Майра Рақымбекова: Шетел туристерінің көңілінен шыға білу керек

Анна Выприцких Анна Выприцких
3671

Экскурсия жүргізуші үнемі көтеріңкі көңіл-күйде болып, қонақтың тамырын тап басуы тиіс.

Майра Рақымбекова: Шетел туристерінің көңілінен шыға білу керек

"Ескі гвардияның" өкілі, Қазақстандағы ең тәжірибелі экскурсия жүргізуші гид Майра Рақымбекова туристік индустрия бірінші кезекте гидтен басталатынын айтады.

- Майра Жұмағалиқызы, сіз өткен ғасырдың сонау 80-ші  жылдарының ортасында Алматы облысы бойынша экскурсия жүргізуді бастадыңыз, бүгінде осы істің ұршығын иіріп отырсыз.  Өздігіңізбен жаңа бағыттарды ашып, студенттерді осы кәсіптің қыр-сырымен таныстырып жүрсіз. Тәуелсіздік жылдарынан бері білім беру стандарты қаншалықты өзгерді?

- Мен бастаған кезде басты назар тәжірибеге аударылатын. Кеңес Одағының аумағы қабілетіңді түрлі жағдайда сынауға мүмкіндік берді. Біз бір ай Алматыда жұмыс істеп, екінші айда Владивостокқа кетіп, үшіншісінде Кавказдың бір жерінде  жұмыс істеуіміз мүмкін еді. Осылайша дүниетанымымыз кеңейіп, дене дайындығымыз шынығатын. Ал экскурсия жүргізетін гид үшін бұл маңызды, біз туристік бағыт бойынша жаяу жүруден шаршамауымыз керек. Бүгінде мұндай тәжірибені студенттерге жүктей алмайсың. Екінші мәселе – интеллектуалдық дайындық. Менің еңбек жолым басталар кезде біз барлық ақпаратты кітаптан, мұрағат, ғылыми мақалалардан және археологтар және тарихшылармен жеке кездесулерден тірнектеп жүріп жинайтынбыз. Ал қазір ғаламтор желісінің арқасында ақпарат алу әлдеқайда жеңіл, алайда ол ақпарат шындық па, жоқ па, оған кепілдік берілмейді. Сондықтан мен студенттерге барынша көп кітап оқуға кеңес беремін.

- Ал шет тілі ше?

- Бұл – өте маңызды, себебі Қазақстанға келетін шетелдіктердің саны жыл санап көбейіп келеді.  Бірақ соңғы кезде бізде мынадай қате пікір туып отыр: көптеген жас гид тіл білсе болды, осы іспен айналысуға жол ашық деп ойлайды. Бірде менен Қытайдан келетін саяхатшыларды қабылдау үшін гид  дайындауға көмек көрсетуімді сұраған болатын. Сонда бір жас жігіт маған  қытай тілін жетік білетінін  және туристік топтарды жүргізгісі келетінін айтты. Тіпті өзі маршрут дайындағанын жеткізді. Қандай маршрут деп сұрағанымда  ол бұрыннан белгілі Алматы маңындағы жолдарды атады. Мұндай өнім туристерге қызық болады деп ойламаймын. Сол себепті  экскурсия жүргізетін гид білімді болуы керек. Тілдік дайындық, теория және міндетті түрде тәжірибе болуы тиіс. Болашақ гид туристерге көрсететін маршрутты өзі жүріп өтіп, жерді жақсылап зерттеп шығуы керек. Оқыту үдерісінде психологиялық даярлық та үлкен маңызға ие. Гидтің міндеті – елімізге келген қонақтың ойында біздің жер туралы тек жақсы пікірдің қалыптастыру. Сондықтан шетел туристерінің тамырын тап баса білу керек.

- Бұл асыра сілтеушілік емес пе?

- Шетелдік саяхатшы бізге демалуға келеді. Олардың кей әдеті бізге жат болып көрінуі мүмкін. Бірақ біз ақыл айтып, олардың демалысын бұзуға құқылымыз ба? Сондықтан мен үнемі студенттерге айтатыным: қонақтың көңілін таба біліңдер! Күлімдеп сөйлесе біліңдер, дүкендегі дөрекі сатушыға да, жаман жолдарға да, көлік бойынша туатын қиындықтарға да өздеріңіз жауап берулеріңіз керек екенін ұмытпаңыз. Саяхатшы наразылығын ең бірінші гидке айтады. Осы наразылыққа дұрыс жауап беру үшін алдын-ала дайындалуы керек.

- Оның орнына не табамыз?

- Қазір экскурсия жүргізуші мамандығы үлкен сұранысқа ие. Оларға жақсы ақша төленеді. Екінші мәселе, бізде көптеген гидтердің есімі көпшілікке беймәлім.  Елімізде экскурсия жүргізетін гидтердің бірнеше тізілімі бар. Қазақстан туристік қауымдастығының, астаналық туризм қауымдастығының тізілімі бар... Бірақ Қазақстанның барлық гидтері бойынша мәлімет жинақталған бірыңғай тізілім жоқ.

- Шетелдіктердің кейбір әдеті біз үшін жат болып көрінуі мүмкін дедіңіз. Нақты қандай әдет туралы айтып отырсыз?

- Бұл мәселеге баса назар аударғым келіп отырған жоқ... Мысалға, Үндістан, Қытайдың кейбір өкілдерінің көшеде жүру әдебі бізден біршама ерекшеленеді. Олар халықтың көзінше сіңбіріп, түкіріп жіберуі мүмкін... Біздің қолымыздан келетіні мұндай әрекетке жол берілмейтінін, тіпті осыған байланысты әкімшілік кодекстің белгілі бір нормалары бар екенін түсіндіру. Бірақ баса айтқым келетіні – бұл жаппай белең алатын құбылыс емес.

- Бізге осындай мәдениетсіз шетелдік туристер керек пе?

- Биыл біз Қытайдан үлкен делегацияны қарсы алдық. Олар күн ұзаққа базарда жүріп кәде-сый, кәмпит сатып алып жүрді. Мұның барлығы – біздің кәсіпкерлеріміздің табысы. Ол жаман ба? Осы үшін қанымызға сіңген қонақжайлығымызды көрсету керек емес пе?

- Әр ұлтқа қатысты қалыптасқан белгілі бір таптаурын көзқарас бар. Сіздің ойыңызша олар қаншалықты шындыққа жанасады?

-  Әрине, италиялықтардың сөзуарлығы, Азия халықтарының сауда жасауға құмарлығы туралы түсінік бос сөзден шыққан жоқ. Бірақ асырасілтеушілік бар.  Биыл мен италиялықтар, португалдар, эстондықтар, жапондар, ресейліктер және қытайлықтармен жұмыс істедім. Әрқайсысы әртүрлі. Егер италиялықтарды табиғи және этникалық нысандар қызықтырса, эстондықтар бірде-бір тұрғыны орыс тілінде сөйлемейтін Бозшы ауылын көріп таң тамаша болды. Оларға ежелгі қазақ мәдениетіне қатысы бар дүниенің бәрі қызық болды. Мысалға, жайлы үйі болса да, түні бойы киіз үйде отырып әңгіме дүкен құратынымыз таң қалдырды. Ал италиялықтар Жаркенттегі базарды көріп мәз-мейрам болды. Тандырда таба нан, самса пісіргендерді ұзақ уақыт бақылады.  Әр әрекетті суретке, бейнекамераға түсірді. Олар  Жаркентке нанның қалай әзірленетінін суретке түсіріп, дәмін көру үшін ғана келген сияқты. Бір жағынан бұл қызық, екінші жағынан нақты бір туристік топ үшін арнайы осындай маршрут құруға көмектеседі. Түптейтін болсақ, біздегі көшпелі туризм енді ғана аяққа тұрып келеді. Біз іс барысында шетелдіктермен жұмыс істеуге үйреніп келеміз. Мені туристік фирмалардың біздің ескертулерімізге құлақ асып жатқаны қатты қуантады.

- Көшпелі туризмнің қандай бағыттарының болашағы бар және қай елдің саяхатшылары үшін тартымды?

- Мен барлық туристерді қуана қарсы аламын.  Әрине  мен үшін посткеңестік елдердің өкілдерімен жұмыс істеу әлдеқайда жеңіл, себебі тілдік тосқауыл жоқ әрі ұлттық болмысымыз ұқсас. Бірақ қиыр шетелдің қонақтарын да қуана қарсы аламыз. Болашағы бар деген бағыттарға келер болсақ, олар өте көп, кейбірін туристердің өздері айтып отырады. Мысалға, биыл мен  Жапония  азаматтарына арнап алғаш рет мемориалды тур өткіздім. Өткен ғасырдың орта шенінде көптеген Жапон азаматы біздің елге жер аударылды. Ал биыл солардың ұрпағы бір топ болып ата-бабасы салған жерлерге тәу ету үшін келді. Бұл өте әсерлі оқиға болды – салт-жоралғылар өткізілді, белгілі бір жердің тарихы туралы жан-жақты сұрастырды, ата-бабалары  сипаттаған үйлерді іздеді. Жалпы, айтайын дегенім, біз үнемі жаңа туристік бағыттарды іздестіруіміз керек. Қазақстанның туристік маусымы ауарайы жағдайына байланысты аз ғана уақытқа созылатыны көпшілікке белгілі. Бірақ ерекше шешімдер арқылы оны ұзартуға болады. Қарапайым мысал: Алакөлдегі туристік базалардың барлығы дерлік жұмысын маусым айында бастайды. Бірақ "Пеликан" демалыс үйі мамыр айында "Алакөл қанаты" фестивалін өткізе бастады, оған жан-жақтан құстарды зерттейтін ғалымдар – орнитологтар жиналды. Бұл кісілер күні бойы әлдебір құсты суретке түсіру үшін көл жағасын аралап жүрді. Ал кешкісін демалыс орнының қонақтары мен ғалымдар жиналып, өз суреттерін көрсетіп, құстар туралы әңгіме өрбітті. Бұл қарапайым демалушы үшін де өте қызықты. Ал туризмнің мұндай түрін Алакөлден басқа да өңірлерде дамытуға болады. Шарын шатқалы, Үлкен Алматы көлі, Бартоғай су қоймасы және басқалары. Бұл жерге Германия, Жапония, Скандинавия елдерінің өкілдері келеді. Туристердің назарын тартатын басқа да болашағы бар бағыттар жеткілікті, бар болғаны келген шетелдіктердің қызығушылығы неге ауатынына назар аудару керек.

Анна Выприцких

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу