық қайта құру және даму банкі күні кеше жариялаған баяндамасында: "Қазақстанда әлемдегі мұнай бағасының құлауына дайындалуы үшін он жылдан сәл астам ғана уақыты бар" деген байлам жасады.

"Мұнайға тәуелді Қазақстан өз экономикасын әртараптандыруы және қаржылық секторын реформалауы қажет. Өйткені әлем оны күтпейді және "жасыл экономикаға" көшуде. Бұл ескерілмесе, 20 жылдан кейін Қазақстан бюджетінің табысы екі есе қысқаруы, мемлекеттік борыш та күрт өсуі мүмкін", – дей келе, ЕҚДБ баяндамасында бұдан құтылудың бірнеше жолын – әртараптандыру, табыстарды әкімшілендіруді жақсарту, ұзақмерзімді бюджеттік жоспарлауды ұсынды.

Айта кету керек, бұл проблемаларды үкімет білмейді емес, біледі және оны түзету бағытында жұмыс жүргізуде. Тек қимыл қарқынды, шара пәрменді, ілгерілеу серпінді болғаны абзал.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу