Құмшекер – мұң шекер

Бұлбұл Болат Бұлбұл Болат
6904

2019-2020 жылдары ЕАЭО елдерінде қант тапшылығы болуы мүмкін.

Құмшекер – мұң шекер

Биылғы жылдың алғашқы екі айында Қазақстанға құны 37,8 млн долларды құрайтын 90,9 мың тонна құмшекер кіргізілді. Осылайша импорт көлемі 2,1 есеге ұлғайды.

Бразилия 32,3 мың тонна қант жеткізіп, Қазақстаннан 12,8 млн долла қақса, Куба 30 мың тонна қант үшін 12 млн көк қағаз санап алды. Ресей 14,9 мың тонна "тәттісін" 7 млн долларға сатты, ал Беларусь 9,6 мың тонна қант үшін 3,6 млн долларды қалтасына басты.

Бүгінгі таңда Қазақстанның қантқұмарлары 90% шетел өнімін тұтынып отыр. Бұл туралы Қазақстан тағам кәсіпорындары одағының вице-президенті Айжан Наурызғалиева: "Еліміздегі қант зауыттары 40% қуатпен ғана жұмыс істейді. Зауыттар шикізатқа зәру. Ал сырттан келетін қант біздегіден әлдеқайда арзан", – дейді.

Айта кетейік, еліміздегі қант зауыттары Алматы облысында және Тараз қаласында орналасқан. Алдағы уақытта Қапшағайда да қант зауытын салу жоспарланып отыр.

"Алматы облысында қант қызылшасын егетін шаруалардың саны жыл өткен сайын көбейіп келеді. Былтыр Қапшағай қаласында 573 гектар жерге тәтті түбір егілді. Алайда шаруалар Көксу қант зауытына өнім өткізу кезінде шығынға батты. 200 шақырым жол түскен табыстың едәуір бөлігін жеп қойды. Осыған байланысты Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Қапшағай маңынан қант зауытын салу туралы тапсырма берді. Қазір бұл бағытта жұмыс атқарылып жатыр", – деді Қапшағай қаласының әкімі Талғат Қайнарбеков

Естеріңізде болса, өткен жылы Алматы облысы 9 мың гектар жерге тәтті түбір егіп, 35 мың тонна таза қант алды. Ал Ақсу қант зауыты 10 жыл үзілістен кейін іске қосылып, алғаш рет өнім берді. Зауыттың қайта жаңғыруына 8 млрд теңге жұмсалды. Қаржының 6 млрд теңгесін инвестор, қалғанын жергілікті билік бөлді.

Зауыт іске қосылған кезде облыс әкімі Амандық Баталов: "Біздің облыста екі қант зауыты – Көксу және Ақсу зауыттары жұмыс істейді, екеуі бірігіп жыл сайын 500 мың тоннадан астам қант қызылшасын өңдей алады. Алдағы уақытта Алакөл және Қарабұлақ қант зауыттарын іске қосуды жоспарлап отырмыз. Сол сияқты шағын қуаттылықтағы зауыт салуды да ойластырып жатырмыз. Бүгінгі күні біз облыстың сұранысын толық қанағаттандыра аламыз, бірақ мұнымен шектелмей, ел көлеміндегі қажеттілікті өтеуді көздеп отырмыз", – деген болатын.

Әрине, әкімнің ниеті түзу, ұмтылысы жақсы. Бірақ бұл отандық қант өндірісінің тасын өрге домалату үшін жеткіліксіз.

Жасыратыны жоқ, былтыр елімізде қант қызылшасының егістік көлемі 1,5 есеге ұлғайып, отандық қанттың көлемі 1,5 есеге артты. Мемлекет ішкі нарықта отандық қант пен қант шикізатының үлесін ұлғайту үшін 1 тонна қант қызылшасының 50%-ын субсидиялауға көшті. Тіпті тыңайтқыштарға да субсидия қарастырды. Тыңайтқыш шетелден әкелінсе - 30%-ы, отандық болса - 50%-ы субсидияланды. Дақылды егуге, жинауға, тасымалдауға арналған техника лизингке алынса, мемлекет қаржылық қолдау көрсетті. Тұқым алуға да мемлекеттен субсидия бөлінді. Мысалы қант қызылшасының селекциялық реестрде бар гибридті тұқымының 70% құнын мемлекет өтеді. Тұқым шетелден әкелінген болса, шығынның 70%-ы қайтарылды.

Сырттан келетін қант көлемін азайтуға қадам жасалса да, ойдағы нәтижеге жете алмай жүрміз. Себебі еліміздегі қант зауыттары маусым кезінде шикізатты қажетті мөлшерде өңдей алмайды. Осыған қатысты пікір білдіргенде Қазақстан тағам өнеркәсібі қауымдастығының мүшесі Алмагүл Сүйінішәлиева: "Ресейде қант шығаратын - 85, Беларусьте - 58 зауыт бар. Олар жасанды қант ұнтағын пайдалануға тыйым салу арқылы қант зауыттарын тапсырыспен үздіксіз қамтамасыз етіп отыр...", – деген еді.

Оның пікірінше, елімізде қант қызылшасын өсірудің географиялық аумағын кеңейту керек.

"Қазақстанның орталық өңірлерінің табиғаты қант өсіруге қолайлы. Осы аймақта өсірілген қант қызылшасындағы қанттың құрамы Алматы, Жамбыл облысында өсетін қант қызылшасына қарағанда 8-10%-ға көп. Еліміздің батыс, орталық өңірлеріндегі қант қызылшасын өсіретіндер үшін өнімін Алматыға немесе Жамбылға емес, Ресейге тасымалдаған әлдеқайда тиімді. Біз қант қызылшасын өсіргісі келетін кәсіпкерлердің әлеуетін толық пайдалана алмай отырмыз. Бізге аймақтық деңгейдегі кішігірім зауыттардың қатарын көбейту керек. Мақсатқа жету үшін қант индустриясына айрықша назар аударылуы тиіс", – деді ол.

Экономистердің болжамынша, 2019-2020 жылдары ЕАЭО елдерінде қант тапшылығы сезілуі мүмкін. Себебі 2020 жылдан бастап шикізатты шетелден тасымалдауға белгіленген жеңілдік мерзімі аяқталады. Сәйкесінше қант құрағын шетелден тасымалдау тиімсіз болып қалады. Есесіне ЕЭО аясында шикізат пен дайын өнімді өзара тасымалдауға басымдық беріледі. Бұл жерде Ресей мен Беларусьтің ұпайы түгел болады, ал Қазақстан ұтылады. Өйткені аты аталған екі ел қант ұсынушының, біз тұтынушының рөлін атқарамыз.

Қазір Ресей мен Беларусь қант қызылшасы алқаптарының аумағын кеңейтіп жатыр. Жыл басында Ресей қант импортын шектеу туралы одақ комиссиясына ұсыныс түсірді. Осы арқылы ЕАЭО шеңберінде ойын ережесін өзгертіп, үшінші елдерден қант сатып алуға шектеу қою туралы шешім шығаруды талап етті. Бұдан түсінгеніміз, ормандай орыс жылына 400 мың тонна қант тұтынатын біздің 18 млн халықты  үлкен нарық, яғни тұтынушы деп танып отыр.  

Бұлбұл Болат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу