Қоғамға криптовалюта қажет

Еркеғали Бейсенов Еркеғали Бейсенов
7175

Әлемдік қаржы құрылымы трансформациялануы тиіс.

Қоғамға криптовалюта қажет

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық қауымдастыққа әлемге ортақ бірыңғай валюта енгізуді ұсынды. Елбасы осыған қатысты ойын таяуда өткен Х Астана экономикалық форумында айтты.

Мемлекет басшысының пікірінше, әлемдік қаржы құрылымы трансформацияланып, валюта қарапайым пайдаланушыға бағынышты болуға тиіс.

Қазақстан басшысының айтуынша, халықаралық есеп-айырысудың төлем бірлігі әлемді валюталық соғыстан, алаяқтықтан, нарықтағы тұрақсыздықтан және сауда қатынасында жіберілетін кемшілік пен қатеден сақтайды.

"Бұл валюта қарапайым әрі ашық болуы керек. Технологиялардың дамуын, цифрландыруды ескере отырып, криптовалюта түрінде есептік бірлік құруға болады. Ол абстрактілі сенімге емес, нақты активтерге негізделуі тиіс", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысының мәлімдеуінше, әлемге ортақ бірыңғай валюта төрткүл дүниедегі қолданушылар тарапынан қабылдануы керек.

"Сондықтан біз G-20 емес, G-Global ұсындық. Бұл қадам осы мәселеге әлем назарын аудару және қатысушы-мемлекеттердің қатарын көбейту үшін жасалды", – деді елбасы.

Президенттің пайымынша, БҰҰ жанынан арнайы комитет құрып, Орталық банктердің пулын қалыптастыру арқылы жаһандық валютаны қолданысқа енгізуге болады.

"Барлық елдің тең құқылы, әділ өкілдігі болуы тиіс. Бізге мұны айтып қана қоймай, шешу қажет, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

ҚР қаржы министрі Бақыт Сұлтанов мұнайға тәуелділіктен құтылу үшін халықаралық криптовалюта құру ісі күн тәртібіне қойылуы керек екенін айтып жүр. Оның сөзінше, мақсатқа жету үшін әр елдің қаржылық жүйесін жақсы білетін мықты мамандар тізе қосуы керек.

"ЕАЭО елдері аясында қаржыны үйлестіруге қатысты сұрақ көтеріліп жүргенімен, бұл үшін өте үлкен дайындық қажет. Өкінішке қарай, 2008 жылдан бері дағдарыстың бірнеше толқынын өткеріп келеміз. Бұл жағдайға қаржылық жүйедегі ақаулар бірден бір себеп болып тұр. Сондықтан криптовалюта құру туралы бастама өзіне жиі назар аудартуда. Мұнай бағасының тұрақсыздығы біздің және көршілес елдің валютасына қалай әсер етіп жатқанын көріп отырсыздар. Экономиканың тұрақты өсімін міндеттеген тапсырмаларды есепке алсақ, криптовалютаның құрылуы тұрақты әрі сенімді өсімге қосымша қызмет ету мүмкін", – деді қаржы министрі.

Криптовалюта деген не?

Грек тілінен аударғанда "крипто" сөзі –  құпия, жасырын деген мағынаны білдіреді. Төлем бірлігінің бұл түрі өзгертуге келмейтін таңбалар жиынтығынан, яғни математикалық алгоритмдер арқылы шешілген әріптер мен сандардан тұрады. Түсінікті тілде криптовалютаны "цифрлы ақша" немесе "электронды ақша"деуге болады. Бұл ақшаның физикалық баламасы жоқ, сондықтан ол виртуалды кеңістікте ғана жүреді.

Криптовалюта ешқашан девальвацияға ұшырамайды. Оған кибершабуыл қауіпті емес. Оны әлемнің кез келген нүктесіне қас-қағым сәтте жөнелтуге болады. Төлем құралының дәл осы түрі мемлекет пен ұлттық банкке бағынбайды. Виртуалды валюта болғандықтан оны қолмен ұстап, көзбен көру мүмкін емес.

Криптовалютаның еуродан, доллардан, юаньнан және теңге мен рубльден басты айырмашылығы онымен кез келген елде есеп айырысуға болады. Бүгінгі таңда Еуропа одағы криптовалютаны жаппай қолданысқа енгізуге талпынып жатыр, ал Жапония күнделікті өмірде кеңінен қолданып жүр.

Криптовалюта деген ұғым 2009 жылы пайда болды. Оны қолданысқа Сатошо Накомото деген лақап атпен танылған бағдарламашы енгізді. Ол бағдарламамен қатар компьютерге орнатуға болатын әмиян ойлап тапты. Бүгінгі таңда криптавалюта интернет арқылы делдалсыз, комиссиясыз ақша аударымын жасайтын бірегей жүйеге айналып үлгерді. 

Барлығы биткойннан басталды

Cатошо Накомото математикалық есептеулерге негізделген жаңа төлем жүйесін биткойн деп атады. Сол арқылы ең алғаш рет пицца  сатып алу транзакциясын жүзеге асырды. Бүгінгі таңда биткойн ең танымал криптовалюта. Ол айырбас құралы, сақтау құралы және есептік бірлік сынды қасиеттерге ие.

Транзакциясы шифрленетін және қолдану аясы жасырын болғандықтан биткоинды виртуалды криптовалюта деп те атайды. Виртуальды ақша саналғандықтан биткоин төлемдерінің қадағалаушысы болмайды. Жүйенің қызметі мен қорғанысы криптографиялық әдіспен қамтамасыз етіледі.

Төлем құралы ретінде биткоинмен түрлі төлем жасап, тауар сатып алуға  болады. Биткоинді сақтау, қабылдау және жіберу үшін жария мекенжай, қажетті баланс және құпия кілтсөзден тұратын әмиян қажет. Ақша аудару үшін қызмет көрсетушінің мекенжайы ғана сұралады. Мекенжай күрделі  сандар мен әріптердің жиынтығынан тұрады.

Виртуалды әлемде отырып биткоин табу үшін есепке жүйрік болуыңыз керек. Сіз бәсекелестеріңізбен, яғни майнерлермен "майнинг" процесінен өтесіз. Бұл күрделі математикалық амалдарды шешу деген сөз. Мұнда 10 минут сайын жеңімпаз анықталып, ол 25 биткоинға ие болып отырады. Қиялыңыз ұшқыр болса, электронды ақшаның иесі атанып, онымен халықаралық қаржы транзакцияларын орындау мүмкіндігіне қол жеткізесіз.

Биткоинды майнерлерден сатып алуға немесе біреуге қызмет көрсетіп, соның ақысы ретінде ие болуға болады. Айтпақшы ұтқан биткоиныңызды компьютеріңізге орнатылған оффлайн әмиянда сақтай аласыз. Ол жердегі виртуалды валютаны құпия кілт сөз арқылы жұмсайсыз. Егер кілт сөзді ұмытып  қалсаңыз, биткоиныңыз көзіңізден бұл-бұл ұшады.

Биткоинды кәдеге жарату үшін онлайн әмиянға да жүгінуге болады. Онлайн әмиянға технологияның барлық түрімен кіре аласыз. Биткоинға қатысты барлық транзакциялар ашық жүргізіледі. Дерек қорында ақша қашан, қанша жұмсалғандығы нақты жазылып тұрады. Тек ақшаны алушы мен жіберуші туралы мәлімет болмайды. Криптовалюта жүйесінде инфляция деген ұғым жоқ және оған қатысты транзакция сыртқы күштің басқаруына көнбейді.

Биткоинның осындай артықшылықтарымен қатар кемшіліктері де бар. Ол валюта, мұнай, алтын, құнды қағаз сынды активтерге байлаулы болмаса да, оны қолданатын мемлекеттердің экономикалық саясатына тәуелді. Сол себепті биткоинның құны аяқ астынан шарықтауы, я болмаса әп-сәтте құлдилап кетуі ғажап емес. Бұған қоса биткоинның қолданысы ешқандай заңмен реттелмейді. Сондықтан әлем елдерінің криптавалютаға деген көзқарасы ала-құла.

Мысалы АҚШ-тың жекелеген штаттарымен Сингапур, Нидерланды, Австралия, Германия сынды мемлекеттер биткоинды қош көрсе, Ресей, Украина, Индонезия, Қытай дәл осы төлем құралына түрлі шектеу қойып қойған. Еуропа одағы биткоинды қос қолмен қолдап отыр. Соның дәлелі дерсіз, таяуда Еуропалық сот биткойнмен жасалатын қаржы операцияларына қосымша құн салығын салмау керек деген  шешім шығарды.

Десек те экономикалық сарапшылар мен банкирлердің арасында биткоинге күмәнмен қарайтындар бар. Олар төлем құралының осы түрі алаяқтық жасауға негіз болуы мүмкін деген пікірде.

Бүгінгі таңда шетелдіктер ғана емес, қазақстандықтар да криптавалютаға қызыға бастады. ҚР қаржы министрлігі мемлекеттік кіріс комитетінің мәліметінше, осыдан 2 жыл бұрын елорда да OneCoin атты қаржылық пирамида құрылып, жұртты криптавалютамен жарылқауға уәде берген. Аталмыш ұйым алаяқтық жолмен өзінің есешотына салымшылардан 2,2 млрд теңге қаржы тартқан.

Біздің билік биткоинға қатысты нақты ұстанымын білдірген жоқ. Ал Ұлттық банк өкілдері криптовалюта заман талабы және оны қолдану ешкімге, ешқандай қауіп төндірмейді дегенді алға тартуда.

Қазақстанда биткоинның бағасы белгіленбеген. Ал әлемде төлем құралының осы түрі 2500 доллардан басталады. Биткоинның бағамын  Bestchange.ru сайтынан бақылап отыруға болады.

Әлемде биткоиннан бөлек бірнеше криптовалюта бар. Биыл солардың танымалдығы сарапқа салынды. Нәтижесінде биткоин еthereum, ripple, nem, еthereum сlassic секілді криптавалюталарды артқа тастап, бірінші орынға шықты.

Ерекше атап көрсетерлігі, ҚР заңнамасында биткоин төлем құралы болып белгіленбеген. Оны қолдану мен қолданбауға қатысты да сөз қозғалмаған. Қолданыстағы заңымызға сүйенетін болсақ, Қазақстанда криптавалютамен есеп айырысу құқық бұзушылық болып табылады. Осыған қарағанда біз әлі  криптавалюта қолдануға дайын емеспіз.

Еркеғали Бейсенов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу