Құрылыс қарқыны мен сұраныстың көптігі бағаға әсер ете алмай отыр

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
9580

Өйткені сатып ала қоятындай ақшасы бар адамдар әлі аз.

Құрылыс қарқыны мен сұраныстың көптігі бағаға әсер ете алмай отыр

2019 жылдың басынан бері елдегі жылжымайтын мүлік бағасы тұрақты болғанымен, жаңа үйлердің аздап қымбаттағаны байқалады. Жаңа үйлердің қымбаттауына бірінші кезекте мемлекеттік ипотекалық бағдарламалар әсер етіп отыр.

Жылдың бірінші тоқсанында Нұр-Сұлтан мен Алматыдағы үй бағасы шамамен 1 пайыз қымбаттады. Ал соңғы бір жылдағы бағаға қарайтын болсақ, Нұр-Сұлтандағы баспана құны тұрақты арзандай отырып шаршы метріне шамамен 10 мың теңгеге төмендесе, Алматыдағы үй бағасы осы ақпанның соңына дейін соңғы бір жылда шамамен  55 мың теңгеге қымбаттаса, сәуір айында қайтадан аздап арзандады.

Бағаның бұлайша "ойнамалы" қалыптасуына елдегі жылжымайтын мүлік саудасының артқаны әсер етіп отырған болуы бек мүмкін. Мәселен, биыл бірінші тоқсанда Алматыдағы үй саудасы 36%, ал Нұр-Сұлтандағы көрсеткіш 18% көбейген екен. Дегенмен, жалпы республикалық көрсеткіш керісінше азайып келе жатыр, Статистика комитетінің мәліметінше. Алайда, комитет соңғы бір жылдық көрсеткіште республика бойынша оң динамиканың байқалып отырғанын да алға тартады.

Қайталама нарыққа келер болсақ, республика бойынша баға тұрақты тұрғанымен, Нұр-Сұлтан мен Алматыда бағаның өсімі бар. Жалпы, қос қаладағы қайталама нарықтағы үйдің шаршы метрі орташа есеппен соңғы тоқсанда 2%, ал бір жылдың ішінде 14% өсіп отыр.

Жалпы, сарапшылардың пікірінше, соңғы бір жылда елордада жаңа үйлерге сұраныс артып, қайталама нарық қалып бара жатқан көрінеді. Қазіргі таңда сұраныстың 40 пайызы жаңа үйлерге тиесілі болса, алдағы уақытта бұл көрсеткіш 50 пайызға жетуі мүмкін деген қауесет бар. Оның себебі соңғы кездері ипотекалық нарықтың жандануына байланысты қолма-қол есептесе алмайтын азаматтар банк арқылы жаңа үйлерді сатып алғанды жөн көреді екен.

Екіншіден, қазір құрылыс компаниялары нарықтағы сұраныс пен азаматтардың қалтасына қарап, негізінен шағын эконом санаттағы үйлерді салуды қолға ала бастады. Бұл да өз кезегінде бұрын қайталама нарықтан арзан үй алатын халықтың жаңа үйлерді іздей бастағанына түрткі болып отыр.

Сарапшылардың дені алдағы уақытта үй бағасының күрт өзгеруі мүмкіндігін жоққа шығарады. Үй құрылысының қарқынды жүргені де, халықтың "үйсіздігі" де бағаны өзгерте алмайды. Өйткені, халықтың төлем қабілеті сол баяғы тұрақты төмен күйінде қалып отыр.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу