Көктем келді, теңге "төлдеді"

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
3717

Ұлттық валюта неғұрлым қымбаттаса, отандық тауар да әлемдік нарыққа қымбатқа сатылады.

Көктем келді, теңге "төлдеді"

Биылғы көктем қарсаңында рекордтар жаңартып, құны қымбаттай бастаған ұлттық валютаның әр қадамын қарапайым бұқара өкілдері үлкен үмітпен, ал ел үкіметі, кәсіпкерлермен бірге үрейлене бақылады.

Жұртшылықты түсінуге болады. Қазақстан сүт, ет, нан және жұмыртқа секілді бірқатар тауар болмаса, азық-түлік және азық-түлік емес тауарларының басым бөлігін шетелден импорттайды. Сондықтан халық егер доллар арзандаса, дүкендер мен базардағы өнім бағасы да түсе ме деп үміттенеді.

Үкіметтегі қаржыгерлердің де неден үрейленетіні белгілі. Қазақстан бюджетінің жартысына жуығы жаһандық "қара базарға" сататын ең басты тауарымыз – "қара алтынның", сондай-ақ ішінара "көгілдір отын" және металл шикізаты табысынан құралады. Ал олардың барлығы долларға өткізілетіні мәлім. Демек доллар арзандаса, ел қазынасына теңге де аз түседі. Доллар бағасы неғұрлым көтерілген сайын, теңгедегі түсім де молаяды. Өткен екі жылда бюджеттің "жыртығы" солай жамалғаны рас.

Кәсіпкерлердің жайын да жақсы білеміз. Ұлттық валюта неғұрлым қымбат болса, отандық тауар да әлемдік нарыққа қымбатқа түседі. Ал халықаралық бизнеске "блат", туыстық, тіпті достық наз жүрмейді. Тауарың не шикізатың қымбат екен, оның арзан баламасын таба қояды. Нәтижесінде Қазақстан онсыз да азғантай экспортынан айырылып қалуы мүмкін.

Мысалы көрші Қытай, керісінше, біраз жылдан бері дембе-дем девальвация жасап, төл юанінің құнын арзандатып жатыр. Осы арқылы өз тауарларының әлемдік экспансиясын демеп отыр. Жаһандық сауданың тағы бір алыбы Оңтүстік Корея да осы жолды ұстанады: бүгінгі бағам – 1 АҚШ доллары 1 мың 140 корей воны (KRW). Келісерсіз, 350-дің ар жақ-бер жағында құбылған теңгеге бұған дейін әлі біраз бар болса керек.

Бір қызығы, экономистердің байламы "бір жағынан, халықтың қалауы да дұрыс" дегенге саяды. Олардың айтуынша, егер ұлттық валюта әрі қарай құлдырай берсе, бұл инвесторлардың біздің елге деген қызығушылығын жоюы ықтимал екен. Нәтижесінде, негізгі қорларға, мәселен тұрғын үй-коммуналды шаруашылықты жаңғыртуға, әлеуметтік нысандар салуға, электр энергетикасы нысандарын жаңартуға және басқаларына қаржы салуға бизнесмендер еш ынта-ықылас танытпайды. Себебі кәсіпкер халыққа көрсеткен қызметі үшін теңге алады, тауарды да ішкі нарықта теңгеге сатады. Оның орнына құрал-жабдықты шетелден қымбатқа әкеледі. Сөйтіп қып-қызыл шығынға ұшырайды.

Бір мысал келтірелік. Инвестициялық форумдардың бірінде мәртебелі мейман – Мәскеу мэрінің орынбасары Марат Хуснуллин өз қаласына инвестиция салудың аса пайдалы екенін майын тамыза әңгімеледі. "Айталық, тіпті мәскеулік жылжымайтын мүлікті сатып алсаңыз, ол сізге 30% табыс әкеледі! Мұндайды Батыста тағы қай жерде табасыз!", – дейді ол.

Іле сөз алған инвесторлар оның оптимизмін су сепкендей басып тастады: "Одан ұлттық валюталарыңыздың девальвациясын шегерсеңіз, табыс нөлге теңеседі!".

Ендеше үкімет түптің-түбінде теңгені нығайтуға бәрібір мәжбүр болады. Себебі президент үкімет пен ұлттық банк алдына инфляция деңгейін 4-5 пайызға дейін азайту міндетін қойды. Өйткені бұл көрсеткіші тым жоғары мемлекет "дамыған" санала алмайды. Өзіңіз қараңыз, дамыған елдер кіретін "еуроаймақта" бұл индикатор 0,5-2 пайыз аралығында ғана құбылады. Қазақстанда былтыр 8,5 пайызға жетті. Ал ұлттық валюта құнының құлдырауы инфляцияның әрі қарай артуына ықпал ететіні мәлім.

Жауапты орган болғандықтан, теңгенің бастан кешіп жатқанына ұлттық банктің түсініктемесін білгеніміз жөн.

Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев ақпан айында шынында ұлттық валютаның нығайғаны байқалғанын айтады.

"Бір ай ішінде теңгенің долларға шаққандағы айырбас бағамы 3,5%-ға, ал жыл басынан бері 6,2%-ға қымбаттап, рекорд орнатты. Себебі ақпан айының соңында қалыптасқан 1 доллар – 312,76 теңге бағамы 2015 жылдың желтоқсанының екінші жартысынан бергі ең жоғарғы шама", – дейді ол.

ҰБ басшысының байламынша, теңге тектен-тек қымбаттамаған. Әйтпесе, "теңгенің қымбаттауына еш негіз жоқ" деп соққан сарапшылар да болған.

"Теңгенің нығаюына іргелі факторлардың өрбуі ықпал етті. Бірінші кезекте, мұнайдың әлемдік нарықтағы бағасы өсіп жатыр. Мұнай бағасының әр бөшкесі 55 доллардан жоғары деңгейде тұрақтанды. Бұған ОПЕК аясында оған мүше елдер мен басқа да мұнай өндіруші елдердің өндірісті азайту жөніндегі уағдаластықтарын жүзеге асыруы септесті", – дейді Данияр Ақышев.

"Бас банкир" ең басты фактор ретінде күрт қымбаттаған Ресей рублінің теңгені де өзімен бірге жоғары сүйрей жөнелуін айтады: "Рубль ақпан айында 1 долларға шаққанда 60,2-тан 57,9-ге дейін, яғни 3,7%-ға нығайды".

Мұның сыртында, Ақышев мырзаның айтуынша, теңгеге ақпан айының екінші жартысында жүрген "салық аптасы" да қуатты қолдау көрсеткен. Қазақстанда салық барлық отандық және шетелдік компаниядан тек теңгемен қабылданады, тиісінше, өткен жылдың салығын төлеу үшін солардың барлығын теңге сатып алған да, оның сұранысы мен бәсін арттырған. Бұл – уақытша, "маусымдық фактор" деп аталады.

"Бәріміз байқап отырмыз, кейінгі күндері, яғни "салық аптасы" аяқталғаннан кейін теңге бағамы шамалы құнсызданды. Белгілі бір коррекция наурыз айында да күтіліп отыр. Бірақ мұнай бағасының қазіргі деңгейі "күшейген" теңгенің позициясын сақтайды деп болжаймыз. Олай болса, айырбас бағамының ілгері не кері бағытта күрт өзгеру ықтималдылығы аз деген ойдамын", – деп тұспалдайды ұлттық банк төрағасы.

Расында, қазір теңге бұған дейін көтерілген "тұғырынан" кейін шегінді. Америка валютасының құнын көтеруге белсенген АҚШ президенті Дональд Трамптың осы аптадағы баяндамасы қарсаңында теңге де, рубль де төмендей бастаған еді. Алайда Трамп алдағы салық реформаларының егжей-тегжейін айтпағандықтан, доллар да әлемде кері шегініп, мұнай сәл қымбаттауға бет алды. Оның үстіне америкалық мұнай институты АҚШ-тың мұнай қоры туралы есебін жариялағаннан кейін сарапшылар "қара алтынның" арзандауына әзірге негіз жоқ екенін түсініп отыр.

"Альпари" аға талдаушысы Анна Бодрова өткен айлар теңге үшін қолайлы болғанын айтады.

"Екі айдай уақытта ұлттық валюта 7% "салмақ қосты". Сыртқы стрестердің болмауы, мұнай бағасының тұрақтануы – теңгенің теңгерімге келуіне септеседі. Себебі әлемдік нарық безгек қысқандай қалтырауын тоқтатса, шикізатқа қараған елдердің валютасына да сұраныс өсе бастайтыны белгілі. Ұлттық валютаның басқа да тіректері бар. Мысалы ұлттық банк пайыздық мөлшерлемені басқа ставкаларға қарағанда жоғары деңгейде ұстап тұр. Бұл хедж-қорлар мен институционалды ойыншыларға теңгеге қарсы ойнаудан аяқ тартып, керісінше, осы айырмадан табыс табуына итермелейді", – деген пікірде Анна Бодрова.

Бірақ оның оптимизмін ресейлік әріптестері құптамайды. Мәскеулік белді фирманың аға талдаушысы Роман Ткачук биылғы жылдың ортасына қарай доллардың бағамы жаңа биіктерді бағындыра бастауы мүмкін деп болжайды.

Ол: "Ресей наурыз-сәуір айларында сыртқы қарызы жөнінен көп төлем жасауға міндетті. Сондай-ақ 24 наурыздағы отырысында РФ Орталық банкі пайыздық мөлшерлемені төмендетеді деп күтіліп отыр. Мұның сыртында қаржы министрлігі резерв үшін валюта сатып алуды ұзартуы ықтимал. Мұнай да қазір 54-57 доллар аралығында қолайлы дәліз тауып алды. Және оның бұдан асып қымбаттауына ықпал етер факторлар көрінбейді", – дей келе рубльдің де, теңгенің де қымбаттауына негіз аз екенін айтады.

Сарапшы жазда демалысын шетелде өткізуді қалайтындарға долларды қазір сатып алу тиімді болатынын айтады. Сонымен бірге ол егер Еуропаға жолыңыз түспесе, еуро сатып алмауға кеңес береді.

"Өйткені Еуроодақта ыдырауға ықылас танытушылар қатары артты. Ұлыбритания ендігі шығып кетті. Көктемде күтіліп отырған Франция мен Нидерландыдағы парламенттік сайлау қарсаңында Frexit және Nexit-ті қолдаушылар үні өктем естіледі. Егер олар жеңіске жетіп жатса, болашақта еуро құны құлдырай бермек", – деп болжайды Роман Ткачук.

Қалай болғанда, соңғы шешімді бәрібір әр адам өзі қабылдағаны жөн. Өйткені жеңіс те сіздікі, қателік кермегін де тек өзіңіз тартасыз.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу