Қазақстанның сыртқы қарызы азайып келеді – Олег Смоляков

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
2646

Елдің сыртқы мемлекеттік қарызы былтыр 5,1 пайызға қысқарған.

Қазақстанның сыртқы қарызы азайып келеді – Олег Смоляков

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляковтың пікірінше, еліміздің төлем балансы жақсарып келеді. Өйткені ағымдағы шот екі тоқсан қатарынан профицитпен қалыптасып отыр.

"Мәселен, алдын ала бағалау бойынша, 2019 жылдың бірінші тоқсанында ағымдағы операциялар шотының профициті 0,8 млрд АҚШ долларын құрады. Бұған сауда балансының 14,4 пайызға немесе 7,1 млрд АҚШ долларына дейін ұлғаюы әсер етті. Елдің сыртқы борышы төмендеуде. 2018 жылдың соңында сыртқы қарыз 158,8 млрд АҚШ долларына тең болды. Оның 63,6 пайызы – фирмааралық берешек. Сыртқы қарыз бір жылда 8,4 млрд АҚШ долларына қысқарған", – деді Сенаттың кеңейтілген отырысына қатысқан Олег Смоляков.

Төраға орынбасары атап өткендей, Қазақстанның сыртқы мемлекеттік қарызы былтыр 5,1 пайызға (12,3 млрд АҚШ доллары) азайған. Сондай-ақ банк секторының қарызы 11,5 пайызға (5,8 млрд АҚШ доллары) төмендеген.

Елдің халықаралық резервтері 2018 жылдың соңында 88,6 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл ішкі жалпы өнімнің 52 пайызына тең. Ұлттық банктің алтын-валюта активтері 30,9 млрд АҚШ долларын, Ұлттық қордың валюталық активтері 57,7 млрд АҚШ долларын құраған.

"Шетел валютасындағы салымдарды теңгеге ауыстыру үрдісі жалғасуда. Теңгемен сақталған депозиттер өткен жылы 4,5 пайызға, ал ағымдағы жылдың 4 айында тағы да 5,8 пайызға (10,1 трлн теңгеге дейін) өсті. Валюталық салымдар тиісінше 6,9 пайызға және 21,1 пайызға қысқарды. Нәтижесінде депозиттердің жалпы көлемі 17,1 трлн теңгеге жетті. Ал депозиттердің долларлануы 2019 жылғы сәуірдің қорытындысы бойынша 41,0 пайызға дейін төмендеді", – деді Ұлттық банктің өкілі.

Олег Смоляковтың баяндауынша, еліміздің банк секторында оң өзгерістер орын алуда. Бұл ретте, жұмыс істемейтін қарыздардың көлемі 20 пайызға төмендеген.

"Биыл банк секторын қалыпқа келтіру процесі жалғасады. Банктер жұмыс істемейтін қарыздарды есептен шығарып, сондай-ақ әлеуетті кредиттік шығындарға провизияларды ұлғайтуды жалғастыруда. Қалыптасқан провизиялар 2,3 трлн теңгеге дейін немесе 30,6 пайызға өсті", – деді ол.

Жаңа кредиттер беру өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда осы жылдың 4 айында 10,3 пайызға ұлғайған. Базалық мөлшерлеменің төмендеуі өзге де мөлшерлемелердің төмендеуіне әсер еткен. Соның нәтижесінде сәуірде заңды тұлғаларға теңгемен берілген кредиттердің мөлшерлемесі 12,0 пайыз деңгейінде қалыптасқан.

Еске сала кетейік, осы жылдың наурыз айында Ұлттық банк пен Үкімет макроэкономикалық саясаттың 2019 жылға арналған шараларын үйлестіру туралы келісімге қол қойған болатын. Келісім аясында екінші деңгейдегі банктер арқылы 600 млрд теңгеге басым жобаларды кредиттеу бағдарламасы іске қосылды.

"Бүгінде 10 банк осы бағдарламаға қатысуға дайын екендігін растады. Мамырдың соңында банктер 32,7 млрд теңгеге жобаларды мақұлдады", – деді Олег Смоляков.

"7-20-25" бағдарламасын іске асыру жалғасуда. Бағдарлама қолға алынған 10 айдың ішінде 91,4 млрд теңгеге 7 894 отбасы үшін жеңілдетілген ипотекалық қарыздар мақұлданды. Нәтижесінде тұтастай алғанда ипотекалық кредиттеу серпін алды. 2018 жылғы шілдеде іске қосылған сәттен бастап банктердің ипотекалық портфелі 1,4 трлн теңгеге дейін немесе 18,9 пайызға өсті", – деді Ұлттық банк төрағасының орынбасары.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу