"Нұр-Сұлтан" қаласы кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің кезекті отырысында кәсіпкерлер полиция қызметкерлерінің заңсыз әрекеттеріне шағымданды.
Естеріңізге салайық, сәуір айының алғашқы аптасында Нұр-Сұлтан қаласының жергілікті полициясы қалалық әкімдікке түнгі 23:00 мен таңғы 8:00 аралығында көңіл көтеру орындарында алкогольдік ішімдіктің сатылуына шектеу қою және мейрамханалар мен дәмханалардың қызметін түнгі 2-ден кейін тоқтату туралы ұсыныс жасады.
"Бас шаһарда түннен таңға дейін қызмет көрсететін 1 мыңнан астам көңіл көтеру мекемесі бар. Мұндай жерлерге барған адамдар алкогольдік ішімдік ішеді. Салдарынан төбелес туындап, адамдардың денсаулығына зиян келеді. Біз тұрғын үйлердің төменгі қабатында орналасқан кәсіпкерлік нысандары түнгі 23:00-ден кейін, ал көңіл көтеру орындары түнгі 2:00-де жұмысын тоқтатса, сондай-ақ бұл жерлерде түнгі 23:00 мен таңғы 8:00 аралығында алкогольдік ішімдік сатылмаса деген ұсыныс бар", – деген болатын Нұр-Сұлтан қалалық жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ғосман Жакин.
Оның сөзінше, биыл мейрамханалар мен дәмханалардан және түнгі клубтардан ішкі істер органдарына 3500 шақырту түскен.
Басқарма басшысының ұсынысын Нұр-Сұлтан қаласы кəсіпкерлер палатасының директоры Алмат Жүнісов қолдамаған. Ол полицияның ұсынысы мақұлданатын болса, көлеңкелі нарық дамитынын, түнгі клубтар мен мейрамханалардың иелері бизнестерін жабуға мәжбүр болатынын және мыңдаған адам жұмыссыз қалатынын айтқан.
"Заңнамаға өзгеріс енгізілсе, кәсіпкерлер белшелерінен шығынға батады. Қала бюджетіне түсетін салық азаяды. Елорданың туристік имиджіне де нұқсан келеді", – деген еді Алмат Жүнісов.
Бүгінгі жиынға қатысқан кәсіпкерлер соңғы уақытта алкогольдік ішімдік сатуға шектеу қойып, қоқан-лоқы көрсететін полиция қызметкерлері қылаң бере бастағанын айтты.
"ҚР Рестораторлар клубы" ЗТБ президенті Вероника Нұрпейісова көңіл көтеру орындарына полиция тарапынан тексеріс пен әкімшілік жауапкершілікке тарту шарасы көбейіп кеткенін тілге тиек етті.
"Көңіл көтеру орындарында қорқор тартуға да тыйым салынды. кәсіпкерлерге орын-жайларды қайта жабдықтау талабы қойылып жатыр. Мұның барлығы қосымша шығын. Біз күш құрылымдардың тексеруіне уақытша мораторий енгізуді сұраймыз. Бүгінгі таңда күш құрылымдарының өкілдері ешқандай ұйғарымсыз, аяқ астынан келіп, дөрекілік танытып, қорқор шегіп отырған адамдардың құқығын шектейді. Бұған қоса кәсіпкерлерге 1 айлық есептік көрсеткіштен 30 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салады", – деді Вероника Нұрпейісова.
"ҚР Рестораторлар клубы" ЗТБ президентінің сөзінше, темекі, сонымен қатар темекі емес қорқор қоспасы деген түсінік бар.
"Бізде Ресейдегідей жасау қажет. Онда темекі мен қорқордың аражігі ажыратыған. Біз заңнамалық тұрғыда никотині бар темекі және никотині жоқ қорқор деп бөліп тастауды ұсынамыз", – деді Вероника Нұрпейісова.
Өз кезегінде Нұр-Сұлтан қалалық жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Тахир Әбдірахманов көңіл көтеру орындары азаматтардың шағымы негізінде, заң талаптары қатаң сақтала отырып тексерілетінін айтты.
"Полиция қызметкерлері заңсыз тексеріс жүргізеді дегенмен келіспейміз. Тексеруге қатысты барлық шара заң аясында, рұқсат берілген тәртіп бойынша жүзеге асырылады", – деді басқармасы бастығының орынбасары.
Қанат Махамбет