"Біз Қытайдың ұсынысымен ҚТЖ-мен бірлесіп екі мемлекет үшін де тиімді болатын Қарамай (ҚХР) – Тачен (ҚХР) – Аягөз (ҚР) транзиттік теміржол құрылысының жобасын әзірлеп жатырмыз. Бұл жол Қытайдан Еуропаға жететін ең жақын жол болады. Нұрсұлтан Әбішұлы (ҚР президенті Назарбаев – автор), бұл теміржол шекарада. ҚТЖ хабардар. Мен бұл туралы Асқар Ұзақбайұлына (вице-премьер Асқар Мамин, "Қазақстан темір жолы" АҚ басқармасының бұрынғы төрағасы – автор) хабарладым", – деді Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов мемлекет басшысының қатысуымен өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында.
"Жоба Қытайдың батыс аймақтарын біздің шекарамен байланыстырады", – деп растады вице-премьер.
Қытай өз теміржолын екі мемлекеттің шекарасынан өткізгенін және енді Қазақстаннан осы жобаны жан-жақты қарастыруды сұрағанын айтып өтті ШҚО әкімі.
"Бізде "Қорғас транзит" бар емес пе", – деп қарсылық білдірді Нұрсұлтан Назарбаев.
"Олар әзірге талқылап жатыр. Олар жүк тасымалын Қорғастан бөлек осы жол арқылы 15 млн тоннаға дейін арттырамыз деп ойлап отыр. 10 күннен соң мен Таченге барамын. ҚТЖ-дан өз өкілін берсін деп сұрадым. Бәрін қарастырамыз, Нұрсұлтан Әбішұлы", – деп сендірді Даниал Ахметов.
Бүгінгі күні Қазақстан мен Қытайды екі теміржол торабы байланыстырады. Алғашқы болып Қазақстанда 1991 жылы Достық (ҚР) – Алашаңқай (ҚХР) теміржол өткелі салынды. 2012 жылы жаңа Алтынкөл (ҚР) – Қорғас (ҚХР) теміржолы іске қосылды. Қазақстан-қытай таңбаланған мемлекеттік шекарасының жалпы ұзындығы шамамен 1783 шақырым, оның ішінде құрлық шекарасы – 1215,86 км, су – 566,89 км.
Қазір облыста 231 млрд теңгеге қазақ-қытай бірлескен жобалары жөнінде шарт жасалып, іске асырылып жатқанын ШҚО әкімі мәлімдеді. Дәлірек айтсақ, Қытай соңғы жылдары көп қиындық тудырып отырған Семейдегі №3 ЖЭО (жылу электр орталығы) құрылысын қаржыландыруға дайын.
"Семей қаласындағы №3 ЖЭО құрылысын қаржыландыру жобасы екі жаққа да ортақ. Қазір бірлескен қазақ-қытай тобы мәселенің жай-жапсарын анықтап жатыр. Қытайдың өзіне тиесілі капиталы 15%-ға дейін артсын дейміз. Одан бөлек Қытай жобаны толығымен қаржыландырмақ", – дейді Даниал Ахметов.
Халықаралық даму банктері – Еуропа қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) және Азия даму банкі (АДБ) түрлі жобаға қатысу ниетін білдірді. Сонымен қатар бұл банктер жобаның қаржысын арттыруға дайын.
"2016 жылы ЕҚДБ инфрақұрылым жобаларын іске асыру үшін 50 млрд теңгеге 9 несиелік шарт пен келісімге қол қойды. Жыл соңына қарай ЕҚДБ-мен жасасқан шарт 100 млрд-қа дейін ұлғаяды деген үмітіміз бар. 2016-2017 жылдары "Нұрлы жол" бағдарламасының қаржысы 28 млрд теңгеге жетті. Сөйтіп біз бағдарламаны іске асыруға бюджетте көзделген сомадан 4 есе артық қаражат тартып отырмыз. "Нұрлы жол" бағдарламасының негізгі бағыттары бойынша АДБ және ЕҚДБ-мен 242 млрд теңгеге есептелген 131 жобадан тұратын қоржын құрды. Одан бөлек, әлеуметтік құрылысы саласында 130 млрд теңгелік 22 МЖӘ жобасы жұмыс істеп тұр, оның ішінде 2 ірі көпсалалы емхана да бар", – дейді Даниал Ахметов.
Жанболат Мамышев