Көлік тізгіндейтіндер жаңаша сақтандырылады

Татьяна Батищева Татьяна Батищева
17395

Ұлттық банк сақтандыру нарығына арнап жаңа өзгертулер әзірлеп отыр.

Көлік тізгіндейтіндер жаңаша сақтандырылады

Осы жылдың соңына жоспарланған онлайн-сақтандыруды енгізгеннен кейін, көлік құралдары иелерін міндетті сақтандыру (КҚИ АҚЖМ) бойынша тарифтерде өзгерістер және тағы да басқа қызықты жаңашылдықтар күтіп тұр.

Қаржы реттеушісі өзінің пікірі мен ұсыныстарын, оның ішінде міндетті автосақтандыру қалай дамуы керектігін ҚР "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне міндетті және қайта сақтандыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы тұжырымдамасында баяндап берді. Құжат толыққанды заңжобасы болып өзгертіліп, үкіметтің 2019 жылға арналған заңжобасымен жұмыс жоспарына қосылуға тиіс.

Тұжырымдама осымен екінші қайталап жасалып отыр. Оның алғашқы нұсқасы 2017 жылы жарық көріп, биыл заң жобасы болып бекітіледі деп жоспарланған болатын. Бірақ парламент талқылауында Ұлттық банктің басқа да заңнамалық бастамалары болғандықтан, 2017 жылы тұжырымдама талқыланбай, 2018 жылға ауыстырылды.Тұжырымдаманың қазіргі нұсқасы күрделі құрылымдық өзгеріске ұшыраған жоқ, тек оның жекелеген нормалары кеңейтіліп, нақтыланды.

Үздіксіз сақтандыру

Сақтандыру компаниясы мен олардың клиенттері үшін көлік иелерінің жауапкершілігін міндетті сақтандыруды (КҚИ АҚЖ) реформалау бойынша жасалған ұсыныстар аса маңызды . Бұл санатқа қатысты реттеуші "үздіксіз сақтандыруды қамтамасыз ету" принципін енгізуді ұсынып отыр, ол мемлекет есебінен шығарылған көліктерді есептемегенде,көлік құралының (КҚ) иесінде міндетті түрде КҚИ АҚЖ болуын көрсетеді.

Мәселе мынада болып отыр, КҚ иелері жаңа мерзімге сақтандыру шартын жасауды ұмытып кетеді де, оның мерзімі өтіп кеткенін тек әкімшілік полиция тексерген кезде ғана біліп жатады. Егер мұндай көлік ЖКО-ға себепші болса, онда бұл көлікте зардап шеккен адамдар мен олардың асырауындағылар өтемақы ала алмайды.

Алайда үздіксіз сақтандыру принципіне қарап, сақтандыру полисінің болуын тексеру және процесті қалай әкімшілдендіруге болатыны жайлы сұрақ туындайды. Үздіксіз сақтандыру принципі Ұлыбританияда 2011 жылы енгізілген. Бұл елдегі көлік құралдары иелерінің бәрі сақтандырылған және көлік құралы жалпыға ортақ жолдарда жүру-жүрмеуіне қарамастан, жарамды автосақтандыру полисі болуға міндетті. Сақтандыру төлемінің бар-жоғын көліктің салығын төлеу кезінде тексеріледі.

Сақтандыру полисінің болуын полиция жергілікті көлік бюросының мәлімет базасы арқылы тексереді. Көршілес елдердің ішінде үздіксіз сақтандыру принципі Арменияда қолданылады. Бұл елде 2010 жылдан бастап жарамды міндетті автосақтандыру полисі болмаса, мемлекеттік тіркеуден шығарылған көліктерден өзге көлік құралын мемлекеттік тіркеуге қоюға тыйым салынған. Оған қоса құзыретті мемлекеттік органдар сақтандыру полисі жоқ көлікті Армения аумағына кіргізбейді.

Көлік құралын міндетті сақтандыру нақты салық болып саналатын Ұлыбритания мен Арменияда көлігің бар ма, онда ол сақтандырылған болу керек деген жүйе жұмыс істейді. Мұндай норманы Қазақстанда қолдану өте қиын, оған бірнеше себеп бар.

Біріншіден, біздің елде көліктің меншік иесін емес, көліктің рөлінде отырған адамды сақтандырады. Себебі КҚИ АҚЖ жүргізушінің үшінші тұлға мен жолдағы көліктерге деген жауапкершілігін сақтандырады. Екіншіден, Армения үздіксіз сақтандыру принципімен бірге көлік құралын тіркеуге қою мен тіркеуден шығару процесінің икемді әкімшіліктендіруді енгізді. Арменияда электронды поштаға өтініш жолдау арқылы көлікті тіркеуден шығарып, тіркеуге алуға болады және мұның барлығы тегін істеледі, бірақ жылына бір рет артық рұқсат жоқ.

Армениялық жүргізушілер көлікті маусымдық пайдалану кезінде осы рәсімді пайдаланады. Ал Қазақстанда көлік құралын есепке алу мен шығару тегін емес және бұл жылдам орындалмайды. Сондай-ақ көлікті тек бөлшектеп тастағанда немесе шетелге сатқанда ғана есептен шығаруға болады. Оған қоса, міндетті сақтандыру туралы заң талаптарын қадағалауды елімізде салық органы емес, жол полициясы тексереді. Осыдан кейін, гараж кооперативтерін жағалап, есепке алынбаған көліктерді кім санап жүреді деген сұрақ туындайды.

Сонымен қатар егер автосақтандыру салыққа айналатын болса, сақтандырушылардың нәпақасыз қалмасына кім кепіл? Нарықта активтердің мемлекеттің бақылауына кеткен жағдайлары бар, ал соңғы кезде Бірыңғай сақтандыру мәліметтері базасын нарықтан тартып алды. Енді сақтандыру төлемдерін кепілдендіру қорын алуға тырысып жатыр.

Қазіргі жағдайымызда үздіксіз сақтандыру принципі қолданылатын болса, ол маусымдық сақтандыруды жояды. Олар көлікпен жазда жүріп, қыста гаражға қоятын болғандықтан, сақтандыруды көлікті пайдаланатын уақытқа ғана сатып алады.

Бұл жерде, әрине, сақтандыру ұйымы мен "қысқа" сақтандыруды аз ақшаға сатып алып, бірақ ЖКО орын алған жағдайда сақтандыру төлемін толық көлемде алуға құқы бар маусымдық клиент арасында мүдделер қақтығысы бар. Жаңа сақтандыру тұжырымдамасы маусымдық полистер мәселесін реттеп, "көлік құралын маусымдық пайдалану" деген түсінікті нақтылайтын түзетулер енгізуді, сондай-ақ 12 айдан аз уақытқа жарамды сақтандыруға жататын көлік құралдары мен нақты адамдар тобын анықтауды қарастырмақ.

Тарифтерді өзгерту

Ұлттық банк ЖКО-да зардап шеккен адамдардың өмірі мен денсаулығына, мүлкіне келтірілген шығынын өтеудегі КҚИ АҚЖ бойынша сақтандыру төлемдері лимитін арттыруды ұсынып отыр. Әлемдік тәжірибе стандарттарындағы лимиттер мен төлемдердің қазақстандық лимиттерден жоғары екенін ескерсек, сондай-ақ көлік иелерінің ЖКҚ-дан кейін көлікті жөндеу мен қайта қалыпқа келтіруге кететін шығыстың өсетіндігіне байланысты лимиттер мәселесін шешу күн тәртібіне қойылуға тиіс. Өйткені біздегі нормативтер жеткіліксіз. Негізінен, жол-көлік оқиғасы салдарынан жәбірленуші қайтыс болып кететін болса, онда осы оқиғаға себепші болған адамның жәбірленуші алдындағы жауапкершілігінің шектік лимиті 1 мың АЕК-ті (шамамен 6,5 мың еуро) құрайды. Көлік құралына қатысты сақтандыру төлемінің лимиті 600 АЕК-ден аспайды немесе 4 мың еуро болады.

Ұлттық банк жауапкершіліктің жаңа лимиттері сақтандыру тарифтері мен тұтас тарифті есептеу үлгісінің өзгеруіне әкелетінін мойындап отыр. Шын мәнісінде, әңгіме сақтандыру құнын арттыру немесе сақтандыру ұйымдары сақтандыру құнын арттырмай-ақ көп төлеудің қорын іздеп табу керектігі туралы болуда.

Сондай-ақ міндетті автосақтандыруға қатысты сақтандыру тарифін жеке есептеу үшін қолданылатын "бонус-малус" жүйесі де реформаланады. "Бонус-малус" жыл сайынғы жүргізу тәжірибесінің қорытындысын ескеріп, жүргізушінің жасаған ЖКО негізінде сақтандыруға қосымша қосылатын үстемақы немесе жеңілдікті анықтайды. Жаңа тұжырымдама "бонус- малустың" маркерлер тізімін ұлғайтуды, жол-көлік оқиғасының болу не болмауын ғана ескермей, басқа да параметрлерді ескеру керектігін ұсынады. Мысалы, алдағы сақтандыру жағдайы бойынша келтірілген шығын мөлшерін, жолда жүру ережесін бұзудың тіркелген саны мен сипатын ескерген дұрыс.

Басқаша айтар болсақ, жол-көлік оқиғасы кезінде үлкен материалдық шығын келтірген жүргізушіге кейіннен коэффиценттен асып кететін жоғары мөлшерлеме қолданылуға тиіс.

Ұлттық банк "бонус-малус" жүйесін жетілдіру ерікті автоКСКО-ны дамытуға көмектеседі деп есептейді. Өйткені сақтандырушының жеке бағалауы бұл жүйенің КҚИ АҚЖ бойынша бағалауына тәуелді болуы мүмкін.

Еске салар болсақ, тап қазіргі уақытта парламент мәжілісі сақтандыру заңнамасындағы өзгертуді екі құжат бойынша қарастырып жатыр. Сақтандыру заңнамасын өзгертуге қатысты салалық заңжобасы сенатқа 16 мамырда берілуге тиіс. Сақтандыру нарығын қатысты нормалар бар валюталық реттеу және валюталық бақылау бойынша өзгертулер мен толықтыруларды қарастыратын заңжобасын сенаттың қарауына 23 мамырда ұсыну керек. Екі заңнамада 1 шілдеге қарсы қабылдануға тиіс. Ал үшінші құжат – тұжырымдама мәжілістің 2019 жылға арналған талқылау жоспарына қосылуға тиіс. Бұл келесі жылға арналған сақтандыру заңы.

Гүлназ Ермағанбетова, Татьяна Батищева 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу