Қытайдың "Суық суынан" қорқу керек

Әлемді ауызсу дағдарысы жайлап жатқанда Қазақстан бейқам отыр.

Қытайдың "Суық суынан" қорқу керек

Қытай "Суық су" бағдарламасын кезең-кезеңімен жүзеге асыратын болды. Республика төрағасы Си Цзиньпин өкіметіне арнайы тапсырма беріп, болашақта Қытайдағы ауызсу мәселесін толыққанды шешуге күш салу керектігін айтты.

Аталмыш бағдарлама 2014 жылы қабылданып, содан бері көршілес ел бірқатар шараларды қолға алыпты. Ендігі кезекте ауызсу тапшылығын болдырмау мақсатында жерасты суларының көзін ашу, канал қазу, су рудаларын зерттеу тәрізді ғылыми жобалардың орындалуына барынша мән бермек. Ал көршілес елдің мұндай қадамына қатысты еліміздегі ғалымдар мен сарапшылардың біразы "Бізге Қытайдың "Суық су" бағдарламасынан қауіптену керек" деген пікірді алға тартуда.  

Гидрогеолог-ғалым Арман Нағашыбаевтың айтуынша, ауызсу мәселесін сөз еткенде Қазақстанның басқа елдермен қарым-қатынасына айрықша мән берген жөн. Айталық еліміздің Орал өңіріне су Ресейден, Қызылордаға Сырдариядан келеді. Сондықтан біз Орал өңіріндегі су мәселесінде Ресейдің аңысын аңдысақ, Сырдарияның суын пайдалануда өзбектердің қас-қабағын бағамыз. Жамбыл облысындағы Талас өзенінің жай-жапсарына қатысты қырғыздардың көңілін табуға мәжбүрміз. Ең маңыздысы, Ертіс және Іле өзенінің суын сөз еткенде Қытаймен қарым-қатынасымызды нықтай түсуге тура келеді.

"Қытай мен Қазақстан арасындағы трансшекаралық өзендер тізіміне Ертіс өзені алқабынан алты өзен, Іле өзені алқабынан үш өзен, барлық таулы жүйе өзендерінен сегіз өзен кіреді. Олар гидрогеологиялық бақылау орнату арқылы анықталады. Қазақстан мен Қытай 2001 жылдан бері "Трансшекаралық өзендерді қорғау және пайдалану туралы" ынтымақтастыққа қол қойған. Осы ынтымақтастықтың 2-бабында трансшекаралық өзендерді әділетті, ұтымды пайдалана отырып, екі ел арасындағы достықты нығайта түсу жағы баса айтылған. Дегенмен, бұл ынтымақтастықта Қазақстанның мүддесін ескеру тұрғысында Қытай тарапына нақты міндеттемелер жүктелмеген. Сондықтан "арамызда ынтымақтастық бар" деп арқаны кеңге салуға болмайды. Болашақта 1,5 млрд халқы бар Қытай үшін ауызсу мәселесін шешу күрделене береді. Ендеше су мәселесіне келгенде екі ел арасындағы келісімдерді жиірек талқылап,  нақтылап алғанның артықтығы болмайды", – дейді Арман Нағашыбаев.

Болашақта Қытай жерасты суларын көптеп алуды жоспарлап отырғанын жоғарыда айттық. Бұл жайт бізді де ойландыруға тиіс. Себебі қазір Ертістің суы онсыз да азайып бара жатыр. Алдағы уақытта Қытай жағы түрлі каналдар қазу, жерасты суларын ашу, су рудаларын зерттеу секілді жұмыстарды қолға ала бастаса, Қара Ертістің суы қазіргіден де төмендеп кетуі мүмкін.

"2007 жылы Қытай Халық Республикасы біржақты тәртіппен Үлкен-Ласты өзенінің суын бұрып алды. Осыдан кейін Шығыс Қазақстан облысындағы Майқапшағай, Досым, Үмбетбай тәрізді жерлер сусыз қалды. Келешекте Қытай "өз халқын ауызсумен қамтамасыз етеміз" деп жерасты суларын зерттей бастаса, Ертістің суын бұрып алуы да ғажап емес. Сондықтан бізге Ертіс және Іле өзендеріне қатысты Қытаймен арадағы ынтымақтастықты қайта пысықтап алу керек. Қазір халық тұтынатын Ертістің тұщы суы онсыз да азайып кетті. Ендігі кезекте түрлі нарықтық қатынастарға байланысты біздің өз елімізде де ауызсу тапшылығы күрделене береді. Біз қазірдің өзінде халықты толыққанды сумен қамтамасыз ете алмай отырмыз. Көрші елдермен ара қатынастың ушыққаны керек емес. Егер мұндай жағдай туатын болса, Ертістің, Іленің суын тұтыну қиындайды", – дейді экономист-ғалым Жұмаділда Баяхметов.

Экономист-ғалым алға тартып отырғандай, бұл мәселеде барынша сақтық танытқанымыз абзал. Жалпы, ауызсу мәселесіне қатысты әлемдік деректерге жүгінсек, қазірде тұщы су тапшылығы артып келеді. Тұтынатын су тапшылығынан және судың ластығынан жыл сайын әлемде 3 млрд адам түрлі дертке ұшырайды екен. Ресми деректер бүгінде жер шарының халқы 7 миллиард 375 адамды құрайтынын көрсетіп отыр. Жыл сайынғы өсім шамамен 75 миллионға жетеді. Ал ішуге қажетті ауызсу мөлшері жыл сайын 64 миллион текшеметрді шамалап отыр. Болашақта ауызсу мәселесі артып, әлем бойынша суға талас өрши түспек.

"Алдағы уақытта ауызсу мәселесі күрделене түседі. Себебі өндіріс орындары, кәсіпорындар мен зауыттар көптеп ашыла бастайды. Сондықтан болашақта біз үшін жерасты суларын зерттеу маңызды бола түспек. Жерасты суларын зерттеу арқылы су шықпайтын жердің өзінен су шығаруға болады. Міне, алдағы бес жылда Қытай миллиардтаған халқын ауызсумен қамту үшін жер асты суларын зерттеуге күш салуды көздеп отыр. Негізінде, мұндай үрдісті Қазақстанда да жүзеге асыруға болады. Мысалы, біздің Гидрогеология институтының мамандары 2009 жылы Қызылорда облысы, Жалағаш ауданында 420-450 метрлік тереңдікте жер асты сулары бар екенін дәлелдеді. Аталмыш зерттеулер елімізде тұңғыш рет жасалды. Қызылорда облысы Сырдың суын ішіп отырғаны баршаға мәлім. Ал Сырдың суының бүкіл Азиялық аймақтарды аралап барып Қызылордаға келетіні де бәрімізге аян. Ол судың сапасы да сын көтермейді. Лас суды тұтынған халық түрлі ауруға ұшырып отыр. Су тапшылығы да әр күн сайын көзге ұрынып тұр. Шалғай ауылдарды сумен қамту мәселесі әлі шешілген жоқ. Сондықтан бізге болашақта бұл мәселеге ғалымдарды да жұмылдыру қажет. Үкімет пен гидрогеологтар бірлесіп зерттеулер жүргізіп, қазірден бастап жерасты суларын алуды қолға алсақ деген ұсыныс бар. Әрине бұл үшін арнайы қаржы бөлініп, зерттеу жұмыстарын жүргізу мемлекет тарапынан қолдау табуы қажет", – дейді "Барометр" экономикалық-маркетингтік талдау-зерттеу орталығының маманы Оксана Петрова.

Мамамандардың пайымдауынша, мемлекет тарапынан түрлі гранттар  бөлініп, елдегі су тапшылығы ғалымдармен бірлесіп зерттелсе, бұл мәселе жылдар өте келе жеңілдей түсер еді. Осыдан барып, ауызсу тапшылығы да шешімін тауып, трансшекаралық аймақтардағы өзендер мәселесіне келгенде де қауіп сейіліп, сенімділік пайда болар ма еді?!

Мамандардың Қытайдың "Суық су" бағдарламасына қатысты байқаған тағы бір түйткілі – көрші елдің болашақта су рудасын алуға қызығушылық танытып отырғандығы. Қазір Қытай суда кездесетін сирек металл су рудасын алуда әлемдік беделге ие болып отыр. Әрине, аспанасты елі бұл беделінен болшақта да айрылғысы келмейді. Әлемдік нарықта су рудасының бағасы алтын мен мұнайдан кем түспей тұрғанын ескерсек, еңбекқор Қытай бұл істі де "ұршықша иіруге" барын салары анық.

"Қытай елі болашақта су рудаларын алу үшін жан-жақтағы өзендерге көзін тіге бастайды. Бізде Батыс Қазақстан облысында және Шығыс Қазақстан облысында судан алынатын сирек металдар тіптен құнды. Алайда осы істің көзін таба алмай отырмыз. Мысалы, бір ғана Аралдың суын алайықшы. Аралдың суы иод тапшылығын жояды. Ал біз не істедік?! Арал суалды, экологиялық аймаққа айналды дедік те қойдық. Аралдағы ашық жатқан иодты ұқсата алмадық. Сол тәрізді өзен-көлдерімізден де су рудасын  алуға бас қатырып жатқан жоқпыз. Бұл үлкен еңбекті талап ететіндіктен мұны Қытай елі сәтті пайдаланып отыр. Әлемдік нарықты бұл рудалардың құны жоғары. Сондықтан қазір көршілес ел руда алуға үлкен құлшыныс білдіріп отыр. Ал мұның артында тағы да біздің өзен-көлдерге көз тігіп жүрмей ме деген қауіптің қылаң бермесіне кім кепіл", – дейді Арман Нағашыбаев.

Мамандардың байыптауынша, көрші елдің бағдарламасы бізді ойлантуға тиіс. Негізінде, Қытайда бар бағдарлама бізде де бар. Мысалы, Қазақстанда халықты таза сумен қамтамасыз ету бағдарламалары 2002 жылдан бастап қолға алына бастады. Естеріңізде болса, 2002 жылы "Ауыз су" бағдарламасы қабылданды. Оның межесі 2010 жылға дейін жетті. Аталмыш бағдарламаны орындау үшін мемлекеттік бюджеттен 335 милллиард теңге бөлінді. Бұдан соң 2011-2020 жылдарға арналған "Ақ бұлақ" бағдарламасы қабылданды. Жоспарлы түрде бұл бағдарламаның орындалуына жыл сайын 90 миллиард теңге бөлініп отыруға тиіс болатын. Оның 60 млрд теңгесі мемлекеттік бюджеттен, 30 млрд теңгесі жергілікті бюджеттен бөлінуі керек.

Бізде бағдарламалар көп, оны орындауға бөлінетін қаржы да қомақты. Сөйте тұра, істің нәтижесі көрінбей қалады. Бұл ретте мамандар "мәселе шешімін тапсын десек, бөлінген қаржы "ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпеуі керек еді" дейді. Қаржы бақылауда болса, реформалардың да ғұмыры ұзақ әрі нәтижелі болатыны даусыз. Ендеше бұл мәселеге келгенде де бақылау мен қадағалауды күшейту керек секілді.  

Қарлығаш Зарыққанқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу