Коронавирус: әлем бойынша 24 наурыздағы соңғы жаңалықтар

5016

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы пандемия қарқынды түрде өршуде деп отыр.  

Коронавирус: әлем бойынша 24 наурыздағы соңғы жаңалықтар

Жалпы, індетті жұқтырғандардың саны 350 мыңнан асты. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы пандемия қарқынды түрде өршуде деп отыр. 2020 жылға белгіленген Токио олимпиадасы кейінге шегерілді. Қытайдағы науқастардың шамамен 90 пайызы жазылған.

Қаза тапқандар мен жұқтырғандар

Қытайдың мемлекеттік CGTN телеарнасының соңғы мәліметіне сүйенсек, осы күнге дейін вирусты 81747 қытайлық жұқтырған. Оның 3283-і қаза тапқан (төртеуі Гонконгта, екеуі Тайваньда). 73899 кісі аурудан айыққан. Басқа елдерде вирус жұқтырғандардың саны 270 мыңға-ға жеткен. Вирус әлемнің 160-тан астам еліне таралып кеткен.

Қазақстандағы жағдай

Елімізде 68 адамның коронавирус жұқтырғаны ресми түрде тіркелді. Науқастардың 29-ы Алматыда, 35-і Нұр-Сұлтанда, 2-еуі Қарағандыда, 1-еуі Алматы облысында, тағы 1-еуі Ақтөбе облысында. 16 наурыздан бастап Қазақстанда төтенше жағдай режимі жарияланды. Ол 15 сәуірге дейін жалғасады. Ал 19 наурыздан бастап осы екі қала карантинге жабылды.

Басқа елдердегі жағдай

АҚШ президенті Дональд Трамптың жұбайы Мелания Трампқа коронавирусты анықтайтын сараптама жасалды. Нәтижесінде оның ағзасынан вирус табылмады. Вице-президент Майкл Пенс пен оның әйелі де осындай тесттен өткеннен кейін, олардың сау екені жарияланды. Вашингтон губернаторы Джей Инсли Covid-19 инфекциясының таралуын тежеу мақсатында тұрғындарға екі аптадай үйден шықпауға кеңес берді. Жалпы, елдегі науқастардың саны 43000-нан, қаза тапқандардыкі 500-ден асты. Осы орайда Құрама Штаттар бірқатар елдің азаматтарына виза беруді уақытша тоқтатып тастады.

Ресейде вирус жұқтырғандардың саны 430-дан асып,бір адам қайтыс болды. 17 кісі аурудан айыққан. 52 мың тұрғын қазір дәрігерлердің бақылауында. Ресми дерек бойынша, науқастар індет өршіп тұрған елдерден келген. Олар ауруханадағы арнайы бокстарға жатқызылды. Ел премьер-министрі Михаил Мишустин егде жастағыларды үйден шықпауға шақырды. Еске сала кетсек, 19 наурызда ресейлік ғалымдар коронавирус геномын анықтаған. Медицина ғылымдарының докторы Дмитрий Лиозновтың айтуынша, генетикалық сараптама вирус эволюциясын болжауға және вакцина жасауға зор септігін тигізбек. Бұл мәлімет Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен жаһандық зерттеу топтарының деректер базасына жіберіледі. Жергілікті билік 18 наурыз бен 1 мамыр аралығында шетелдіктердің елге келуіне шектеу қойды.

Қырғызстанның бірқатар ауданында төтенше жағдай режимі жарияланады. Нақтырақ айтқанда, мұндай режим 25 наурызда Бішкек, Ош, Джалал-Абад қалаларында,  Ош облысының Ноокат, Қара-Сүй аудандарында және Созақ аудандарында енгізіліп, 15 сәуірге дейін созылмақ. Елдегі науқастардың саны 16-ға жеткен. Басым бөлігі Сауд Арабиясы мен Кувейттен келген екен. Қазір олар тиісті ем қабылдап жатыр. 19 наурыздан бастап жергілікті билік шетелдіктердің елге кіруіне тыйым салды.

Оңтүстік Кореяда ауруға шалдыққандардың саны 9037-ден асқан, оның 3500-дан астамы жазылды. 120 кісі қаза тапқан. Бұл ел эпидемиологиялық қауіптің ең жоғарғы деңгейін жариялады. Мектептердің жұмысы тағы да 6 сәуірге дейін шегерілді. Жергілікті билік алдағы 15 күнде тұрғындарды үйден шықпауға шақырды. Ресми деректерге сүйенсек, Оңтүстік Кореяда осы күнге дейін коронавирусты анықтайтын 324 мың тест жүргізіліпті.

Италияда науқастардың саны 63927-ден асты, оның 4789-ы қаза тапқан. Жергілікті биліктің дерегі бойынша, вирустан қаза табу фактілері азая түскен. Сарапшылардың айтуынша, Италиядағы халықтың 23 пайызының жасы 65-тен асқандар. Коронавирус кесірінен қайтыс болғандардың осы елде басқа еуропалық елдерге қарағанда көп болуы осыған байланысты деген пікірде мамандар. Ал кейбіреулерінің сөзінше, бұған вирусты анықтайтын сараптамалардың дұрыс жүргізілмеуі себеп болып отыр.

Иранда аурулардың саны 23 мыңнан асып,оның шамамен 1800-і ажал құшты. 8376 кісі ем-дом қабылдап жазылды.

Аустралияда вирусты жұқтырғандардың саны 1800-ден асып, 7 адам қайтыс болған. Вирус Жаңа Оңтүстік Уэльс штатында көп тіркелген.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы пандемия қарқыны өршуде деп отыр. Осы орайда ұйым басшысы Тедрос Адханом Гебрейесус коронавирусты жеңу үшін туберкулезбен күреске арналған бағдарламаларды қолдануға болатынын, яғни аурудың алдын-алу шараларын жүргізуге болатынын айтты.

Пандемияға байланысты 2020 жылға белгіленген Токио олимпиадасы бір жылға шегерілетін болды. Халықаралық олимпиада комитетінің мүшесі Дик Паунд осылай деді. Бірақ әзірге комитет бұған қатысты ресми мәлімдеме жасамады.

Еске сала кетсек, дейін қытайлық ғалымдар "Фавилавир" деп аталатын препаратқа клиникалық зерттеу жүрзізуді аяқтады. Бұл - коронавирус жұқтырғандардың қызуын басатын дәрі. Елдегі "Жэньминь жибао" басылымының дерегіне сүйенсек,  препаратты қытайлық Zhejiang Hisun Pharmaceutical компаниясы жасайды екен. Зерттеушілер оның науқастарға тигізер зияны жоқ екенін анықтады. 

Ал 17 наурызда АҚШ-тың Kaiser Permanente Washington Research институтында  коронавирусқа қарсы вакцина сынақтан өткізіле бастады. Бір ай бойы ғалымдар 45 еріктіге препаратты екі мәрте егіп, олардың денсаулығын бақылайтын болады. Ал Жапонияда Covid-19 инфекциясын жұқтырғандарды "Авиган" деп аталатын дәрімен емдей бастауы мүмкін.

11 наурызда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жаңа коронавирус індетін пандемия деп таныған болатын. Қазір ұйым ауру симптомдары жасырын адамдардан вирустың қалай жұққанын зерттеп жатыр.

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу