Қытай Қазақстандағы ірі жобалардың құрылысына қатысады

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
3469

Жеңіс Қасымбек Қытайдың инвестициясы мен жобалары үшін күресуіміз қажет екенін айтты.

Қытай Қазақстандағы ірі жобалардың құрылысына қатысады

ҚР Инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбек халық алдындағы есептік кездесуде Қазақстан өндірістік қуатты орналастыру бағдарламасын неліктен ҚХР-мен бірлесіп іске асыратынын айтты. Аталған бағдарламаның шеңберінде қытайлық компаниялар мен банктер Қазақстан аумағында бірқатар ірі жобаның құрылысына қатысады. Сонымен қоса Қытай тарапы бұл жобаларды қаржыландырып, құрылысқа қажетті жабдықтарды жеткізеді және шығарылатын өнімді сатып алады.

"Нақтырақ тоқталып кетсек, ешкім Қазақстанның ескі нысандарын алып жатқан жоқ және бағдарлама басқаша аталады –  өндірістік қуатты орналастыру. Сөз 28 млрд доллар сомасына есептелген 51 жоба туралы болып отыр. Қазақстанның аумағында экспортқа бағытталған өнім шығаратын жаңа зауыттар мен фабрикаларды салу туралы сөз болып отыр. Сонымен қатар біз дәл осы Қытайға бағытталған экспорт көлемі артады деп үміттенеміз", – деді министр.

"Қытайлықтар капиталға мүлде араласпайтын жобалардың саны көп деп айта аламын. Оларда Қазақстанның және өзге шетелдің, батыстың акционерлері болады, бірақ оларға Қытай тарапы EPC-контрактер ретінде қатысады, яғни қаржыландырады, құрылыс жұмыстарымен айналысады. Мысалға Ақтоғай  тау-кен байыту комбинатын алсақ болады, бұған қатысты Шығыс Қазақстанда бірқатар мәселе туындағаны естеріңізде болар. Бүгінде ол алдыңғы қатарлы кәсіпорындардың біріне айналды. Осыдан екі-үш ай бұрын сол жаққа барып келдім – кәсіпорында тек Қазақстанның азаматтары ғана жұмыс істейді. Алайда оның құрылысы жүріп жатқан кезде, ол қытайлық капиталдың қатысуымен салынған еді, соған байланысты көп мәселе туындаған еді", – деп сөзін жалғады ол.

Қытайдан көшіруге ұсынылып отырған кәсіпорындар түрлі салаларды қамтиды: машина жасау, химия, ауыл шаруашылығы өнімін өңдеу, азық-түлік саласы, жеңіл өнеркәсіп.

"Негізінен, барлық жобада Қазақстан тарапы қатысады деп айта аламын. Бүгінгі таңда инвестиция үшін үлкен күрес жүріп жатыр, ал қытайлық инвестициялар – халықаралық нарықта қолжетімді көздердің бірі және бұл инвестицияларға осы аймақтың барлық елдері күресуде. Сол себепті осы жобаларды іске асыру біз үшін өте маңызды. Оларды біз жүзеге асырмасақ, көршілеріміз жүзеге асырады, соңында біз олардан сол тауарды импорттайтын боламыз", – деді Жеңіс Қасымбек. – Сол себепті айтқым келетіні, біріншіден, бұл жаңа өндіріс. Екіншіден, олардың жұмыс ресурстары осы жақта қалады деген сөз мүлде болған жоқ. Жаңа кәсіпорындарда жұмыс істейтіндердің 90%-ы Қазақстан азаматтары болады. Үшіншіден – бұлар экспортқа бағытталған, Қазақстанға ауадай қажет кәсіпорындар".

Бұдан бұрын Жеңіс Қасымбек Қытай тарапы өндірістік қуатты дамыту жөніндегі Қазақстан Республикасымен бірлескен бағдарламасына жаңа жобалар енгізу туралы ұсыныс жасағанын хабарлаған болатын. Сонымен қатар нарықтағы жағдайдың өзгеруіне байланысты келісілген жобалардың бір бөлігі жоспардан алынып тасталуы мүмкін екенін жеткізген.

"Өндірістік қуатты дамыту жөніндегі бірлескен бағдарлама аясындағы 51 жоба біздің министрліктің тұрақты бақылауына алынған. Бүгінгі таңда үш жоба іске асырылды. Өткен жылы алты жобаның құрылысы басталды, биыл тағы жеті жобаның құрылысы басталады. Жалпы осы жобаларды жаппай іске асыру 2018-2019 жылдарға тұспа-тұс келеді деп ойлаймыз. Биылғы жылдың өзінде ірі жобалар қолға алына бастады. Мысалға, бірқатар жобаның құны миллирард доллардан асады", – деді министр 5 мамырда өткен баспасөз мәслихатында.

"Бұл – мұнай химиясы саласының жобалары, инфрақұрылымдық құрылыс пен тау-кен өндірісі саласының жобалары, сондықтан бізге осы тізімге енгізуге қосымша ұсыныс түсіп жатыр, бұл жан-жақты ойластырылған ұсыныстар. Нарық жыл санап өзгеріп келеді, қаржыландыру шарттары өзгеріп жатыр, сондықтан кейбір жобалар бұл тізімнен алынып тасталуы мүмкін. Бірақ олардың есесіне басқа жобалар бар. Бүгінде бізде 27 млрд доллар сомасына 51 жоба бар. Бұл сандар өзгеріссіз қалады", – деді ол.

Еске сала кетейік, Қазақстан аумағына Қытайдың өндірістік қуатын көшіру аясында 51 жоба іске асырылатындығы туралы келісімді екі ел басшысы қабылдаған болатын. Одан бөлек Қазақстан өзінің индустриалды-инновациялық даму жоспарын жүзеге асырып келеді. Бұрынырақ іске қосылған жобалардың  арқасында 2016 жылы 2,2 трлн теңгеге өнім шығарылды, оның 1,4 трлн теңгесі немесе жалпы өндіріс секторының 18%-ы өңдеу өнеркәсібіне тиесілі.

Әйгерім Сүлейменова, Жанболат Мамышев​

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу