Қостанай өңіріне жұт төніп келеді

2773

Үкімет халық жұтамауы үшін өз резервін ашуға ұйғарды.  

Қостанай өңіріне жұт төніп келеді

Қостанай облысының қуаңшылыққа ұшырап, жағдайы қиындағаны сонша биылғы жазда-ақ бұл мәселеге ел Президенті назар аударған. Тамыз айының соңына қарай Қасым-Жомарт Тоқаев аймақ басшысы Архимед Мұхамбетовты елордаға шақырып жеке қабылдады да, жергілікті жұртшылықтың ахуалын білді. Мемлекет басшысы өзге мәселелер сыртында, егін ору науқанын дер кезінде жүргізіп, тұқым қорын дайындаудың маңыздылығын қадап айтқан.

Енді ауыл шаруашылығы әзірлеген Үкімет қаулысы жобасына сәйкес, Үкімет резервінен жедел қаражат бөлу туралы шешім қабылдануда.

Құжатта 2019 жылға арналған шұғыл шығындарға республикалық бюджетте көзделген Қазақстан Үкіметінің резервінен Қостанай облысына 378 млн 603,2 мың теңге сомасында қаражат көмекке жіберілетіні айтылады.

Қаржы "ауыл-аймақтағы ауыл шаруашылығы құрылымдарының сиырларды қысқы кезеңде қорада күтіп-ұстауы үшін керекті азық-жемнің құнын ішінара өтеуге" арналады. Осылайша, азық жетпей, ірі қара малдың қырылуының алдын алмақ. Төрт түліктің өзге түрлері туралы әзірге әңгіме қозғалып отырған жоқ.

Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл қаржы алдағы қыста Қостанай облысында ең болмаса, "ірі қара малдың аналығын (қарапайым тілде – сиырларды) сақтап қалу және азықпен қамтамасыз ету" үшін қажет екенін түсіндірді.

"Қостанай облысының құрғашылықтан зардап шеккен елдімекендерінде әлеуметтік-экономикалық шиеленісті болдырмау үшін ауыл шаруашылығы министрлігі 2019 жылдың 16 қазанында қаржы министрлігіне өтініш жазды. Онда Қостанай өңіріндегі сиырларды қыста қорада күтіп-бағу үшін қажетті азық-жемнің құнына ішінара өтемақы жасауға ел Үкіметінің резервінен қаражат бөлуді сұрадық. Аталған шара Қостанай облысында құрғашылықтан зардап шеккен өңірлерде малды қысқы кезеңде азықпен қамтамасыз етуге және өңірдегі әлеуметтік кернеуді жоюға мүмкіндік береді", – деп дәйектейді ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров Премьерге жолдаған түсіндірме жазбасында.

Үкімет резервінің қаражаты алдымен Ауыл шаруашылығы министрлігіне жолданады деп күтілуде, АШМ ары қарай оны Қостанай облысының әкімдігіне аударуға тиіс.

Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетовке 2019 жылғы 20 желтоқсанға дейін осы бөлінген мол қаражаттың мақсатты жеріне қаншалықты ұтымды пайдаланылғаны, өңірдегі халықтың жағдайына қаншалықты әсер еткені туралы есеп беру жүктелді.

Ел қаржысының елді қорғауға нысаналы түрде жұмсалуын қаржы министрлігі қадағалап, аудит жүргізетін болады.

Демек, алдағы қыста қазақстандықтардың құлағы Қостанай жаққа қарай түрік жүретінге ұқсайды.

Бұл өңірде дәнді дақылдар егілген егістік ауқымы жыл санап азайып келеді. Мәселен, 2017 жылы бидай және бұршақ дақылдары 4 млн 192,8 мың гектарға себілген. Бұл барлық егіс көлемінің 80,7 пайызы.

Одан кейін 2018 жылы бұл көрсеткіш 4 млн 60,3 мың гектарды немесе 79%-ды ғана құрады.

2019 жылы дәнді дақылдар 4 млн гектардай алқапқа отырғызылды. Оның ішінде бидайға 3,4 млн гектар ғана тиген.

Таяуда ауыл шаруашылығы министрлігі Қазақстанның үш бірдей облысы – Қостанай, Алматы және Ақтөбеде дәнді дақылдар егістігі жазғы аптапта күйіп кетіп, қатты нұқсан келгенін хабарлады. Ведомство басшысы Сапархан Омаров Үкімет отырысында бұрын болмаған "аномалиялық", яғни қалыптағыдан ауытқыған ыстық салдарынан еліміз 2 млн тонна астық жоғалтқанын жеткізді.

Өз кезегінде облыс әкімі Архимед Мұхамбетов арнайы штаб құрды.

"Кейінгі алты жыл бойы біздің облыста егін бітік шықты. Осы жылдарда саладағы кәсіпорындардың материалдық-техникалық базасы жақсарды, диірмендер тұрғызылды, техникалық парк жаңарды. Алайда биылғы жыл ауа райы қолайсыз болды. Сондықтан біздің ендігі міндет – ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен бірлесіп, жұмыс орындарын сақтап қалу, бидай бағасын тұрақтандыру, сыртқа тек өңделген өнімді, ұнды ғана сату", – деді әкім.

Штаб осы міндеттерді орындауға жұмыс істейді.

Ауыл шаруашылығы министрлігі жария еткеніндей, барлық өңір ішінде дәл Қостанай облысында егін шығымдылығы ең төмен болып шыққан. Мысалы, көш бастаған Қызылорда облысында әр гектардан 56,3 центнерден айналса, антирекорд көрсеткен Ақтөбе облысында әр гектардан орташа есеппен небәрі 8,3 центнерден, ал Қостанай облысында орташа бар-жоғы 7,6 центнерден жиналған.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу