Қытай Қазақстанға берген уәдесін орындамай отыр

Қажет Андас, Алматы облысы Қажет Андас, Алматы облысы
5058

Іле мен Шу өзендеріндегі су деңгейінің азаюы Балқаш көлінің экологиялық жағдайын бұза бастады.

Қытай Қазақстанға берген уәдесін орындамай отыр

Елімізде трансшекаралық өзен-суларды тиімді пайдалану өте өзекті мәселе. Сондықтан Қазақстан осыған қатысты барлық халықаралық конвенцияларды ресми рәсімдеген.  

2011 жылдың 12-15 маусымында Қазақстан президенті мен Қытай Халық Республикасының төрағасы Ху Цзиньтаоның кездесуінде трансшекаралық су ресурстарын тиімді пайдалану мен оны қорғау  туралы келісімге қол қойылды. Бұл қадамға баруға жылдар бойы қыруар қаржы шығындалды.  Себебі бізде бұдан басқа амал болған жоқ. Десек те нәтиже ойлағандай болмай тұр.  Халқының саны көп болуына байланысты қытайлықтар ішкі өзен-көлдері мен су қоймаларындағы тіршілік көзін көп тұтынады. Салдарынан елімізге ағып келетін өзен  суының  мөлшері тиісті деңгейде болмайды. Бұл  – көршілеріміз бізге берген уәдесі мен халықаралық келісімшарттың талабын толық орындамай отыр деген сөз.

"Алысқа бармай-ақ қоялық, Алматыға жол түскен сайын Қапшағай су қоймасының деңгейін көрген кезде жүрегің ауырады. Оның үстіне арнасы тартылып, құрғап қалып жатқан өзендердің саны жыл өткен сайын көбейіп келеді. Қатердің алдын алу үшін Көксарай су қоймасы салынып, Оңтүстік өңірдің су тапшылығын азайтты. Алайда  кейінгі кезде Өзбекстаннан Қазақстанға келетін өзендер лайлана бастады. Мұны біз Сыр өзені суының егістік суаруға да жарамайтын деңгейге жеткенінен біліп отырмыз. Шу өзені де алаңдатарлық жағдайда.  Іле мен Шудағы су көлемінің  азаюы салдарынан Балқаш көлінің экологиялық жағдайы бұзыла бастады.

Түбінде мұның зардабын Жетісу жеріндегі бай табиғат тартуы мүмкін. Осының алдын алу үшін суға қатысты халықаралық келісімдер мен шарттарды қайта қарау керек деп ойлаймын", – дейді эколог- ғалым Ерлан Андасбаев.

Қытайдың CNR агенттігінің радио арқылы ұйымдастырған баспасөз мәслихатында қытайлық эколог-ғалымдар трансшекаралық өзендер арқылы ішкі айналмалы каналдар мен су қоймаларын көбейтудің себебін жаһандық жылыну салдарынан туындап отырған қажеттілік екенін түсіндірді. Олар әлемдік жылыну осы қарқынмен жалғаса беретін болса, Гималай тауындағы мұздар  еріп,  тұтас Қытайды сумен қамтамасыз етіп отырған Цияңжияң мен Хуанхы өзендерінің арнасы мүлдем құрғап қалуы мүмкін екенін, осының алдын алу үшін  ішкі өзен-көлдер  бөгеліп,  су қоймалары мен айналмалы суағар  жасалуы тиіс екенін айтты. Осының ізін іле-шала Қытайдың халық торабы ҚХР Шыңжаң ұйғыр автономиялы ауданында 25 су қоймасы салынатыны туралы хабар таратты.

Қытай халық торабының мәлімдеуінше, ҚХР мемлекеттік кеңесінің тапсырысымен елде ҚХР мемлекеттік даму-реформа комитеті, су игілігі министрлігі, тұрғын үй және  қала-ауыл министрлігі су шаруашылығы саласын реформалау мен дамытудың "13-ші бесжылдық жоспары" жарияланған. Жоспарда Шыңжаң ұйғыр автономиялы ауданындағы 18 су қоймасының санын 25-ке жеткізілетіні анық көрсетілген.

Қазақстан мен Қытайдың трансшекаралық өзендерде бөлінбеген еншісі көп екенін ескерсек, бұл жерде кімнің екі жеп би болғысы келіп тұрғаны түсінікті болып тұр.

Шыңжаң ұйғыр автономиялы ауданында Іле мен Ертістен басқа су қоймасын сала қоятын өзен де жоқ. Ал отандық экологтар өзен су ресурстарының 2020 жылға қарай жалпы көлемі 30%-ға төмендейтінін айтып, дабыл қағып отыр.

Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры Тілектес Есполов суға қатысты 2012 жылы жасаған баяндамасында: "Елімізде су мөлшері біртіндеп азайып келеді. 60-шы жылдары су ресурстарының көлемі жылына 114,96 текше метрге жуық болса, 2000 жылы 100,5 текшеметрге дейін қысқарды, тиімді шара қарастырылмаса алдағы уақытта да қысқара береді", – деген екен. Осы сөз бүгінде ақиқатқа айналып отыр.

Қытайдың "13-ші бес жылдық жоспарында" көрсетілген басым бағытта: "Қытай үкіметі кейінгі жылдары шекаралық аймақта орналасқан кіші және үлкен су қоймаларында  өмір сүретін балық және тамаққа пайдаланатын омыртқасыз су жәндіктерін өсіретін шаруашылықты мемлекеттік бюджеттен қаржыландыру жұмысын жүргізеді", – деп нақтыланған.

Бұл қадам Қазақстан мен Қытай арасында ағатын трансшекаралық өзендердің және жерасты суларының ластануы мен азаюына әкеліп соқтырады. Мұның зияны Жоңғар Алатауынан ағып шығып, Балқаш көліне құятын Ақсу, Көксу, Тентек, Қаратал, Сарқан өзендеріне тиюі мүмкін.

Су мәселесі жайлы әңгіме қозғалғанда күнделікті тұтынатын сусындарды айналып өтуге болмайды. Бүгінде елімізде Үкі­меттің №104 қаулысымен бекітілген ауызсуға қатысты санитарлық қағида бар. Соған сәйкес, әкелінген сы­на­малар микробиологиялық, сани­тарлық-гигиеналық көрсеткіштерге сай болуы тиіс. Бұл туралы облыстық экология департаментінің бас маман Сейдәлі Сариев: "Талдықорған қаласында судың микробиологиялық-бактериологиялық және химиялық көрсеткіштерге байланысты сапасын тексеруге арналған арнайы са­раптау орталығы жоқ. Тек облыстық тұтынушылар құқығын қорғау департаментінде ғана арнайы зертхана бар. Алайда  олар өздеріне тексеруге жібе­рі­ле­тін судың ғана сапасына жауап бе­реді. Ал біздің нарықты қытайда өндіріліп, шекара асып келген сусындар жаулап алған. Бұл сусындардың сапасы қандай екені беймәлім, – деді.

Қажет Андас

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу