Коронавирус курьерлік қызметтің көрігін қыздырды

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
8569

Онлайн тапсырыс "Есіктен есікке" қағидасына көшті. 

Коронавирус курьерлік қызметтің көрігін қыздырды

Елімізде төтенше жағдай жарияланып, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларындағы сауда ойын-сауық орталықтары мен мәдени демалыс орындары, дәмханалар мен мейрамханалар қызмет көрсетудің жаңа тәртібіне ауысқаннан бері курьерлік қызметтің тасы өрге домалады. Себебі адамдар онлайн тапсырыс, ал онлайн тапсырыс "Есіктен есікке" қағидасына көшті.

Кәсіпкерлер қол қусырып отырмай, азық-түлік пен тәттілерді тегін жеткізу қызметін іске қосты. Ірі гипермаркеттерден бастап кондитерлік цехтарға дейінгі аралықтағы бизнес субъектілері call-орталық құрып, тапсырыстарды дер кезінде орындау үшін 14-16 сағат жұмыс істейтін болды. Бұған қоса жеткізу бөлімінің желісін кеңейту үшін курьерлердің саны көбейтілді. Атап көрсетерлігі, курьерлердің барлығы маскалармен қамтылды.

Қазір жеткізу бөлімі "Есіктен есікке" қағидасы бойынша жұмыс істеп жатыр. Ал тұтынушылар қолма-қол ақшасыз есеп айырысуда. Тараптар бір-бірімен байланысқа түспейді. Курьер есіктің алдына тапсырысты әкелгенін айтып, телефон шалады. Сол кезде тапсырыс беруші онлайн төлем жасайды. Сөйтеді де есіктің алдындағы тапсырысын үйіне кіргізіп алады.

Chocofood.kz дайын тамақ өнімдерін жеткізу қызметінің өкілі Николай Щербаканың сөзінше, Нұр-Сұлтан, Алматы мегаполистерінде онлайн тапсырыс беру бұрыннан жақсы дамыған. Коронавирус пандемиясына байланысты енгізілген төтенше жағдай онлайн тапсырыстың санын бірден арттырған.

"Коронавирус курьерлік қызметтің жұмысына серпін берді. Жасыратыны жоқ, тапсырыс өте көп. Десек те тапсырысты дер кезінде орындап жатырмыз.  Себебі қалада бұрынғыдай көлік кептелісі жоқ", – деді ол.

Glovo халықаралық жедел жеткізу қызметінің де жұмысы бастан асып жатқан көрінеді. Бұл туралы компанияның менеджері Эрик Соколов:"Біз тұтынушыларға кез келген тауар мен затты және азық-түлік пен дәрі-дәрмекті жеткізіп береміз. Жұмысымыз да, табысымызда екі есе көбейді", – деді. Ал Ticketon.kz онлайн билет сату қызметінің бас директоры Виктория Торгунакова шығын шегіп жатқандарын айтты. Оның сөзінше, аталмыш компания еліміздің 18 қаласында 150-ден астам нысанға қызмет көрсетеді.

"Біздің сервис арқылы билет сату көрсеткіші 98%-ға қысқарды. Біз күн сайын 2-3 млн, ал серіктестеріміз 25-30 млн теңгеден қағылып жатыр. Алдын-ала жасалған есеп бойынша, 13 наурыз бен 15 сәуір аралығында шамамен 800 млн теңге жоғалтамыз. Осы уақытқа дейін 30 концерттің өтпейтіні белгілі болды. Ал 50 іс шара басқа мерзімге шегерілді. Қазақстан футбол чемпионаты, хоккей матчтары ұйымдастырылмайтын болды. Фитнес-орталықтар жабылды, туристік турлар тоқтады. Осының барлығы біздің компаниямызға кері әсерін тигізді. Қызметкерлеріміздің басым бөлігін ақылы еңбек демалысына жібердік. Өкінішке қарай, 3 қызметкерімізді жұмыстан қысқартуға мәжбүр болдық. Еліміздегі төтенше жағдай ары қарай жалғасатын болса, қызметкерлерімізге қосымша демалыс жариялауға немесе тағы да штатты қысқартуға тура келеді", – деді Виктория Торгунакова.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу