Қытай Жапония мен Оңтүстік Кореяны татуластырмақ

4946

Оңтүстік Корея мен Жапония арасындағы сауда дауына ресми Бейжің араласты.

Қытай Жапония мен Оңтүстік Кореяны татуластырмақ

Жақында Қытай, Жапония және Оңтүстік Корея елдерінің сыртқы істер министрлері сауда және серіктестік мәселелерін талқылау мақсатында Қытайда бас қосты. Ресми Бейжіңнің сыртқы істер министрі Ван И Токио мен Сеулді диалог құру арқылы келіспеушіліктерін реттеуге шақырды.

"Қытай Жапония және Оңтүстік Кореямен көпжақты қатынастарды және еркін сауданы қамтамасыз ету үшін ынтымақтастығымызды одан әрі кеңейту және тереңдету үшін жұмыс істейтін болады", – деді ол.

Естеріңізге сала кетейік, 4 шілдеден бастап Оңтүстік Кореяға экспортталатын фторланған полиимид , фторлы сутегі мен резистке арнайы жеке өтініш тапсырылуға тиіс. Оның үстіне Жапония билігі Кореяны "ақ тізімнен" шығарып тастап, жартылай өткізгіштер өндірісіне қажетті бірқатар химиялық заттың экспортына тыйым салды. Құжат 28 тамыздан бастап күшіне енгізіледі. Мұның ресми себебі бар. Жапонияның ойынша, Оңтүстік Корея Пхеньянға зымыран жасауда қолданылатын тауарларды сатып келген.

Бұған жауап ретінде Оңтүстік Корея Жапонияны өзінің "ақ тізімінен" қыркүйектен бастап шығаратынын мәлім етті.

Сеул мен Токио арасындағы сауда дауының өршуіне Оңтүстік Кореяның Жапонияға қойған талабы әсер етті. Яғни 1910-1945 жылдары аралығында Жапония отарлығында болған Корей түбегіндегі халықты мәжбүрлі түрде жұмысқа салғаны үшін өтемақы талап еткен. Алайда Күншығыс елі кінәні мойындап, қаражат бөлуден ат тонын ала қашып отыр.

Ресми Токионың айтуынша, Оңтүстік Кореяның бұнысы қисынсыз. Өйткені мәселе 1965 жылғы келісім негізінде шешіліп, үкімет Оңтүстік Кореяға 500 млн доллар көлемінде өтемақы төлеген.

Yonhap news агенттігінің дерегі бойынша, Оңтүстік Кореяның Жапониямен алыс-берісіндегі дефициті 2018 жылы 24,1 млрд долларды құраған. Оның 22,4 млрд доллары өнеркәсіптік материал, құрылғы және қосалқы бөлшектерді сатып алуға кеткен. 

Азия алпауыттары арасындағы дау кімнің пайдасына шешілетіні белгісіз. Бірақ бірқатар сарапшы бұл текетірес Азия экономикасына кері әсерін тигізеді деп топшылап отыр.

Табиғат Нұрболат

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу