Қазақтың қос қыраны – Құрлық чемпионы

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2492

Бүгін бокстан Азия чемпионаты аяқталып, Қазақ елінің ұл-қыздары 2 алтын, 2 күміс, 7 қола медаль еншіледі.

Қазақтың қос қыраны – Құрлық чемпионы Фото: kfb.kz

Жасырып не керек, соңғы жылдары Қазақ елі боксшыларына Азиядан алтын алу қиындап барады. Қарсыласынан айқын басымдықпен үстем түспесе, жеңіске жетулері екіталай. Десек те, "биылғы Азия чемпионатында көпе-көрнеу қиянат көрдік" деп ақтала да алмаймыз. Боксшыларымыздың бәрі де бүгінгі таңдағы өз деңгейлерін көрсеткендей.

Жартылай финалға жеті жігітіміз шыққанымен, оның үшеуі әр түрлі себептермен қола жүлдені қанағат тұтуға мәжбүр болды. Мәселен, 49 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Теміртас Жүсіповтің рингке шығуына дәрігерлер рұқсат бермеді. Себебі ширек финалдағы жекпе-жекте жарылған қабағы екі күннің ішінде жазылып, бітіп кетпеген екен.

64 келіде ел намысын қорғаған Санатәлі Төлтаев жартылай финалда тәжік Баходир Усмоновтан ұтылып қалды. Жас талантымыздың тәжірибесі әлі де толыса қоймағаны байқалды. Қарсыласы әккі боксшы болып шықты. Ал 91 келіде сынға түскен Василий Левит екі раунд бойы ұтып жатып, үшіншісінде жаза басты. Корея боксшысы Ким Хьен Кюден оңбай ұтылды.

Левит өзіне тым сенімді болды ма, түсініксіз, соңғы раундта еркін қимылдап, ашық шабуылға көшіп, Ким Хьен Кюдің пәрменді соққысын өткізіп алды. Нокдаун. Содан есін жия алмай, тағы бір қуатты соққысынан көз жазып қалды. Нокаут. Ұлттық құрама сапындағы ең тәжірибелі және атақ-даңқы бір басына жетерлік жігітіміздің бұл жеңілісі бәрімізді таң қалдырды.

Сонымен, финалға төрт жігітіміз шықты. Шаршы алаңға әуелі 60 келі салмақтағы Закир Сафиуллин шықты. Ол Моңғолия майталманы Цендбаатар Эрденебатпен табан тіресе айқасып, әдеттегідей аянған жоқ. Бірақ қарсыласы соққыларының көбісін дөп тигізе білді. Закирге бұйырғаны – екінші орын. 2015 жылғы жетістігін қайталап, екінші рет Азияның күміс жүлдегері атанды.  

Бұдан кейін 75 келі салмақта ел намысын қорғаған Тұрсынбай Құлахмет мерейімізді тасытты. Ол осы Азия чемпионатында отандық жанкүйерлердің айызын қандырды. Ширек финалда өзбек боксының мақтанышы Исроил Мадримовты тізе бүктірсе, жартылай финалда түркімен тарланы Нурсахат Паззыевты 20 секундтың ішінде жеңіп, мұрнын бұзған.

Тұрсынбай финалда Үндістан үміті Ашиш Кумармен жұдырықтасып, үш раунд бойы көзіне көк шыбын үймелетті. Басынан ұрып, тоқ соқандай селт еткізіп, кеудесінен соғып, тықсыра түсті. Төрешілер жеңісті бірауыздан қазақ боксшысына берді. Басқадай болуы мүмкін емес еді. Құлахмет бірінші рет Азия чемпионы атанды.

81 келі салмақ дәрежесіндегі Бек Нұрмағанбет те қарсыласын айқын басымдықпен ұтты. Рингте тарпынып шыққан Филиппин спортшысы Джон Нобель Марвинді қуатты соққыларымен сабасына түсірді. Жекпе-жек соңында қарсыласының мұрнынан жылтыңдап қан аға бастады. Төрешілерге Бектің де басым түскендігін мойындаудан басқа амал қалмады.

Ең ауыр салмақта Қамшыбек Қоңқабаев өзінің "Сарықұрлықтағы" басты бәсекелесі, өзбек Баходир Жалоловпен жұдырық түйістірді. Бұл жекпе-жек негізінен құшақтасып, алысып-жұлысумен өтті. Екеуінің де дөп тиген соқылары аса көп болған жоқ еді. Әйтсе де, төрешілер жеңісті Өзбекстан алыбына берді.

Сонымен 2019 жылғы Азия чемпионаты тәмамдалды. Жалпы командалық есепте Өзбекстан құрамасы топ жарды. Олар биыл 4 алтын, 1 күміс, 1 қола олжалады. Қазақ елі қырандары 2 алтын, 2 күміс, 3 қола жүлдемен екінші орынды иеленді. Үндістан боксшылары 1 алтын, 3 күміс, 3 қола медаль алып, үштікті түйіндеді.

Ал әйелдер арасында бізге алтын тұрмақ, күміс те бұйырмады. Жартылай финалға шыққан қыздарымыздың төртеуі де финалға жетпей сүрінді. Милана Сафронова (64 келі), Дариға Шәкімова (69 келі), Фариза Шолтай (81 келі) және Ләззат Күнгейбаева (+ 81 келі) сынды қыздарымыз биылғы Азия чемпионатында қола жүлдені қанағат тұтты.

2019 жылғы Азия чемпионатының қорытындысы:

Алтын – Тұрсынбай Құлахмет, Бек Нұрмағанбет;

Күміс – Закир Сафиуллин, Қамшыбек Қоңқабаев;

Қола – Теміртас Жүсіпов, Санатәлі Төлтаев, Василий Левит және Милана Сафронова, Дариға Шәкімова, Фариза Шолтай, Ләззат Күнгейбаева.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу