Ломбардтар жаппай "қожайынын" ауыстырады

2771

Ұлттық банк елдегі әлеуметтік шиеленісті күшейтіп, азаматтардың билікке сеніміне селкеу түсірушілерді анықтады.

Ломбардтар жаппай "қожайынын" ауыстырады

Қаржылық реттеуші қазақстандықтардың қарыз берушілер шабуылының астында қалғанын айтады. Несие берушілер санының қарқынды өскені сонша, олар өзара қатал бәсекелестік нәтижесінде, клиенттерін алдап, қажеті жоқ борышқа батуға итермелейді. "0%-дық кредит" алғанына сенімді болған адамдар ол үшін еселеп төлеуге тура келетінін тек кейін біледі.

"Қарыз алушының борышының қысқа уақыт ішінде 30 еседен астамға, нақтырақ айтқанда, 50 мың теңге несиенің бір жыл ішінде ғана 1 миллион 500 мың теңгеге дейін өсіп шыға келуі деректері тіркелуде. Тұтынушылық несиелендіру нарығында жүйелі проблемалардың қордалануы – азаматтардың шектен тыс несие алуының артуына, реттелмейтін субъектілердің заемшылар мүдделерін бұзуына, әсіресе, халықтың әлеуметтік осал топтарының жауапсыз қарыз алуына соқтыруда", – деп хабарлады Ұлттық банк.

Оның мәліметінше, реттелмейтін кредиторлардың клиенттерінің арыз-шағымдарының басым көпшілігі заемдар бойынша сыйақы мөлшерлемелерінің шынында шектен тыс жоғары болып шығуымен, несиелендірудің қисынсыз шарттарымен, кредиттің шынайы құны туралы жаңылыс, жалған ақпарат берумен, басқа да асыра сілтеулермен байланысты көрінеді.  

"Реттелмейтін кредиторлар қызметін реттеуге, бақылауға және қадағалауға жауапты уәкілетті органның жоқтығы салдарынан қарыз алушы қазақстандықтар әртүрлі мемлекеттік органдарға жүгініп, сергелдеңге түсуге мәжбүр. Алайда азаматтар өз мүдделеріне мемлекеттік құрылымдардан қорғау таба алмай, жылдам өскен қарыздың астында қалады. Бұл елдегі әлеуметтік шиеленісті күшейтеді және қазақстандықтардың мемлекеттік билік органдарына деген сенімін күйретеді", – деп түсіндіреді қаржылық реттеуші.   

Қазіргі кезде елімізде ресми мәлімет бойынша 1300-дей ломбард, 600-ден аса кредиттік серіктестік, 40 онлайн-несие беруші ұйым бар.

Оның ішінде ломбардтар ғана "Сауда қызметін реттеу туралы" заң аясында азды-кем реттеледі. Алайда бұл заң бойынша ұлттық экономика министрлігі уәкілетті орган болып табылады. Ол ішкі істер министрлігімен бірлесе отырып, ломбардтардың сауда қызметін жүзеге асыруға қатысты талаптарды бекітеді.

Ал қалғандарын ешбір орган тікелей реттемейтін көрінеді.

Сондықтан үкімет пен Ұлттық банк ақылдаса келе, еліміздің бас экономисін осы құзыретінен айыруға шешім қабылдапты.

"Ұсынылып отырған реттеу түрін енгізуге байланысты ұлттық экономика министрлігінің ломбардтарға қатысты функцияларын жою және оларды қаржылық нарық және қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау бойынша мемлекеттік органға беру көзделеді", – делінген қаржылық реттеуші жариялаған "Кәсіпкерлік субъектілердің қызметін қарыз беретін микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдарды (онлайн кредиторлар, кредиттік серіктестіктер, ломбардтар) реттеу бөлігінде реттеуді қатаңдатуды енгізу бойынша реттеушілік әсерді талдау" атты құжатта.

Бұдан бөлек мемлекет онлайн-қарыз беруші ұйымдар, ломбардтар, кредиттік серіктестіктердің табатын пайдасын шектеуге ұйғарды.

Нақтырақ айтсақ, бұған дейін кредиттеу нарығының реттелмейтін ойыншылары үшін сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесі (СЖТМ) бойынша 100% деңгейінде шектеу белгіленіп келген екен. Бірақ Ұлттық банктің дерегінше, бұл талапты бақылаусыз кредиттік ұйымдардың көбі сақтамайды. Себебі оларды реттеу жоқ.

Енді оларды қаржылық нарық және қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау бойынша мемлекеттік органға беру қарастырылуда.

Осы мақсатта "Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу мен дамыту және микроқаржылық қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы әзірленген.

Алда Қазақстанда микрокредиттеу бойынша сыйақы мөлшерлемелерін реттеу енгізілген жағдайда аталған қарыз беруші ұйымдардың СЖТМ-і 56%-бен шектеледі. Сәйкесінше қарыздардың өсу қарқыны айына 4%-дан аспайтын болады.   

Айта кету керек, әзірге "СЖТМ 56%" талабы тек банктік қарыздарға қатысты ғана қолданылады. 

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу